23/09/2019
Алматыда «Ok, Google немесе цифрлы құқық дегеніміз не?» тренингі өтуде
15/09/2019
“Білім беру саласындағы инновациялар” байқауының нәтижесі
02/10/2019

Цифрлы құқық және бостандық қорғауға мұқтаж

Алматыда қыркүйек айында «Ok, Google, цифрлық құқық дегеніміз не?» атты бір күндік тренинг өтті. Аталмыш шараны HumanConstanta беларусь құқыққорғау ұйымымен бірлесе отырып Сорос-Қазақстан қоры ұйымдастырды. Цифрлық құқық пен еркіндік тақырыбы төңірегінде тренинг қатысушыларымен сөйлесіп, олардың Қазақстандағы аталмыш жағдай турасындағы пікірін білген едік.

Қала күнімен тұспа-тұс келген тренингке еліміздің барлық аймағынан отыз адам жиналды, олар – қоғам белсенділері, құқыққорғаушылар, ұстаздар, журналистер, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік орган өкілдері. Әртүрлі сала өкілдерін бір ортаға жинаған ортақ мүдде бар, ол – онлайндағы адам құқығы. Біздің елімізде бұл тақырыпқа қызығушылық аса жоғары, мұны тренингке қатысуға өтінім білдіргендердің санынан-ақ байқауға болады: аймақтағылар семинардағы бір орынға он адамнан, ал алматылықтар жеті адамнан таласты.

Қазақстандағы цифрланудың дамуы мемлекет үшін де, қоғам үшін де бағындырар асуы биік жаңа белес. Бұл орайда мемлекет, бизнес және қоғам атты үш тағанның тұтастығы мемлекеттік қауіпсіздігінің сақталуы, бизнестің мүддесін ескерілуі және цифрлық ортадағы адам құқығы мен еркіндігінің қорғалуын айқын белгілейтін тетіктерге келіп тіреледі. Тренингке жиналғандар осы аталған мәселе жайында және цифрлық бостандықтың өзге де тетіктері турасында ой бөлісті.

Снежана Цой, factcheck.kz үйлестірушісі: “factcheck.kz порталында шенеуіктердің жұмысын, олардың берген уәдесін жіті қадағалап, ашық дереккөздермен жұмыс істейміз. Кей уақытта мақаламызға пайдалы дереккөз болатын мемлекеттік ақпаратқа қол жеткізуде түрлі қиындықтарға тап болып жатамыз. factcheck.kz жобасының үйлестірушісі әрі журналист  ретінде өз құқығымды қалай қорғау керектігін, цифрлық әлемде не болып жатқанын, халықаралық қоғамдастықта қандай тың трендтер бар екенін білу қызық әрі аса маңызды. Өкінішке қарай, Қазақстандағы бұл саланың мүшкіл халіне куә болудамыз, БАҚ және үкіметтік емес ұйым өкілі ретінде бұл жағдайға қалай әсер ете алатынымызды білу біз үшін өте маңызды.

Бұл – биылғы жылғы HumanConstanta ұйымының қатысуымен өтіп жатқан үшінші шараға қатысуым. Бұған дейін ҮЕҰ мен журналистерге арналған интенсив болды,  Сорос-Қазақстан қорының DigitalRights@KZ атты үлкен конференциясы өтті – Қазақстандағы цифрлық құқық және еркіндік тақырыбын қаузаған тұңғыш шара деуге болады. Оған ҮЕҰ өкілдері ғана емес, мемлекеттік органның мүшелері де қатысты. Мәселен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өкілінің бұғаттау, интернеттегі құқығының бұзылуымен бетпе-бет келген әрбір азамат үндемей қалмауы тиіс, өтінім/үндеу жазып, диалог арқылы мәселенің шешіміне қол жеткізуі қажеттігіне қатысты айтқан ұсынысын тыңдау өте маңызды. Бүгін әртүрлі салада жұмыс істейтін  мүдделестеріммен таныстым. Цифрлық құқық пен еркіндікке қол сұғу мәселелері бойынша түрлі кейстермен жұмыс істедік, сол уақытта алда атқарар шаруаның қыруар екенін көз жетті. Әрі бұл түйткілдің түйінін тарқатуға бәріміз жұмылуымыз қажет, – деп атап өтті Снежана.

Тренинг қатысушыларының басым бөлігі цифрлық құқық және интернеттегі еркіндік ұғымымен етене таныс, бұл салада жұмыс істейтіндері де бар. Петропавл қаласынан келген құқыққорғаушы әрі Қазақстан жастар ақпарат қызметінің өкілі Арсен Әубәкіров:

«Цифрлық құқық және онлайндағы еркіндік» ұғымымен биылғы көктемде таныстым, ол уақытта Сорос-Қазақстан қорының Ақпараттық бағдарламасы өз жұмысын бастаған болатын, Алматыда Интернеттегі адам құқығы мен еркіндігіне қатысты шеберлік өткізді. Бұл тақырыпқа қатты қызықтым. Мектеп кезінен ақпараттық тазалық пен қауіпсіздік турасында көп ойланатынмын. Қазақстанда күні бүгінге дейін бұл тақырып белгілі бір ортада ғана еміс-еміс көтеріліп келген. Алдағы уақытта цифрлық құқық және интернеттегі еркіндік саласы тың трендке айналарына сенемін.

Тренинг қатысушылары арасында таныстарым аз болды. Есесіне әрқандай салада бұрын-соңды ұшыраспаған жаңа таныстықтар көп болды. Біздің салада бұл аса сирек болатын жайт. Топтық жұмыстар интернеттегі құқық пен еркіндік тақырыбына кең ауқымда қарап, әр қырынан зерттеуге мүмкіндік берді. Ұстанымға берік болуды үйретті. Алдағы уақытта әртүрлі қарсылық шараларымен бетпе-бет келетініміз анық, бұған өзіміз де, дәлелді аргументтеріміз де дайын болуы керек.

Биыл резонанс тудырған оқиғаларға байланысты мемлекет цифрлық құқық және онлайндағы еркіндік мәселесіне көңіл бөле бастады. Десек те, билік өзіне қандай да бір міндеттерді жүктеп, заң жобаларын қабылдай отырып та, кейде мәселенің мән-жайын толық түсінбеген болуы мүмкін. Бұған билік тарапынан қабылдаған шешімдердің салмағы мен сапасы дәлел, деңгейі – өте төмен. Біздің мақсатымыз  – көмектесу. Үкіметте техникалық және адам құқығын түсінетін мамандар саусақпен санарлық. Жақында Әділет министрлігінің Қазақстандағы адам құқығы бойынша есебін көрдім. Ондағы тұжырымдар да мардымсыз. Адам құқығына қатысты түрлі тренингтерге қатысқанмын, сондықтан бүгін HumanConstanta сарапшыларының жұмыс тәсілі мен құралдарына назар аударуға тырыстым. Алдағы уақытта тренер ретінде бұл әдіс-тәсілдерді өз жұмысыма пайдаланамын деген үміттемін”, – дейді Арсен.

Петропавлдан келген тағы бір қатысушы Рустам Жантасов бұл тақырып турасында 2018 жылдың соңында Сорос-Қазақстан қорының Құқыққорғаушылардың жаңа буыны бағдарламасына қатыса жүріп білген екен.

“Цифрлық құқық және онлайндағы еркіндік тақырыбына арналған тренингке алғаш қатысуым. Бұған дейін де бұл тақырыпқа қызығып жүрдім, түрлі әдебиеттер оқитынмын. Бұл тақырып бір уақытта оңай әрі қиын. Цифрлық құқық және еркіндік дегеніміз адам құқығы мен бостандығына пара-пар болады деп кім ойлапты? Тренинг ұнады: уақыты, нақты регламент, ақпаратты беру қарқыны, ұзын-сонар дәріс емес, топтық жұмыстар, кейспен жұмыс және т.т. Теория мен тәжірибе үйлесім тапқан. Бірінші кезекте, цифрлық құқық және еркіндік саласындағы білім беру мәселесі қатты толғандырады, өйткені адам құқығы бойынша тренермін. Петропавлға барғанда тренинг барысында алған білім-тәжірибеммен бөлісетінім анық. Негізі интернеттегі құпиялық тақырыбына аса қызығам, бұл сала әлі де игерілген жоқ”, – дейді Рустам.

Айгерім Құсайынқызы да қордық Ақпараттық бағдарламасына алғаш рет қатысуда. Ол Сүлеймен Демирел университетінде болашақ заңгерлерге халықаралық құқық, адам құқығы және конститутциялық құқық жөнінде дәріс оқиды.

“Сорос-Қазақстан қорының фейсбуктегі парақшасынан тренинг туралы хабарландыруды көзім шалып қалды. Қазақстандағы цифрлық құқық және еркіндік мәселесімен алғаш рет Панама мұрағаты туралы ақпарат іздеу барысында бетпе-бет келдім. Бұл – біздің елімізде тұмшаланған тақырыптардың бірі. Сонда ақпаратқа қолжетімділік, ресурстарды бұғаттау ісінің мүшкіл халіне көзім жетті. XXI ғасырдағы ақпарат тек ақ парақ емес, ол – сауатты пайдалануды талап ететін ресурс. Күніміз аса сапалы әрі тиімді өтті. Мұнда мүдделес мамандармен таныстым. Аз уақыт ішінде – бар-жоғы бірнеше сағатта тренерлер ауқымды ақпарат ағыны сауатты түсіндіруге, онысын тәжірибелік сағаттармен түйіндеп беруге тырысты. Эстонияның интернеттегі адам құқығы мен еркіндігін реттейтін заңнамасы аса таң қалдырды. Студенттерім адам құқығы, мәліметтердің құпиялығы жөнінде үнемі кеңес сұрайды. Алдағы уақытта бүгінгі алған білім-тәжірибеммен бөлісетінім анық, – дейді ұстаз.

 

Бір күндік тренинг құқыққорғаушылар мен сарапшыларға арналған интенсивке жалғасты, онда тренер ретінде цифрлық құқық және еркіндік бойынша тиімді тренинг жүргізудің тетіктері сөз болды. Интесивті HumanConstanta құқыққорғау ұйымының негізін қалаушылардың бірі Валдис Фугаш жүргізді, ол:

«Бұл семинарды методологиялық жағынан бақылауға тырыстым. Қатысушылардың жоғары деңгейдегі қызығушылығына тәнтімін. Қатысушылар активизм, құқық және журналистикадағы түрлі бэкграундпен Қазақстанның әр аймағынан, әртүрлі саласынан жиналды. Тренинг соңында алған әсерлерімен бөлісті. Олар берілген ақпаратты жинақтап, жаңа аспектілер көре алған. Бұл тақырыпқа әрі қарай да үңіліп, одан сайын дамыту үшін өздеріне белгілі бір мақсат қойып, міндет жүктеді, ең маңыздысы да – осы. Келесі күндері тренерлерді даярлау бойынша тренингке қатысамын. Қатысушыларды білім берудегі өзінің орны мен әдіс-тәсілдерін зерделеуге көмектесетін методикалар, техникалар мен фреймдерге үйретуге тырысамын. Мұндай білім кешені қиын тақырыптарды оңай сөйлетуге, аудитория назарын аударуға, топтық динамиканы өлшеуге септеседі деп сенемін».