24/04/2019
Журналистикадағы математикалық әдістер
17/04/2017
Urban Forum Qazaqsha: әлеуметтің әлеуеті қандай?
02/05/2019

Сорос-Қазақстан қорының Басқарма төрағалығына жаңа басшы – Аида Айдарқұлова тағайындалды

Сорос-Қазақстан қорының Қамқоршылар кеңесі мен Құрылтайшылары – Ашық қоғам қорлары өткізген ашық конкурсы нәтижесінде СҚҚ басқарма төрайымы қызметіне Аида Айдарқұлова тағайындалды. Жаңа басшы 2019 жылдың 22 сәуірінен бастап өз жұмысын бастап кетті.

Аида 2009 жылы Құқықтық реформалар бағдарламасының жетекшісі ретінде СҚҚ командасына қосылып, күні бүгінге дейін СҚҚ Бағдарламалар директоры қызметін атқарды. Қор бастамасымен жүзеге асырылған барлық бағдарламалардың жұмысына жауапты болған ол азаматтық қоғамның қалыптасуы, бюджет ашықтығы, әлеуметтік интеграция, адам құқығы, бұқаралық саясат және тағы басқа мәселелердің оңтайлы шешімін тауып, жолға қойылуына, бір қалыпқа құйылып, жүйеленуіне қажетті жағдай жасау жолында еңбек етті. Сорос-Қазақстан қорының қызметіне келгенге дейін Аида Құқықтық мониторинг, сараптау және талдау институтында, Әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығында жұмыс істеді. Аиданың оқытушылық тәжірибесі де бар, ол «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша заң ғылымдарының кандидаты.

 «Қор басқармасына жетекшілік қылу әрі Қазақстандағы ашық қоғамның қалыптасу жолында аянбай еңбек ету – мен үшін зор мәртебе. Еліміздегі азаматтық қоғамның әлеуетіне өз басым зор үміт артамын, әрі бұл бағыттың бұғанасы қатып, негізі нығая түсуіне әрі қарай да үлесімізді қоса бермекпіз. Өйткені, мақсатымыз – анық, міндетіміз – айқын. Қордың Қамқоршылар кеңесі, қор командасы және еліміздегі барлық серіктестерімізбен атқарар шаруа көп, шынында, сондай қауырт та ауқымды кезеңдерге асықпын», – деп атап өтті Айда Айдарқұлова. 

Қор басқармасына соңғы жеті жыл көлемінде төрағалық етіп келген Антон Артемьев, ендігі кезекте Ашық қоғам қорлары Еуразиялық бағдарламалар бөлімшесінің директоры қызметіне ауысты.

«Қорымызға жеті жыл көлемінде жетекшілік еткен Антон Артемьевке СҚҚ Қамқоршылар кеңесі атынан алғысымызды білдіреміз. Бұл уақыт аралығында Қорда жаңа бағыттар пайда болды, дамыды, атап айтсақ, «Бұқаралық саясат», «Ашық экономика», «Оқу-білім беру бастамасы», сондай-ақ, Ақпараттық бағдарламалар. Антон мен Аиданың жаңа жұмысына толағай табыс, зор жетістік тілейміз, қалтқысыз қызмет етуіне тілекшіміз», – дейді СҚҚ Қамқоршылар кеңесінің төрайымы Жұлдыз Смағұлова.

Сорос-Қазақстан қоры – қазақстандық үкіметтік емес қайырымдылық ұйымы, 1995 жылы Ашық қоғам институтының (OSI) құрылтайымен құрылған қордың басты мақсаты – Қазақстандағы ашық қоғам құндылықтарын насихаттау. Шетелдік білім алуға арналған шәкіртақылар, пікірталқы, сыни ойлау бойынша білім беру бағдарламалары, мәдениет пен өнерді қолдауға бағытталған жобалар және тағы басқа өз бастамаларының кең спектрін жүзеге асыру үшін СҚҚ бүгінге дейін 80 млн АҚШ долларынан астам грант қаражатын бөлді.