Сарапшылар

Диана Окремова: «БАҚ-тың мемлекеттік тапсырыссыз жұмыс істегенін қалар едік»

Жарияланған күні: дуйсенбі, 28 наурыз 2016 ж.

2012 жылы Солтүстік Қазақстан «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ-ы Сорос-Қазақстан Қорының қолдауымен БАҚ-тың мемлекеттік тапсырыс алушыларының базасын әзірледі. Қазіргі уақытта бұл еліміздің  ақпараттық саясатын жүргізу үшін бөлінген қаражаттар туралы мәліметті табуға болатын бірден-бір ресурс болып табылады. Жүйе медиа-нарықты дамытуға ықпал етеді ме, іске асырылатын жобаларға мониторинг және бағалау қалай жүргізіледі, бюджеттік ақша қаншалықты тиімді жұмсалуда? Бұл және өзге де сауалдарға жауаптарды «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ-ның директоры Диана Окремовамен болған сұхбаттан таба аласыздар.

Әйнел Қайназарова (Ә.Қ.): Диана, БАҚ-тың мемлекеттік тапсырысы базасын құру туралы ой қалай және қашан келгендігін айтып бересіз бе?

Диана Окремова (Д.О.): БАҚ-тың мемлекеттік тапсырыс бойынша базасын құру ойы мен жергілікті газетте редактор қызметін атқарып жүргенде келді. Бір айта кететіні, біздің газет мемлекеттік тапсырыс алмайтын және әлі де алмайды. Мен қазіргі жағдайда дербес әрекет етуге мәжбүр, жарнама іздеп, сапалы мазмұн дайындау үшін барын салатын басылымдардың барлық мәселелерімен іште жүріп таныс болдым. Сондықтан ҮЕҰ секторына ауысқанда, осы мәселені көтеріп, оны шешу жолдарын іздедім. Менің бұл бастамамды көптеген донорлық ұйымдар қолдаудан бас тартты. Өкінішке орай, бюджеттік ақшаға қатысты мәселенің көбі көптеген ұйымдарға табу тақырып екендігі жасырын емес.

Біздің Сорос-Қазақстан Қорымен жасаған ең алғашқы жобамыз газетке күштеп жазылымға қарсы бағытталған еді. Күштеп жазылым мемлекеттік басылымдардан бастау алады. Яғни, ең алдымен біз мемлекетке салық төлейміз, сосын мемлекеттік газетке күштетіліп жазыламыз. Нәтижесінде екіесе салық төлейміз. Жоба аясында осы мәселені көпшілікке жария етпек болдық. Әдетте, адамдар жұмыс орындарынан айырылып қаламыз, сөгіс естиміз деп бұл туралы айта бермейді.  Жоба шеңберінде біз нақты нәтижелерге қол жеткіздік, адамдар бұл туралы ашық айта бастады, күштеп жазылымдардан бас тарта бастады.

Одан кейін Сорос-Қазақстан Қорының қолдауымен БАҚ-тың мемлекеттік тапсырыс алушыларының базасын құру бойынша жоба аясында жұмыс жасай бастадық. Бұл өте қиын әрі ұзақ процесс болды. БАҚ-тың қаржыландыруы бойынша мәлімет жабық болғандықтан, қандай да бір ақпаратты табу оңай болмады. 

Қысқаша ақпарат: Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша шамамен 2700 БАҚ жұмыс істейді, оның 90%-н газеттер (1619) мен журналдар (808), 9,5 %-н электронды БАҚ (63 телекомпания, 42 радиокомпании, 146 кабельдік телеарна операторлары және 6 – спутниктік хабар тарату) және 0,5 %-н ақпараттық агенттіктер (11) құрайды (Википедия). 95% БАҚ мемлекеттік тапсырыс арқасында жұмыс істеуде.

Ә.Қ.: Әңгімемізді база жайлы өрбітсек. Аталмыш базаны қандай жиілікте жаңартып отырасыздар, онда қандай мәліметтер табуға болады?

Д.О.:  База (http://lmc.kz/baza.html) 2012 жылдан бері жұмыс істейді, бірақ БАҚ-тың мемлекеттік тапсырысы туралы ақпаратты 2008 жылдан бастап таба аласыздар. 2013 жылдан бастап базадағы ақпарат мейлінше толық - мұнда мемлекеттік саясатты жүргізуге бөлінген барлық қаражат көрсетілген. База жылына бір рет жаңартылып отырады және мұнда Қазақстан бойынша барлық ақпаратты табуға болады: лоттар туралы ақпарат, БАҚ, олардың түрлері бойынша бөлінуі және т.б. Қазақстанда қаржыландыру екі жолмен жүзеге асады: 90%-ы тікелей мемлекеттік қаржыландыру (мемлекеттің тапсырмасы бойынша), қалған 10%-ы бейінді министрліктер мен әкімшіліктердің жариялаған байқаулары мен тендерлері. Ақпараттық саясатты жүргізу үшін мемлекеттік қазынадан жыл сайын 42 млрд. теңгеден астам сома бөлінеді. Қаржыландырудың ең шарықтаған тұсы 2015 жылы болған; 2016 жылға, дағдарысқа қарамастан, қаржыландыру  азайған жоқ. Егер тендерлер мен байқаулар туралы ақпаратты ашық көздерден табу оңай болса, мемлекеттік тапсырма бойынша бөлінген қаражат туралы ақпаратты табу өте қиын, тіпті, жоқтың қасы десек те болады. Бірақ заң бойынша  мемлекеттік тапсырыс алушылардың бәрі тиісті ақпаратты өздерінің сайтында жариялауы тиіс.

Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге бөлінген қаражат туралы мәліметті әр түрлі жолдармен табуға тура келеді: интернет арқылы, БАҚ-тан, әкімшіліктер мен министрліктерге хаттар жазу арқылы.  Мәселен, Қаржы министрлігі жуырда ғана бізге жылдар мен бөлінген сомалардан тұратын толыққанды ақпарат берді.

Ә.Қ.: БАҚ-тың мониторингісін  және  базасын дайындау процесінде қандай проблемалар мен сәйкессіздіктер табылды? Сіздің пікіріңізше, жалпы осы жүйені қалайша өзгертуге болады?

Д.О.: Бізге жүйе медиа-нарықты дамытуға ықпал етеді ме, іске асырылатын жобаларға мониторинг және бағалау қалай жүргізіледі, бюджеттік ақша қаншалықты тиімді жұмсалуда деген сынды сауалдарға жауап табу маңызды болды. Өкінішке орай, жауаптар бізді қанағаттандырмады.

Әдетте, мемлекеттік тапсырыс медианарықты дамытуға бағытталады деп жатады, алайда, шын мәнісінде, барлығы керісінше. Кейбір БАҚ мемлекеттік тапсырманы алып, ал кейбіреулері алмай жатса, бұл – қалыпты жұмыс жасау қалыбы өзгерген, бәсекелестік жағдайында тұрақты дами алмайтын сапасыз нарықтың орнауына алып келеді. Мемлекеттік тапсырыстағы БАҚ-тар кепілдендірілген жазылымға (көбіне, күштеп жазылымға) ие, сондай-ақ, жарнама бағасын төмендету мүмкіндіктері бар. Әрине, тәуелсіз басылымдарда мұндай мүмкіндіктер жоқ. Сондықтан мұндай жағдайда медиа-нарықтың дамуы туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз.

Сонымен қатар, қаражаттың бөлінуі бойынша да мәселелер бар. Барлық процедуралар мемлекеттік сатып алу заңы аясында жүзеге асады және кәдімгі заттар секілді сатылымға түседі. Яғни, белгілі бір мемлекеттік тапсырысты беруде ең төменгі бағаға қарайды. Бірақ, журналистік еңбекті қияр секілді сатуға болмайды. Бұл мәселені басқаша шешу керек, сапалы материалдарға ден қою қажет.

Жалпы, біз қаражатты белгілі бір басылымға емес, салаға салуға,  типографиялық шығыстар мен казпошта қызметтерінің бағасын төмендетуге, бөлінген қаражат туралы ашық ақпарат беруге, мемлекеттік тапсырыс аясында шыққан материалдарды нақты белгімен белгілеуге ұсыныс жасаймыз. Бұл негізінен журналистердің өздерін тәртіпке шақыруға қажет. Осылайша журналистер басылымның бетін сапасыз ақпаратпен толтыруға асықпайтын болады.

Ә.Қ.:  Диана, сіз БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырысқа осымен бесінші жыл мониторинг жасап келесіз. Осы бағытта айтарлық өзгерістер бар ма?  

Д.О.: Алғашқыда министрлік тарапынан салқындық байқалса, қазіргі уақытта жағдай біршама өзгерді. Олар біз ұйымдастырған іс-шараларға келетін болды, кейде өздері кездесуге шақырып, біздің пікірімізді сұрайды. Алайда, әлі күнге дейін бюджеттік ақпаратты жариялаудың ортақ стандарттары жоқ. Бөлінген қаражат туралы ақпаратты мемлекеттік мекемелердің көбісі жарияламайды, ақпаратты мемлекеттік сатып алу сайтынан қараңыздар дейді. Бірақ ол жақта да қажетті ақпаратты табу өте қиын. 

Сондай-ақ, лоттарды құру мәселесі де шешімін таппай отыр. Қазіргі уақытта лоттар бейінді министрлік, президент жанындағы әкімшілік және қаржы министрлігімен бірлестікте дайындалады. Біздер аталмыш лоттардың қандай негізде пайда болатынын сұрағанда, «жарнаманың орташа құны негізінде»  деген жауап аламыз. Ал бұл дегеніміз қомақты қаражат!  Біздің есебіміз бойынша бұл қаражатқа 17 телеарнаның тәулік бойғы көрсетілімін қамтамасыз етуге болады!

Ә.Қ.: Ал жалпы бұл жүйе қалай жұмыс істеуі керек? Өз көзқарасыңызбен бөліссеңіз.

Д.О.: Менің пікірімді сұрасаңыз, мен мемлекеттік таспырыс мүлде болмауы керек дер едім. Мемлекеттік тапсырыс қажет емес! Газеттер өз құнын өзі өтеу керек, ал сала бизнес заңымен дамуы тиіс. Дотация бәсекелестік ортаны құртады, БАҚ нарқына нұқсан келтіреді, жемқорлыққа жол береді.

Мен, әрине, мемлекеттік тапсырыс заңдар мен заңнамалық актілерді, ҚР Заңдарына енген өзгерісті, сондай-ақ, басқа да саяси шараларды жариялау үшін қажет екендігіне келісемін. Бірақ, бұл үшін республикалық ауқымдағы бір-екі газетті қолдаса да жеткілікті. Ал өзге БАҚ нарық шарттары бойынша жұмыс жасауы тиіс, яғни, жарнама беруші үшін күресуі керек. Себебі бәсекелестік ортада ғана қызықты болуға және дамуға талпыныс болады.

Ә.Қ.: Бүгінде біздің Қормен бірлестікте тағы қандай жобалар аясында жұмыс жасап жатырсыздар?

Д.О.:  Қазіргі уақытта біз бюджеттік ақпаратқа қолжетімділікті жақсарту және қоғамның бұл деректерге қызығушылығын ұлғайтуға бағытталған жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Неге екенін білмеймін, бірақ Қазақстан салықтөлеушілері негізінен ақшаларының мемлекетпен қайда жұмсалып жатқандығына немқұрайлы қарайды. Біз бұл жоба блогерлерді, азаматтық журналистерді мемлекеттік сатып алу мен бюджеттік шығындар саласын көбірек зерттеуге ынталандырады деп сенеміз.  

Ә.Қ.:  Диана, сізге көп рахмет! Алдағы уақытта тек сәттілік тілейміз.