13/04/2021
Chatham House баяндамасы. Қазақстан: “Билік транзитінің” сынағы
06/04/2021
OpenTender.kz – мемлекеттік сатып алуға жаңа қоғамдық көзқарас
20/04/2021

Робототехника, онлайн оқыту және қор гранты туралы

Технологияның өмірімізге сіңіп кеткені сонша, күнімізді телефон, кір жуатын машина тіпті кофе қайнататын машинасыз елестете алмаймыз. Қажетілік туындаған кезде ғана қолданатын машиналардың ішкі құрылысы қандай екенін біріміз білсек, біріміз білмеспіз. «Я и мой робот» жобасының жетекшісі Дастан Рахатов машинаны қолданудан бұрын оларды құрастыру әлдеқайда қызық екенін айтады.

Робототехниканы оқыту идеясы қалай келді?

Кішкентай кезімде робот кейіпкерлері бар кино немесе мультфильм көргенде олар тек Жапония немесе Германияда бар деп ойлайтын едім.  Ал қазір роботтар тек Жапонияда емес, әлемнің түкпір-түкпірінде жасалады. Қазақстанда да неге робот жасамасқа деп ойладым. Мені еліміздегі робототехниканы оқыту жүйесі алаңдадатын. Шамамен 2012 жылға дейін мектептердің көбінде робототехникаға арналған кабинет болған жоқ. Бүгінде мектептердің басым бөлігі қажет құралдармен жабдықталған, енді сол құралдарды пайдаланып робот жасауды үйрететін мамандар дайындау қажет. Оның үстіне робототехника бағыты басқа салаларға қарағанда жаңа, оны жақсы меңгерген маман аз.

Робототехника бірнеше салалардың қосындысы. Оның ішінде физика, бағдарламау үшін информатика, тоқпен жұмыс істеу үшін электроника, 3D модельдеу бар. Сондықтан бұл көп оқығанды, көп білгенді қажет ететін сала. Роботтың жүріп тұруын бағдарлау үшін Java, C++ сынды тілдерді білу керек. Сонымен қатар робототехника сабағынан беретін мұғалімге үлкен жауапкершілік артылады. Себебі 3D принтер, түрлі Лего жиынтықтар қымбат. Оқушылар тікелей тоқпен жұмыс істеуі керек. Мәселенің барлығы оқушының қауіпсіздігіне келіп тіреледі.

Кішкентайымда көбіне әкемнің қасында жүретін едім. Үйде бір нәрсе сынып қалса дереу әкеме апарып беремін. Мен үшін әкем сиқыршы сияқты еді. Сынған затты жөндейтін кезде оның қасында отырып, бәрін бақыладым. Әдетте біз заттардың тек сыртын көреміз, оның ішіндегі механизмге мән бермейміз. Маған үйдегі заттардың қалай жұмыс істейтіні, ішіндегі микросхемалар қызық. Олар өзі бөлек әлем. Болашақта бұл қызығушылығым университет пен мамандық таңдауға көмектесті.

Сорос-Қазақстан қорының гранты жайлы

2019 жылы фейсбуктан Сорос-Қазақстан қоры білім беру және оқыту бағытындағы жас ғалымдар мен мамандарды қолдау мақсатында байқау жүргізіп жатқанын көрдім.  Балаларды робототехникаға үйрету жобасы жайында ойлап жүрген едім, сол идеямызды видеоға түсіріп байқауға қатыстық. Осылайша қордың “Білім беру саласындағы инновациялар” байқауында 3 500 000 теңге көлеміндегі грантын жеңіп алдық. Бұл қаражатты робототехникаға арналған кабинетті жабдықтауға және онлайн форматта сабақ өтуге арналған сайтымызды, видеосабақтарды түсіруге жұмсадық. Кабинетімізге ноутбук, робот құрастыру, арналған жиынтықтар алдық. Осының арқасында сабағымызды екі түрлі форматта еркін өткізе аламыз.

Пандемия кезінде онлайн курстарға деген сұраныс артты. Бұл кезде сайтымызды сынақтан өткіздік. Елімізде эпидемиологиялық жағдайдың өзгеріп тұруына байланысты сабақтар әр түрлі өтеді.

Жобаның басты мақсаты қандай?

Өте кәсіби оқытушылардың тілдік шектеулерге байланысты робототехниканы оқи алмайтынын байқадым. Сондықтан барлық адамға түсінікті курс әзірлеуді жөн көрдік. Біз дайындаған материалдар, курстар барлық балаға қолжетімді, оқушыларға да, оқытушыларға да арналған, әмбебап құрал.

Айтпақшы курстың онлайн форматын пандемияға дейін ойластырғанбыз. Алыс ауылдардағы балалар да робот жасау ғылымын меңгерсе екен дейміз. Әрине біз дайындаған оқулықтар сабақты оффлайн форматта өткізуге арналған. Дегенмен ынтасы мен талабы бар оқушы робототехниканы онлайн да, оффлайн да оқиды.

Оқыту кезінде қандай қиындықтар бар?

Әрине курсты бастаған кезде көптеген қиындықтар болды. Интернеттің күшінің жетпеуі, компьютерлердің болмауы, Zoom-да өтіп жатқан дәрістерімізге бөтен адамдардың кіріп кетуі, оқушылар еркелеп сабақ үстінде түрлі видео қосатын кездер болды. Бұл мәселелердің көп бөлігі шешілді.

Әлбетте онлайн мен оффлайн оқытудың арасында айырмашылық бар. Егер робототехника тек бағдарламау болса курсты онлайн ғана оқуға болушы еді. Алайда бұл жерде роботты жасау да маңызды. Дегенмен басында айтып кеткенімдей барлығы оқушының ынтасына байланысты.

Мүмкін болған кезде оқушылармен оффлайн да кездесіп, сабақты пысықтаймыз. Карантин шараларын сақтап, кабинетке тек 1-2 оқушы шақырамын, осылайша әрқайсысымен жеке жұмыс істеймін.

Робот жасауды қанша уақытта үйренуге болады?

Ата-ананың немесе баланың мақсаты тек үйреніп, ары қарай өз бетінше жұмыс істеу болса оған екі-үш ай жеткілікті. Ал белгілі бір жобасы бар, олимпиадаға дайындаламын десе олармен ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуге дайынбыз. Белгілі бір идеямен келетін балалармен бірнеше жыл жұмыс істеуге дайынбыз.

Бірінші рет келген бала немесе ересек адам робот тек екі аяқпен жүреді деген жаңсақ пікірмен келеді. Олай емес. Роботтардың түр-түрі бар. Қарапайым кір жуатын немесе ыдыс жуатын машинаны робот дей аламыз. Себебі оның ішінде арнайы жазылған бағдарлама бар. Мысалы тоңазытқыш қай уақытта температураны жоғарлатып, қашан түсіру керегін біледі. Оны адам бағдарлаған.

Жеті жастағы балалар сабақты ойын форматында үйренгенді ұнатады. Оларға теориядан немесе бағдарлама жазудан бастасаң сабаққа деген қызығушылығы қашады. Оларды қызықтыру және таңқалдыру оңайырақ. Балалардың есте сақтау қабілеті мықты және қолдың моторикасы жақсы.

Ал үлкендер осы күнге дейін неше түрлі роботты көргендіктен, оларды таңқалдыру қиындау. Бірақ олармен бір сабақта бірнеше тақырып өтуге болады, қиын материалдарды тез меңгереді. Сонымен қатар олар курсқа нақты мақсатпен, идеямен келеді.

Робототехникада ұсақ детальдармен жұмыс істейміз. Бұл ең алдымен қолдың моторикасына пайдалы. Жеті-он бір жас аралығындағы балалармен лего құрастырғыштарымен жұмыс істейміз. Бұл ой-қиялын, кеңістікте елестету қабілетін арттырады. Бір роботты көргенде қай жері қате, қай детальдардың орнын ауыстыру керегін бірден байқайды.

Адамдардың көбі затқа тұтынушы ретінде қарайды, қай жерін бассаң қалай жұмыс істейтінін ғана біледі. Робототехникамен айналысатын бала машинаның ішкі құрылысы қандай екенін біліп тұрады. Тіпті ол техника көңілінен шықпаса, өздігінен ауыстыра алады.

Роботтар адамның жұмысын тартып ала ма?

Әрине жоқ. Қазір компаниялар өндіріс орнына адамды емес, роботты қояды. Алайда бірден айтайын роботтар біздің орнымызды басады деген сөз емес. Байбалам салудың қажет жоқ. Бір жақта жұмыс жоқ болып жатса, демек екінші жақта жұмыс пайда болады емес пе?. Адам күшін алмастыратын роботты құрастыратын, бұзылып қалса жөндейтін дәл сол адам емес пе?. Сондықтан барлық күшті, қаражатты білім алуға жұмсау керек деп есептеймін. Білімді адам ешқашан жұмыссыз қалмайды. Кішкентай баласын робототехникаға ертіп әкелген ата-аналарды қолдаймын және рахмет айтамын.

Мен робот жасауды 18 жасымнан бастасам, қазіргі балалар 10 жасында қызығушылық танытуда. Мұндай бала 5-6 жылда мықты робот құрастырады немесе үлкен бір компанияда жұмыс істей алады. Осы бетімізден таймасақ біз де роботтарымызды Илон Маск сияқты Марсқа жіберетінімізге сенімдімін.

Робототехникамен айналысып қандай жетістікке жетуге болады?

Қазір оқушыларымның көбі олимпиадаларға қатысып жатыр, кейбірі ғылыми жобаларын қорғап, идеялырмен бөлісіп жатыр. Жалпы оқушымның робот жасағанын үлкен жетістік деп білемін. Биыл республикалық олимпиадада сегізінші сыныпта оқитын бір оқушым «ақылды үй» концепциясын ұсынды. Бұл концепцияның басты ерекшелігі үйді қазақ тілінде басқаруға болады.

Тағы бір оқушым мектепке оқушылардың, ұстаздардың, жалпы әкімшіліктің келіп-кетуін саусақ ізімен тіркейтін құрал ойлап тапты. Мектепке кіргенде саусақ ізін сканерлейсіз, барлығы автоматты түрде онлайн журналға тіркеледі. Осылайша мұғалім оқушыларды түгендеуге артық уақыт жұмсамайды.

Сондай-ақ “Я и мой Робот” биылдан бастап Тұңғыш Президент қорының жастар арасындағы ІТ саласындағы білім беруді дамыту бойынша серіктес болдық. Қормен бірген балалар үйінің тәрбиеленушілері мен әлеуметтік осал топтардың балалар үшін тегін курстар өткіземіз.

Ерен Шайхистан, 17 жаста, “Я и мой робот” жобасының оқушысы

Қыстың кезінде жиі ауырамын, сондықтан көп дәрі ішетін едім. Біздің үйдің бірінші қабатында мен сияқты жиі ауыратын әжей тұратын. Әжей өздігінен жүре алмайды, төсек тартып жатады. Осыдан кейін ауырып жатқан адамдарға дәрі әкеліп беретін робот жасау идеясы келді. Идеямды Дастан ағайға айтып, бір жыл бойы жобаны дайындадық. Үш ай бұрын жобамды аяқтап, авторлық құқыққа ие болдым. Бұл жобадан кейін әлемнің 13 университетінен шақырту алдым. Соның ішінен Берклидегі Калифорния университетіне барамын деп шештім.

Болашақта эко-робот жасағым келеді. Алматыда кей көшелерде қоқыс жатады, солардың бәрін жинайтын робот болады. Сонымен қатар Қазақстандағы робототехника саласын дамытқым келеді.