26/07/2019
Сорос-Қазақстан қорының Ақпараттық бағдарламасы жеке тұлғалардан жол жүру грантына сұраным қабылдайды
22/07/2019
Экономикалық құқықтарды жылжытуға бағытталған жобалар мен зерттеулер байқауы
30/07/2019

«OK, Google, цифрлық құқық дегеніміз не?» тренингіне байқау

Сорос-Қазақстан қорының Ақпараттық бағдарламасы Human Constanta белорус құқыққорғау ұйымымен серіктесе отырып, «OK, Google, цифрлық құқық дегеніміз не?» атты бір күндік тренинг ұйымдастырады. Аталмыш шараға қатысуға өтінім қабылдау басталды. Тренинг 2019 жылдың 15 қыркүйегінде Алматыда өтеді. Өтінім 2019 жылдың 22 тамызына (қоса алғанда) дейін қабылданады.

Бұл не үшін қажет?

Біз қаласақ та, қаламасақ та, сандық дәуірде өмір сүрудеміз. Смарт телефондар мен түрлі қосымшалардың күнделікті күйбең тіршілігімізге дендеп енгені соншалық, қай жерде, не істеп жүргенімізді қадағалап отыр. Әлеуметтік желілердегі әр лүпіліміз маркетингтік бағдарламалардың мазмұнын талдап беруде. Адамзаттың мінез-құлық, икем-дағдысын адами жаратылыстан гөрі ақылды құрылғылар жақсы танып-білетін жағдайға жеттік. Бүгінгі қоғам онлайн өмір сүруде, онда жұмыс істеп, дос тауып, жоғын түгендеп отырғаны да жасырын емес.

Алайда ғаламторда өмір сүрудің өз талабы мен тәртібі бар. Біздің онлайндағы құқығымыз бен бостандығымыздың қамтамасыз етілуі күн санап қиындай түсуде. Цифрлы ортада қорғанудың ескі тетіктері қауқарсыз халде. Цифрлық құқық жөніндегі сарапшылар Алексей Козлюк пен Андрей Сушко тылсамға толы онлайн өмірдің қауіп-қатері туралы баяндап қана қоймай, жаңа әрі тың сандық дәуірде өмір сүрудің тетіктерімен бөліспек.

 Кімдерді күтеміз?

ІТ мамандарды – сіздің сала онлайндағы қоғам өмірін қаншалықты өзгерте алатынын білесіз бе? Бұл туралы тереңірек түсінгіңіз келсе, тренингке қатысуға өтінім жіберіңіз. Я болмаса, керісінше, технологияның тетіктерін мүлдем түсінбейсіз, дейтұрғанмен, жеке дербес мәліметтеріңізге кибершабуылдан төнетін қауіп-қатер (банктегі есепшот, әлеуметтік желідегі парақшаңыз, сүйікті кафеңіз, кинотеатр, АЭС және т.б.) туралы көп ойлап, мазаңыз қашып жүр ме? Бұл турасында біліміңізді жетілдіруге мүмкіндік – осы. Сондай-ақ, адам құқығы жөнінде қандай да бір ақпарат білуге ынталы азаматтық қоғам, журналистика, экология, бизнес, мемлекеттік қызмет және тағы басқа кез келген сала өкілдеріне есігіміз ашық.

Қазақстандағы онлайн өмірдегі адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге мүдделі және осы сала турасында тереңірек білім алуға ынталы құқыққорғаушыларды, қоғам белсенділерін, қоғамдық ұйым өкілдерін, заңгерлерді, зерттеушілерді, академиялық орта өкілдерін аталмыш тренингке қатысуға шақырамыз.

Мазмұны

Бұл тренингтің мазмұны ақпараттық қауіпсіздік тақырыбынан алшақ. Мұнда қосфакторлық авторизация немесе месенджерлер туралы айтылмайды. Есесіне:

  • адамның цифрлық құқығы дегеніміз не және ол не үшін маңызды;
  • интернеттегі еркіндік пен қауіпсіздік теңгерімі: бұғаттау, аңду, цензура және аноним;
  • желідегі құпиялықтың қауқары, «күдікті ештеңе жасамайтын болсақ», желідегі анонимнің қажеті неде;
  • «Цифрлы мемлекет» – билікті бақылап, оның шешіміне ықпал ете алуымыз үшін не істемек керек дейтін сауалдарға жауап іздейтін боламыз.

Үміткерге қойылатын талап

Онлайн ортадағы адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге мүдделі және әрі қарай осы салада жұмыс істеуге қызығушылығы жоғары;

ҚР азаматтары немесе Қазақстан аумағының тұрғындары аталмыш тренингке қатыса алады.

Қандай шығын өтеледі?

Ұйымдастырушылар шараны өткізу орнын, қатысушының біркүндік тамақтануын және тренингке қажетті құралдарын қамтамасыз етеді. Басқа қалалардан келетін қатысушылардың жол ақысы төленеді.

 Өтінім жіберу және оны қарау тәртібі

Өтінім үлгісін мына сілтеме арқылы өтіп, толтыра аласыздар.

Өтінім 2019 жылдың 22 тамызына (қоса алғанда) дейін қабылданады.

Барлық өтінімді Ақпараттық бағдарламаның Сарапшылар комитеті қарайды.

Қор қабылданбаған өтінімге қатысты түсірдірме бермейді.

Бізге сауалыңыз болса, Ақпараттық бағдарлама үйлестірушісі Алия Шарипбаевамен байланыса аласыз: asharipbayeva@soros.kz