Ертең ауыл оқушысы мектепке бара ала ма?
“Сандж” зерттеу орталығы мен тәуелсіз сарапшылардың ауылдық және шағын мектептерде жүргізген зерттеулері дәлелдеп бергендей, мемлекет үшін, тиісінше салық төлеушілерге қалаға қарағанда ауыл мектептерінде білім беру 3,5 есе қымбатқа түседі. “Сорос-Қазақстан” қорының қолдауымен қолға алынған зерттеу “Сапалы білімнің қол жетімділігі: Қазақстан Республикасы ауылдық мектептеріндегі балалардың мүмкіндіктері мен шектеулер” жобасы шеңберінде жүзеге асты.
“Алайда ауылдық мектептерді сақтап қалу қажет. Бұл қала мектептерін жабу қажет дегенді білдірмейді. Елдегі барлық оқушылардың, соның ішінде шалғай, халық аз шоғырланған аудандардағы балалардың білім алуына мүмкіндік туғызуы тиіс”, дейді “Сорос-Қазақстан” қорының “Бюджеттің ашықтығы және есеп беру” бағдарламасы менеджері Жәнібек Хасан. “Мәселе бөлініп отырған қаржының ауылдық жерлерде қаншалықты орнықты жұмсалып жатқанында. Қазақстанда бәсекеге қабілетті орта білім жүйесін қалыптастыруға барар жолда салалық бюджет мақсатқа сай қалыптасып, жұмсалуы тиіс және ата-аналар, оқушылар мен халық үшін ашық жүргізілуі тиіс”.
Алматыдағы баспасөз мәслихатында Сорос-Қазақстан қоры ұсынған есепте тағы бір цифр көрсетілген – 11 млрд теңгені немесе орта білім беру бюджетінің 4 пайызын ауылдық мектеп мұғалімдері жұмыс қажеттіліктері үшін өз қалталарынан төлейді. Мектептегі оқу процесі сапалы болуы үшін олар жетпеген қаржының орнын өз есебінен толықтыруға мәжбүр. Мұғалім саны аз шағын мектеп педагогтарының шығыны өте жоғары. Ал, ауылдық ірі мектептердегі оқытушылар шығыны 6.3 млрд теңгені құрайды. “Бұл ауылдық мектептердің бюджеті нақтыланбағандықтан және барлық қажетті шығындардың есептелмеуінен болып отырған жағдай”, дейді Жәнібек Хасан. “Ауылдық жерлердегі әсіресе, шағын мектептер бюджеттің халық үшін жабықтығы мен оны қалыптастыру механизмдерінің бұлыңғырлығы салдарынан жүйелі түрде қиындық көріп келеді”. “Мектеп бюджетінің қандай негізде есептелініп, бөлінетінін бірде-бір директор түсіндіріп бере алмады. Ауылдық мектептердің бюджеттері нақтыланбаған және барлық қажеттіліктерді ескермейді. Егер ауылдық мектептер бюджетін бөлу ашық жүргізілсе және орналасқан жерінде, оқушылар мен ата-аналардың қатысуымен жергілікті деңгейде қалыптастырылса көптеген проблема шешімін тапқан болар еді”. Білім беру жүйесінің жеткіліксіз ашықтығы бюджет дефицитін туғызады, - деп атап өтті Жәнібек Хасан.
“Ауылдағы жас мамандардың қалаға ағылып, ал жергілікті педагог кадрлар құрамының қартаюы да жағдайды қиындатып отыр”, - дейді “Сандж” зерттеу орталығының жетекшісі Жанар Жандосова. Сұралған ауыл мұғалімдерінің 42 пайызының еңбек өтілі 20-30 жыл, тек 17 пайызының ғана мектепте істегеніне 10 жыл толмаған. Зерттеу барысында ауыл мұғалімдерінің орта есеппен 30 мың теңге алатыны, алайда мұғалім еңбегінің басым бөлігі үшін ақы төленбейтіні анықталды. Өйткені, қызмет құзырына кірмейтін жұмыстарға ақы төленбейді. Ауылдағы мерекелерге дайындық және өткізу, микроучаскелер бойынша үй-үйді аралап шығу, халық санағы және тіпті мал санағы да оқытушылардың мойнында. Жалпы алғанда, жылына ауылдағы әрбір мұғалімге тиесілі 62 мың 500 теңге төленбей қалады екен!
Сарапшымыз анықтағандай, су құбырының жарылуы, бітелген құбырларды тазарту, крандарды, сынған қол жуғыш пен бұзылған құлыптарды ауыстыру сынды шаруашылық жұмыстарының шығындары да осы сомаға кіреді. “Бюджет бұндай қажеттіліктер үшін болмашы ғана қаржы бөледі, ал мектеп дегеніміз – күнделікті күйбең тірлігі, тездетіп шешуді қажет ететін проблемалары бар тірі организм. Алайда, орталықтан қаржыландыру оған икемсіз. Бұны сауалнамаға қатысқан мектеп директорларының бәрі де растады”, - дейді Ж. Жандосова.
Қазақстандағы кішігірім мектептердің басым бөлігі қажетті инфрақұрылымнан жұрдай, нашар жылытылатын, спортпен айналысуға жағдай туғызылмаған ғимараттарда орналасқан. Қосалқы ғимараттары барак түріндегі, көбіне еңбек лагерлері мен студенттердің жиһазы, кабинеті жетіспейтін демалыс лагерлерінде орын тепкен.
Шағын мектептердің үштен бірінен астамы апатты жағдайда тұр. Ал, 82 пайызы кешіктірмей күрделі жөндеуді талап етеді. Шағын мектептердің респондент-директорлары мен ата-аналардың 80 пайызы қыста оқу ғимараттарынның суық болатынын айтты. Респонденттердің 87 пайызы ауылдық және шағын мектептерді жылыту проблемасын отын сапасының төмендігімен байланыстырады. Отын тендерлік негізде сатып алынады, ал бұл - сапасы ең төмен отын алынады деген сөз. Алайда, жылу беру деңгейін есептеп жатқан ешкім жоқ.
Зерттеу нәтижелері ҚР Білім және ғылым министрлігі мен жергілікті білім басқармаларына жіберіледі.