10/02/2021
Карантиннен кейінгі жаңа әлемдегі азаматтық ықпалдастықтың жаңа формалары
15/01/2021
«Дурные шутки» көрмелер циклінің каталогы
12/02/2021

Ашық ұстаным

Ирина Смирнова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Орта білім беру мәселелері, мұғалімдердің құқығы, мемлекеттік бюджеттің ашықтығы мен есептілігі, сонымен бірге, азаматтық ұстанымы не себепті Сорос-Қазақстан қорынан басталғаны жайында 

Өткенде Сорос-Қазақстан қорымен қай кезден бастап таныс екенімді есіме алдым. Қор өкілдерімен он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатыр екенмін. Ол кезде Алматыда тұратынмын, мектеп директоры болдым және «Ар-Намыс» мұғалімдер мен оқытушылар бірлестігінің Алматы филиалын басқардым. Шамамен 2008-2010 жылдар болса керек. Білім беру жүйесі үшін де, жеке басым үшін де қиын кезең. Ал Сорос-Қазақстан қорынан рухани қолдау тауып, өзім зәру болған сарапшылар қауымдастығының қолдауына ие болдым. 

Ынтымақтастық жеке басым үшін ғана емес, жалпы ұстаздар қауымы үшін маңызды екенін әуел бастан түсіндім. Солай болып шықты да. Сорос-Қазақстан қоры білім беру бағдарламасының сол кездегі директоры Сәуле Аманжолқызы Каликованың бізге үйреткені көп, ол кісіге ерекше алғысымды білдіремін.

Өз елімнің азаматы ретінде қалыптасуыма Сорос-Қазақстан қорымен бірлескен жұмыс септігін тигізді десем, біреулерге бұл ерсі көрінуі мүмкін. Шын мәнінде ұстаздың, оқушының, қарапайым қазақстандықтың құқықтары туралы қалай айтуға болатынын және қалай айтылуы керек екенін түсіндім. Бұл құқықтар бұзылған жағдайда не істеу керек екенін де ұқтым.

Бәрі ретімен іске асты. Сорос-Қазақстан қорымен серіктес Қазақстандағы саяси шешімдер институтының кездесулеріне қатысудың бергені көп болды. Шындықты ашық айтудың және адамдардың өмірін жақсартатын іске қол жеткізудің маңызын түсіндім. Бұл тек менің басымдағы жағдай емес екеніне және біздің құқықтарымыз жайлы түсінігіміздің өзгеруіне Қор командасының зор үлес қосқанына сенімдімін.

ҚР ҮКІМЕТІ МЕН ПАРЛАМЕНТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТТІҢ АШЫҚТЫҒЫ МӘСЕЛЕСІНЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАМАЙТЫНЫН ТӘЖІРИБЕ КӨРСЕТІП ОТЫР. БҰЛ – ТҰТАС МЕМЛЕКЕТ ҮШІН МАҢЫЗДЫ ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ОЛ ЖЕМІСІН БЕРІП ТЕ ЖҮР. 

Қордың тағы бір маңызды жобасы – Саяси шешімдер институтының пікірталас алаңы (КИПР). Қазір ол «Кипр» аналитика тобы деп өзгертілді. Қызмет бағыты – мемлекеттің, бизнестің, қоғамдық бірлестіктердің заңнама саласындағы бастамаларын сараптау, реттеушінің ықпалын бағалау, әлеуметтік зерттеулер. Жобаның командасы белсенді азаматтардың басын қосып, олардың ой-пікірін білдіруіне, сарапшылардың қолдауына жүгінуіне мүмкіндік беріп отыр. Әрі бұл жұмыс нәтижесіз де емес.  

Мен үшін тағы бір шешуші бетбұрыс бюджеттің ашықтығы бағдарламасы болды. Пікірім арқылы мемлекет бюджетіне ықпал ете алатынымның өзі қоғамдағы роліме деген көзқарасымды өзгертті. Нәтижесінде, сарапшылардың және Қор өкілдерінің көмегімен Қазақстан үкіметіне үндеу жолдап, ел бюджетінің ашықтығына сараптама жасап, соның нәтижесінде министрліктерге бюджеттің қандай болуы керек екеніне қатысты ұсыныстар білдірдім. Қазір бұл бастама нәтижесін бере бастады: жақында Қазақстандағы ашық бюджеттердің виртуал картасын құрастыру жұмысына қатыстым.

Карта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің көмегімен құрылды. Виртуал картада мемлекет тарапынан қаржы алатын республикадағы барлық ұйым белгіленген. Өзіңізді қызықтырған ұйымды бассаңыз, бюджет қаражатын жұмсау жөніндегі толық ақпарат ашылады. Бұл қоғамға мемлекеттік қаражат шығынын бақылауға мүмкіндік береді. Демек, бюджеттің ашықтығы мен есептілігі бағдарламасы із жүзінде орындалып отыр.

СОРОС-ҚАЗАҚСТАН ҚОРЫНЫҢ ӘР ІС-ШАРАСЫНДА ЖЕТЕКШІ САРАПШЫЛАР ШАҚЫРЫЛАДЫ, ОНЫҢ ІШІНДЕ ШЕТЕЛДІКТЕР ДЕ БАР. БҰЛ ТАРАПТАРДЫҢ БӘРІНЕ МӘСЕЛЕГЕ ТЕРЕҢ ҮҢІЛІП, ОНЫ ЖАҢА ҚЫРЫНАН ТАНУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ. ҚОРДЫҢ ҚҰРМЕТ ЖӘНЕ АШЫҚТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ АРҚАСЫНДА ПІКІРТАЛАСҚА ҚАТЫСУШЫЛАР АЯСЫ ШЕКТЕЛМЕЙДІ. ОСЫНЫҢ ӨЗІ ЖҰМЫСТЫ БАРЫНША ТИІМДІ ЕТЕДІ.