03/12/2019
Адами капитал: теңсіздік. тәжірибе. таңдау.
25/11/2019
Демократия дағдарысынан соң не күтіп тұр?
04/12/2019

Алматыда «Живая память» атты ұжымдық монографияның тұсаукесері мен көрмесі өтті

Алматы музейінде сталиндік репрессияның тарихына арналған «Живая память» ұжымдық монографиясының тұсаукесері әрі осы тақырыптағы көрменің ашылуы өтті. Көрме 22 желтоқсанға дейін жұмыс істейді. Open Mind жобасы аясында жарыққа шыққан «Живая память» жинағы мен көрме Сорос-Қазақстан қорының «Адам құқықтары» бағдарламасымен.

Жұлдызбек Абылхожин, Михаил Акулов, Александра Цайдың бірлесе шығарған бұл кітабында «Естен кетпес естеліктер. Қазақстандағы сталиншілдік: Өткен шақ, Тарихи жад, Арылу» сөз болады. Авторлар осы еңбегі арқылы 1930-1940 жылдардағы сталиндік репрессияның тарихи жадымызға салған салмағын екшеп, жаңа дәуірге сай жаңаша көзқараспен қоғам назарына ұсынады. Жинақ: «Тарих», «Тарихи жад», «Өнер» деген үш бөлімнен тұрады

Оксфорд университетінің профессоры, орыс мәдениеті тарихының жілігін шағып, майын ішкен маман Катриона Келли жинақ туралы өз пікірін былай жеткізеді: «Түрлі этникалық топтарды зерттеп, зерделеп жүрген хас ғалымдардың диалогы бұл кітаптың құндылығын арттырып тұр. Этникалық топтарға қазақ, өзбек, сонымен қатар, Польшадан депортацияланған этностардың, Өзбекстандағы орыс суретшілерінің тағдыры сөз болады.

Жинаққа Жұлдызбек Абылхожин (тарих ғылымдарының докторы), Михаил Акулов (PhD), Зәуреш Сақтағанова (тарих ғылымдарының докторы), Екатерина Кузнецова (зерттеуші,  журналист), Юрий Серебрянский (жазушы),  Александра Цай (мәдениеттанушы), Мариника Бабаназарова (мәдениеттанушы, Савицкий атындағы мұражайдың 1984-2015жж. директоры), Гүлдана Сафарова (мәдениеттанушы) және Әсел Қадырхановалардың (суретші, зерттеуші) еңбектері кірді.

«Адам құқықтарын қорғау саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқандықтан, сол кезде орын алған қорқыныш, үрей мен әділетсіздікті тереңірек түсінесің. Ондаған мың адамның өлімі, жүздеген мың жазықсыз жанның істі болып, жер аударылуы, тәлкекке ұшыраған сан мың тағдыр, шаңырағы ортасына түскен отбасылар, жоғалған ұрпақ – бұның бәрі авторитарлық солақай саясаттың нәтижесі, адам құқықтарының тапталғанының белгісі», – дейді Сорос-Қазақстан қорының Басқарма Төрайымы Аида Айдарқұлова. «Бұның бәрін жадымызда сақтау, сол кезге қатысты шынайы тарихи ақпараттарды жинақтау арқылы ғана саяси құрбандардың алдындағы азаматтық, адамдық борышымызды өтей аламыз».

28 қараша 22 желтоқсан аралығында өтетін «Живая память» көрмесі кітап болып басылған зерттеуіміздің жалғасы. Сурет сөз жеткізе алмаған сыр мен сезімді бере алатын құдіретке ие. Көрме суретшілері жекелеген естеліктер, халықтың бастан кешкен тағдыры, санамызда сақталған, мұрағаттарда қатталған тарихқа басқаша қарап, жаңаша үн қатады.  Көрмеде Саид Атабеков, Бақыт Бүбіханова, Роман Захаров, Олег Карпов, Әсел Қадырханова, Рашид Нүрекеев, Александр Угай, Зоя Фалькова сынды суретшілердің жұмыстарымен таныса аласыздар.

«Жеке тұлға үшін өткеннен естелік іздеу – өзін іздеу болса, қоғам үшін өткенін ұмытпау – ертеңін өзгеше көру, қорқынышсыз өмір сүру, ауадай қымбат еркін өмірдің қадірін түсініп, соған қол жеткізу. Бұл жердегі сыни көзқарас, ұжымдық естелік талай жылдар бойы қалыптасқан сеңді  бұзып, өзінше саралап, бағасын береді. Бұндай естеліктерге назар аударғанда үлкен сұрақпен, іштей бұндай жайттың енді қайталанбайтынына сеніммен келу керек», дейді жоба авторы әрі көрме жетекшісі Александра Цай.

2016 жылы «Живая память» жобасы аясында 30 жылдар тарихына – индустрияландыру, күштеп ұжымдастыру және оның зардаптары, саяси репрессия мен әлеуметтік-этникалық топтардың депортациялануына қатысты ашық лекциялар ұйымдастырылған.  2018 жылы жобамыз Open Mind подкасты болып жалғасын тапты. Ал биыл қалың оқырманға «Живая память» атты кітап болып жол тартты.

Көрме 22 желтоқсанға дейін Алматы мұражайында  (Қабанбай батыр көшесі, 132) жалғасады. Келем деушілерге есік ашық.