Жаңалықтар

Алматыда әйел құқықтары, сөз бостандығы және пацифизм туралы қойылымдар өтеді

Жарияланған күні: сәренбі, 31 қаңтар 2018 ж.

Алматыда «Трансформа» кеңістігінде Қазақстанда өзекті театрды дамыту бағдарламасы аясында дайындалған үш қойылымның премьерасы өтеді. Бағдарлама Британдық Кеңес пен Сорос-Қазақстан қорының бастамасымен және қолдауымен жүзеге асуда.

2017 жылдың сәуір айында Британдық кеңес театрға қатысы бар 20 алматылық үшін шеберлік сыныбын ұйымдастырған болатын. Шараның педагогы болған Ян Вильем Ван дер Бош (театр режиссеры) Ұлыбританияның заманауи театрларының кезеңдері туралы баяндады. Аталмыш шеберлік сыныбы Қазақстанда өзекті театрды дамытуға бағытталған екіжылдық бағдарламаны бастауға себепші болды. Жақында бағдарламаның алғашқы кезеңі ретінде өзекті әлеуметтік тақырыптарға арналған үш қойылымның тұсаукесері өтеді. Қойылымдар британдық менторлармен бірлестікте дайындалып, Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен қойылады.

 «2017 жылы Сорос-Қазақстан қоры театрға қатысы бар бірқатар жобаларды қолдады. Олардың ішінде Көршілер театры (Театр соседей), Инклюзивтік театр зертханасы және елімізде өзекті театрды дамытуға арналған осы бастама бар. Бізге театр өзінің көркемдік әсері, форматтар түрлілігімен ғана емес, сонымен қатар, өзінің ауқымды мазмұндылығымен де қызық. Өзекті Қазақстандық театр (қоғамның өзекті мәселелеріне қойылым қоятын театр) сахнадағы көрініс пен шынайы өмірдегі жағдай арасында параллель жүргізіп, сол арқылы көрерменге жағдайға басқа көзбен, басқа ракурстан қарауға мүмкіндік береді, басты кейіпкерді түсінуге, өзін соның орнына қойып көруге шақырады. Сахнада қойылатын үш қойылым да үлкен зерттеу жұмыстары негізінде пайда болды. Қойылымдарды дайындау барысында шынайы өмірде аталмыш тақырыптар аясында мәселелерге тап болған адамдармен, қоғамдық ұйым өкілдерімен талқылаулар өткізілді. Нәтижесінде, отандық ақпарат айдынында көптен бері талқыланып жүрген үш өзекті тақырып таңдалып алынды», - дейдіСәуле Мамаева, Сорос-Қазақстан қоры «Жаңа азаматтық бастамалар» бағдарламасының үйлестірушісі.

 «Қазақстан делегациясы Эдинбургте өтетін театр фестиваліне осымен екі рет қатысты. Біз делегаттармен британ театрының соңғы 10-15 жылда дамуы туралы бір емес бірнеше рет талқылау өткізген болатынбыз. Қаржыландыру көлемі қысқарып, театрлар өз беттерімен күн көруге мәжбүр болды. Осы ретте, олар жаңа театр формалары мен жаңа мүмкіндіктерді іздей бастады. Проблема дамуға серпіліс берді. Процесс ұзақ және күрделі болғанымен, олар ойлап тапқан формалар әлі күнге дейін белді Ұлыбритания театрларымен және бүкіл әлемде қолдануда. Бұл тәжірибе отандық театр үшін де қызықты. Біз де қазір бәрін жаңадан бастаудамыз», - дейді Галина Корецкая, Британ кеңесінің мәдениет және өнер саласындағы жобалардың басшысы.

 «Трансформа» — кеңістікті қажет ететін, тек дайын жобаларды қабылдайтын сахналық алаң ғана емес. Өзінің миссиясын Қазақстанның шығармашылық картасында жаңа есімдер  мен жобаларды құру және дамыту, жас ұжымдарды қолдау, халықаралық жобаларға атсалысу және жаңа әдістерді қалыптастыру түрінде көретін мәдени және продюссерлік орталық.

Антуан Дукравец, «Трансформа» кеңістігінің көркемдік жетекшісі: Трансформа кеңістігіндегі алғашқы жұмыс күнінен бастап, бізге креативтік орталық ретінде жеке қойылымдарымызды қоюдың қаншалықты маңызды екендігін айтып келеміз.  Осы арқылы өнерге деген қарым-қатынасымызды және сахнамызда көргіміз келетін қойылымдар туралы ақпарат бергіміз келеді. Осы ретте, жаңа есімдерді ашу, жаңа тәжірибелерді ендіру мәселелері бойынша бірқатар жетістіктерге жете білсек, тақырыптардағы «өзектілік» мәселесі әлі күнге дейін нақты ашылмай келді. 2017 жылдың көктемінде бастауын алған шеберлік сыныптары бағдарламаға ұласып, Сорос-Қазақстан қоры тарапынан қолдауға ие болды.  Бүгінде осы қарым-қатынас негізінде бізді, қоғамды толғандыратын мәселелерге арналған үш қойылымның пайда болғандығы мені қуантпай қоймайды.  Өз басым, форматы бойынша әртүрлі осы үш жобаға үлкен үміт артып отырмын. Осы арқылы театр қызметкерлеріне «мәңгілік тақырыптан» «осы жердегі және дәл кәзіргі» мәселелерді арқау ететін тақырыптарға назар аудару дәстүрін қалыптастырамыз деп сенемін.

 Алғашқы премьера «Трансформа» сахнасында 19 қаңтарда «Қыз қуу» атты спектакльмен басталады. Қойылым алып қашып кеткен қыздың өмірі туралы баяндайды. Пластикалық драма  осындай жағдайды басынан кешкен қыз-келіншектердің шынайы мысалдары негізінде дайындалды. Қойылым продюссерлері – Марина Константинова және Айгүл Сұлтанбекова.

Бағдарлама аясындағы келесі қойылым «30 жыл бұрын менің ата-анам да 30-да болатын» атты вербатим болады. Бұл - 1988-1990 жж аралығындағы «Огонек» журналындағы және ғаламтордағы басылымдар мен әртістердің ата-анасымен жасалған сұхбаттар негізінде дайындалған көркемдік зерттеу. Қойылым авторлары адамдардың сөз, ой, дін, болмыс еркіндігіне құқықтары туралы айтады. Қойылым идеясының авторы – Анастасия Тарасова, режиссері – Катя Дзвоник. Қойылым премьерасы 30 қаңтарда өтеді.   

Бағдарлама 23 және 24 ақпанда DramCom театр бірлестігі және режиссер Виктор Немченконың «Лисистрата» қойылымымен тәмамдалады. Қойылым көне грек комедиографы Аристофан Леонид Филатовтың аттас қойылымының поэтикалық түсіндірме сарыны түрінде дайындалып, феминизм, пацифизм, ЛГБТ және адам құқықтары тақырыптарын көтереді.

2018 жылдың көктеміне жоспарланған елімізде өзекті театрды дамытуға бағытталған бағдарламаның екінші кезеңінде отандық театр өкілдеріне арналған жаңа шеберлік сыныптары болады.