31/07/2019
Экономикалық құқықтарды жылжытуға бағытталған жобалар мен зерттеулер байқауы
30/07/2019

Білім беру саласындағы инновациялық жобаларды жүзеге асыруға арналған шағын гранттар конкурсы

Сорос-Қазақстан қоры (СҚҚ) Білім беру бастамасының аясында балалар мен мектеп жасындағы жасөспірімдерге инновациялық білім беру жобаларын жасауға және оны жүзеге асыруға ниетті (кез келген ұйымдастырушылық-құқықтық негіздегі) қазақстандық ұйымдар мен жеке тұлғалар/жоба жасаушы ұжымдар арасында байқау жариялайды.

Қазақстандағы білім беру жүйесі бүгінгі заманауи сын-қатерлерге тиісті деңгейде төтеп беруі үшін соңғы уақытта қаржыландыру, білім беру мекемелерін басқару, оқу бағдарламалары, оқулықтар, педагогикалық кадрларды даярлау әрі олардың біліктілігін арттыру сынды және тағы басқа бірқатар өзекті де өміршең өзгерістерді бастан кешіруде. Бұл инновациялар білім беру жүйесін толыққанды реформалауға бағытталған әрі кешенді сипатқа ие.

Бұл орайда еліміздің оқу-ағарту кеңістігінде білім берудің тың жобалары/өнімдері жыл санап артуда. Алайда инновациялық идеялардың (бірегейі де аз емес), бастамалар мен жобалардың басым бөлігі еліміздің ірі қалаларындағы үздік білім беру мекемелерінің немесе құрылымдарының базасында жүзеге асады, сондай-ақ, бұл бағытта атқарылатын іс-шаралардың жергілікті сипатқа ие екендігін, еліміздің кішігірім қалалары мен ауылдарындағы жастар мен жасөспірімдер үшін қолжетімсіз екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Бұған қоса, бүгінгі жағдайдан инновациялық жобалардың/өнімдердің әлеуеті ресми білім беру жүйесін жаңғыртушы күш ретінде толыққанды ашыла қоймағанын аңғаруға болады.

Байқаудың мақсаты:

  • Бірегей білім беру идеяларын, бастамалары мен жобаларын анықтау, оларға қолдау көрсету әрі республика бойынша таралу ауқымын кеңейту, сол арқылы еліміздің барлық аймағындағы білім беру жүйесінің қолданысына енгізу болып табылады.

Негізгі міндеті:

  • барлық мүдделі тараптардың инновациялық идеялары бойынша өзара ақпарат алмасуын ұйымдастыру;
  • білім берудің инновациялық идеялары, бастамалары мен жобаларын ірі қалалардан тысқары аймақтарға тарату процесін тұрақтандыру;
  • пилоттық кезеңнен өтіп, сәтті нәтиже көрсеткен инновациялық жобалардың ауқымын кеңейту жолдарын іздеу.

Қатысушылардың:

  • мектеп, мұғалімдер, ата-аналар және оқушылармен бірге жұмыс істеу тәжірибесі;
  • пилоттық кезеңнен өтіп, сәтті нәтиже көрсеткен инновациялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі;
  • шалғайдағы елдімекендер мен ауылдарда тұратын жастар мен жасөспірімдердің инновацияларға қолжетімдігін есепке алғандағы, оқушыларды кең ауқымда қамту мүмкіндігі;
  • ауыл мектептері мұғалімдерін жобаға жұмылдыру мүмкіндігі;
  • сыни ойлау, адам құқығы, азаматтық құндылықтар және тағы басқа ашық қоғам қағидаларын басымдыққа алуы конкурс кезінде өздері үшін үлкен артықшылық болады.

Жоба кезеңдері:

  • Өтінім тапсырудың соңғы күні: 2019 жылдың 12 қыркүйегі (Нұр-сұлтан уақытымен 23:00-ге дейін). Бұл уақыттан кейін жіберілген өтінімдер қаралмайды.
  • 2019 жылдың 1 қазанында жеңімпаздардың есімі жарияланады.
  • 2019 жылдың қарашасында жеңімпаздар «Инновации для школ будущего: что мы должны и что мы можем делать уже сегодня» форумына (Алматы) қатысады әрі онда жобаларын таныстырады.
  • 2019 жылдың қарашасы мен 2020 жылдың маусымы аралығы – жобаларды жүзеге асыру кезеңі.
  • 2020 жылдың маусымында жыл қорытындысы бойынша үздік жобаны анықтаймыз, жеңімпаз білім берудегі инновация тақырыбына арналған халықаралық шаралардың біріне қатысуға мүмкіндік алады.

Өтінім үлгілерін келесі сілтемелер арқылы жүктеп алуға болады:

  • жеке тұлғаларға арналған өтінім үлгісі, мына жерден жүктей аласыз
  • заңды тұлғаларға арналған өтінім үлгісі, мына жерден жүктей аласыз

Жобаның жалпы грант қоры – 19 000 000 теңге. Грант алуға ниетті жобаның жалпы сомасы 500 мыңнан 3 500 000  теңгеге дейін өзгеруі мүмкін. Шамамен 10 өтінімге қолдау көрсетіледі деп күтілуде.

Жобаны жүзеге асырудың ең ұзақ мерзімі – 10 ай.

Қажет болған жағдайда, Қор үміткерден осы конкурсқа қатысты қосымша ақпарат сұратуға құқылы. Өтінімдер рецензияланбайды және қайтарылмайды.

Өтінімді «Innovations in Education» деген белгімен application@soros.kz және  sorosapplication@gmail.com электронды мекен-жайына жібере аласыз.

Байқауға қатысты қоятын сауалыңыз болса, СҚҚ Білім беру бастамасының үйлестірушісі Айнұр Шакеновамен байланыса аласыз: ashakenova@soros.kz