«Құқық қорғаушы – мемлекеттің қытығына тиетін қоңырау іспеттес»
June 28, 2018
Зағип жандардың қандай да бір кемсітушілік жоқ тұста педагогикалық қызмет көрсету құқықтары
July 25, 2018

“Шенеуіктер мен сарапшылар өз “батпағынан” шығуы керек”

Екі жыл бұрын Сорос Қазақстан қорының «Қоғамдық саясат» бастамасының түлектері – Малика Тукмадиева мен Серік Бейсембаев жас зерттеушілерді қолдау мақсатында Астанада PaperLab пікірталас алаңын құрды. Бүгінде бұл алаң еліміздегі сарапшылар ортасын дамытудың ұтымды тәжірибесі болып отыр.

Мұнда жас зерттеушілер нысанаға алған жобаларының нәтижесін талқылауға мүмкіндік алса, мемлекеттік органдар атқарылған жұмыстарына сыни көзбен қарай алады. Сұхбат барысында  PaperLab негізін қалаушылар еліміздегі әлеуметтік ғылымның дамуы, мемлекеттік ведомствалармен байланыс орнатудың ерекшеліктері және сарапшылар ортасын қалыптастыру турасында баяндап берді.

Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы:  «Малика екеуіміз Сорос-Қазақстан қорының «Қоғамдық саясат» бастамасының түлектері ретінде Вашингтонда бес ай бойы тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алдық. Сонда жүріп, зерттеу жүргізу тәсілдерін, оны көпшілік алдында ұсыну әдістерін үйрендік. АҚШ-та жүрген кезімізде PaperLab жобасын жасау идеясы туды, яғни елімізде ғалымдар мен зерттеушілердің өз жұмысын көрсетіп, пікір алмасатын алаңы жоқ екенін түсіндім. Содан, сондай пікіралмасу ортасын ұйымдастыру ойда жүрді. Өйткені, пікір алмасу алаңының болмауы – ғылымның, зерттеу жұмыстарының тиісті деңгейде жүзеге асуына үлкен кедергі. Ал мұндай орта өздігінен пайда бола алмайтыны анық, оны құруымыз қажет. Біздің шетелдегі тағылымдаманың тәмамдалған кезі болатын. Ондағы топпен қимай қоштасқанымыз әліесімде. Барлығымыз бірігіп, әрі қарай да түрлі зерттеу жобаларын жүзеге асырсақ, керемет болар еді, бірақ әркімнің өз жолы бар. Бізде өз жолымызбен елге қайттық. Содан Малика екеуіміз сарапшылардың ортасын құру туралы ұсыныс жасаған едік, қолдаушыларымыз табыла кетті. Әрлі-берлі ойланып жобамызға PaperLab деген атау бердік, мағынасы «Public Policy Research Lab», яғни саяси басқару зерттеулерін жүргізу зертханасы дегенге саяды. «Paper» сөзінің «баяндама, мақала» деген де мағынасы бар. Меніңше, мазмұнды әрі креативті атау ойлап тапқан сияқтымыз. Бұл екі бұрын болған уақиға, былтыр PaperLab қоғамдық қорын тіркеп те үлгердік.

PaperLab – зерттеушілердің бейресми желісі. Мұнда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды бірқатар мемлекеттердің жас ғалымдары мен зерттеушілері, Сорос Қазақстан қорының «Қоғамдықсаясат» бастамасының түлектері бас қосты. Бір жерде оқып, кездесіп қалған, аралас-құралас болған әртүрлі жастардың ортақ достығы бір мүдденің аясына біріктірді. Біз әртүрлі тақырыптарды талқылап, кішігірім зерттеушілер командасы атынан түрлі гранттарға өтінім беру мүмкіндіктерін қарастырамыз. Әзірге мемлекетаралық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі болған жоқ. Бірақ, бідің пікірталас алаңдарына Қырғызстаннан жас зерттеушілер келіп қатысқан. Өте қызықты тәжірибе болды деп ойлаймын».

Малика Тукмадиева, зерттеуші: «Бастапқыда мемлекеттік органдармен байланыс орнату қиынға түсе ме деген қорқыныш болды. Өйткені, мемлекеттік мекемелер қызметі көбіне жабық келетіні, олардан мардымды мәлімет алу мүмкін еместігі, қарым-қатынас орнатуға құлықсыз екендігі жиі айтылатын. Біздің тәжірибе мұндай қиындық болған жоқ, кейбіреулерін атамағанда, барлық дерлік мемлекеттік органдар ашық. Пікірталас алаңына мемлекеттік мекемелердің өкілдерін шақыру біздің қолымыздан келеді. Жоғары деңгейлі мем.органдардан Парламент депутаттары белсенді түрде біздің пікірталасқа қатысып, сауалдарымызға жауап беріп жатады. Пікір алмасу алаңымыз ашық түрде өтетіндіктен белгілі бір тақырыпқа қызығушылық танытып жүрген қарапайым тұрғындар да келеді. Бұл жобаның жүзеге асып жатқаны бекер емес деп есептеймін, өйткені PaperLab – халық, билік және зерттеушілер дейтін үш таған арасындағы пікір алмасуды тудыратын санаулы алаңдардың бірі. Оның үстіне PaperLab – тәуелсіз алаң. Осы жобамыздың аясында мемлекеттік органдардың дәрежесі жоғарылаған сайын ашық болатынына көзіміз жетті. Сондай-ақ белгілі бір мәселеге канцелярияға хат жазғаннан гөрі, әлеуметтік желілерден жеке хат жіберу арқылы оңай әрі тез назар аудартуға болатынын түсіндік».

Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы: «Бір жарым ай сайын күнтәртібінде күйіп тұрған маңызды тақырыптар бойынша пікір алмасу өткіземіз. Мұндағы негізгі мақсат – қоғамды қамкөңіл қылған мәселелер бойынша сарапшылардың талқысын өткізу. Олар әртүрлі зерттеулер негізінде ғана өтеді. Басты міндетіміз – тиімді шешім қабылдауға септігін тигізетін ұсыныстар дайындау. Оның үстіне тақырыптардың ауқымы кең: Астанадағы бұқаралық спорт түрінен бастап, жергілікті өзін-өзі басқару ісіне тұрғындардың ынтасына дейінгі түрлі тақырыптар қамтылады.

Жалпы, тақырып таңдау – шығармашылық процесс. Біз үлкен резонанс тудыратын мәселелерді жіті бақылаймыз. Сосын оны қоғам үшін маңызды әрі шешімімен мемлекеттік органдар айналысатын мәселе ретінде қисынға келтіреміз. Билікке сараптамалық зерттеулердің септігі тиетін тұстарын табуға тырысамыз. Екі тараптың да өкілдерін шақырып, өз пікірлерін айтуына мүмкіндік жасаймыз, ортақ талқыға саламыз. Бұдан әр тарапты жұмылдыру арқылы интенсивті жұмыс жасалғанын көреміз. Нәтижесінде, бұқаралық сараптама хаты дайындалады.

Меніңше, пікір алуандығы (плюрализм) – өте маңызды. Бүгінде, өкінішке қарай, әр тараптың мүдделерін ескерусіз көптеген шешім қабылданып жатады. Пікір алмасудың пайдасы сол – белгілі бір мәселеге әртүрлі тараптың, яғни халық, сарапшылар және мемлекеттік органдардың көщқарасымен қарауға мүмкіндік береді. Кей кезде, бұл – әртүрлі әлемнің қақтығысы сияқты көрінеді. Бірақ, мұндай пікірталассыз тиімді шешім қабылдау тіпті мүмкін емес-ті».

Малика Тукмадиева: «Сарапшылар мен зерттеушілерді таңдау, яки шақыру кезінде қандай да бір мәселе туындаған емес. Өйткені, елімізде сапалы сарап бар. Біз, әсіресе, жас зерттеушілермен байланыс орнатуға баса назар аударамыз. Олардың қызығушылығы – жоғары, мақсаты – анық, қадамы нық екенін атап өткім келеді. Өте қызықты зерттеулерін жоғары деңгейде ұсына алып жүр. Пікір алмасудың сапасына келетін болсақ, зерттеушілердің назарын теория, әдістеме мен халықаралық тәжірибеге сүйенуден гөрі жағдайға сыни қарау, соған сәйкес ұсыныс дайындауға бағыттаймыз. Өйткені, олардың зерттеу жұмысы қолданбалы болғанын қалаймыз.

Еліміздегі зерттеу саласындағы негізгі проблеманың бірі – сарапшылардың арасындағы буын сабақтастығының болмауы. Зерттеу саласы үшін маңызды саналатын, тәжірибе алмасатын,  білім базасы шоғырланған орта жоқ бізде. Сараптама дегеніміз жабық эксклюзивті ақпарат, зерттеу жұмысы да жабық қоғам үшін ғана дайындалып жатады. Көбіне тапсырыс берушілер үшін ғана даярланатын болғандықтан, «тапсырыс беруші–зерттеу жүргізуші» шеңберінен шықпай қалады.

Қолжетімді базаларды зерттеулердің болмауы әсіресе жас зерттеушілері үшін қиындық тудырады. Зерттеу жүргізгің-ақ келеді, бірақ рұқсат етілген мәліметтер базасында түгел бір сала бойынша басқа зерттеу жұмысын таба алмайсың. Бұл дегеніміз зерттеулер жүргізілмейді деген сөз емес, олар әдетте жарияланбайды».

Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы: «Нәтижесі қандай?», бұл – көпшіліктің бізге қоятын басты сұрағы, өзімізде бірінші кезекте осы сауалға жауап іздейміз. Тура себеп-салдарын туралайтын байланысты байқау, қадағалау қиын, әрине. Бірақ, меніңше, пікіралмасу алаңы пікірлер қайшылығын анықтап береді. Дәл осы фактор көбіне, әсіресе шешім қабылдайтын тұлғалар тарапынан байқалмай қалады. Бірде діни саясат мәселесі бойынша қызықты пікірталас өтті. Бұл бағыттағы салалық ведомство өкілдері тарапынан бірқатар шешімдерге қатысты келіспеушілік болды. Талқы барысында билікке қаратылып негізделген сын да айтылды. Мемлекеттік орган өкілдерінің көп дүниені естіп үрейі қашты. Десек те, олар өздері қабылдаған шешімдерге сын көзбен қарай алды.

Бұл алаңда шешім қабылдау ісіне тікелей әсер ете алмасақ та,  шенеуіктердің біздің пікірталастарға қатысу, күнтәртібінде күйіп тұрған мәселелер хақында сарапшылар, қарапайым тұрғындармен пікір алмасу мәдениетін қалыптастырамыз. Бұл қоғамдық сарапшылар кеңістігі тар, формалданған мемлекет үшін аса маңызды. Бізге мұндай ой-пікір алмасатын алаңның болған жақсы; ресми шектеулердің болмаған тіпті керемет; мем.орган өкілдерінің лауазымы қатысушылардың мысын баспайтыны дұрыс екен дейтін хаттар жиі келеді. Тіпті, белгілі бір талқыланған тақырып бойынша жарты немесе бір жылдан кейін кеңес алу үшін мем.мекемелердің қайта байланысқа шыққан жағдайлар да кездескен. Мәселен, екі жыл бұрын бұқаралық спорт тақырыбы бойынша пікірталас өткіздік. Жыл өткеннен кейін Астанадағы Мәдениет және спорт департаментіне қарасты бір ұйым байланысқа шықты. Олар бізді шақыртып, өздерінің жоба-жоспарымен таныстырып, оны қалай жүзеге асыруға болатыны жайлы кеңес сұрады. Жақсы диалог болды. Сонда мәселе мем.мекемелердің жабық болуында емес, олардың сараптама жасауға мүмкіндік беретін білім базасының болмауында екенін анық түсіндім.

Астанада басқару саласында шешім қабылдауда зерттеушілердің рөлі біршама өсті. Өкінішке қарай, біздің мемлекетте жоғарыдан түсетін тапсырмалардың өзі сараптама, талқылау өткізбей-ақ қабылданып жатады. Бүгінде жылдам реформа дегендер жұмыс істемейді. Егемендік алғаннан бері біздің қоғам, оның қабылдауы күрделене түсті. Мұндай жағдайда қаншалықты сараптап, талдап, талқылаған сайын, қабылданатын шешімнің сапасы артатыны анық».

Малика Тукмадиева: «Екі жыл ішінде біз негізгі тұжырымдаманы жасап шықтық. Өзіміздің қателіктерімізді түсініп, әдіс-тәсілдерімізді түзете алдық, диалогтың қалай жұмыс істейтінін, пікірталасты қалай ұйымдастыратынын үйрендік. Сондықтан, ендігі уақытта қандай да бір айтарлықтай өзгеріс болады деп ойламаймын. Бүгінге дейін аймақтардағы сарапшыларды тартуға тырыстық,  бұл  – біз үшін аса қызықты бағыттардың бірі. Осы салада да жақын болашақта дамуды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта пікірталас форматын өзіндік либералды қауашақтан шығару үшін жұмыс істеп жатырмыз. Біздің кездесулер орыс және қазақ тілінде қатар өтеді. Бұл қатысушылардың өзіне ыңғайлы тілінде сұрақ қоюына мүмкіндік береді. Күзде пікірталасты тек қазақ тілінде өткіземіз. Орыс және қазақ тілінде өтетін пікіралмасулардың айырмашылығын байқап көрмекпіз.

Қазіргі атқарып жүрген жұмысымның арқасында біздің қоғамға оптимистік көзқараспен қарауды үйрендім. Өйткені, біздің кездесулерге білімі мен білігі ұштасқан жастар көптеп келеді. Біздің алаңда танысып, байланыс алмасып, PaperLab алаңынан тыс түрлі жобалардың жасалып жатқанын естіп-біліп жатамыз. Мұндай зерттеу жүргізу, қоғамға пайдаңды тигізу мәдениетін сырттай бақылаудың өзі бір ғанибет».