13/09/2019
Нұр-Сұлтанда орталық және жергілікті мемлекеттік органдар бюджетінің ашықтығы бойынша конференция өтуде
13/09/2019
Алматыда «Ok, Google немесе цифрлы құқық дегеніміз не?» тренингі өтуде
15/09/2019

Озық технологияларды біріктірсек

ЛОНДОН – Жасанды интеллект (ЖИ) пен биотехнология екеуі жылдам қарқынмен дамып келеді, олар біздің өмірді сезінуімізді жақсартып қана қоймай, сол өмірімізді ұзартуға да қабілетті. Бірақ бұл екі алдыңғы қатарлы технология ғаламдық денсаулық және қоршаған орта мәселелерін шешуде қалай бірге әрекет ете алады дегенді көп адам ойлап жүрген жоқ.

Екі саладағы соңғы өзгерістерді таразылап көрейік. Шығын мен пайда тұрғысынан алып қарасақ, биотехнология жыл сайын он есе ілгері жылжып келеді. Адам геномын оқудың шығыны 2001 жылғы 3 миллиард доллардан қазір 1 мың долларға дейін азайды, он жыл бұрын көп ай кететін бұл процедура қазір бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде жүзеге асырылады. Сонымен бірге, PricewaterhouseCoopers есептеуі бойынша, қазіргі даму қарқынына қарап есептесек, 2030 жылғы қарай ЖИ-дың әлемдік өнім өндірісіне қосар үлесі 15,7 триллион доллар болмақ. Бұл – қазіргі Қытай мен Үндістан екеуінің өндіріс көлемін қоса алғандағы көрсеткіш.

Дегенмен, бұл болжамдар өзгерістің экономикаға тигізер ықпалын көп ескермей отыр. ЖИ жасақтамалары кең тарап, біздің күнделікті өміріміздің барлық салаларына дендеп енгені соншалық, олар ғаламдық өнім өндірісіне Интернетпен салыстырғанда 3-4 есе көп үлес қосады, ал Интернет қазір әлем экономикасына шамамен 50 триллион доллар әкеліп отыр. Оның үстіне, қазіргі зерттеулер шашыраңқы болғандықтан, ЖИ мен биотехнология бірлескен технология толық есепке салынып, бағаланған жоқ.

Мәселен, бірлескен технология әлемдік денсаулық сақтау саласындағы орган донорлығы сияқты мәселелерді шеше алуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2008 жылғы есебі бойынша, әр жыл сайын 100800 орган трансплантациясы жүзеге асырылады екен. Ал АҚШ-та 113 мың адам өмірлерін сақтайтын донор трансплантациясын күтіп отыр, есесіне жыл сайын мыңдаған сау орган пайдаланылмай қалып жатыр. Жылдар бойы бүйрек донорына мұқтаж науқастың таңдауы аз болып келді: ол биологиялық тұрғыда лайықты бүйрегі бар тірі адамның бір бүйрегін бергенін күтеді, болмаса жергілікті ауруханада бүйрегі сау болып өмірден озатын донорды күтеді.

Науқастар да, бүйрегін беруге ынталы донор да көп болғандықтан, Big Data мен ЖИ жұптасқан бүйрек донорлығы жүйесі арқылы бұл қарабайыр жүйеге қарағанда әлдеқайда көп сәйкестік табуға қабілетті.  Енді науқастар биологиялық тұрғыда лайықты болмаса да,  донордың бүйрегін ала алады, себебі ЖИ аса ауқымды донор-науқас қарым-қатынасы негізінде донорлар мен қабылдаушыларды жұптастыра алады. Іс жүзінде бүйрегін өзінің жақынына немесе бөтен адамға беруге ынта танытқан жалғыз адамның өзі домино эффектін қалыптастырып, жұптасудың ұзын тізбегіндегі үзікті жалғап, ондаған адамның өмірін сақтап қалуға үлес қоса алады.

Бүйрек алмасу алғаш жүзеге асырылған 2000 жылдан бері 6 мың адам алгоритм анықтаған донорлардың бүйрегін алған. Бірақ бұл ЖИ-дің арқасында жүзеге асатын орган трансплантациясының басы ғана болуы мүмкін. ЖИ ықтимал донор мен қабылдаушыны анықтай алады, болашақта ол, мәселен, моральдық және діни факторларды да ескеріп, реттілік пен кезекті де қалыптастырып (органды кімнің кімнен кейін алатынын анықтап), бұдан да мол мәліметті басқаруы мүмкін.

ЖИ-дың өз әлеуетін толық жүзеге асыруына биологиялық мәселе кедергі болып отыр. Теория жүзінде ЖИ барлық тірі және қайтыс болған орган донорларының және әлемдегі барлық науқастардың мәліметін жинақтай алады. Бірақ іс жүзінде көп орган жұптарының уақыты шектеулі, себебі қайтыс болған адамның органы тез арада трансплантациялануы керек. Оны жұптастыру үшін орган қабылдаушы органды жылдам жеткізіп, операция жасауға болатын географиялық аумақта тұруы керек.

Бағымызға қарай, синтетикалық биотехнология бұл жұптасудың ауқымын анағұрлым кеңейте алады. Әлемдік деңгейде синтетикалық биология нарығы жылдам дамып келеді,  жалпы жылдық өсім деңгейі 20% болған ол 2024 жылға қарай ол 12,5 миллиард доллар болады деген болжам бар. Бұл дамып жатқан индустрияның өз ішінде органдарды қоршаған орта температурасында бірнеше күнге дейін тәннен бөлек сақтап, тіпті оны қайта тірілтудің әдістерін қарастырып жатқан компаниялар бар (олардың біріне мен инвестормын). Бұл органдарды жеткізуге болатын аймақты ұлғайтады, яғни өміршең органдар пулының көлемін үлкейту арқылы ЖИ анағұрлым тиімді жұптастыру тізбегінің моделін жасап, тор эффектісін  қалыптастыра алады.

Әдетте жаңа технологиялардың жетілдіру ұзақ жылдарға созылады. Сәтті болса, бұл инновациялар денсаулық сақтау саласының ауқымды бөлігінде төңкеріс жасап, жаһандық орган донорлығы режимін қалыптастыруы ықтимал.

Қазіргі озық технологиялардың моральдық және этикалық мәселелері де күрделі. Басты сұрақтарға әлі де лайықты жауап берілген жоқ. Алгоритмдер кедей және бай науқастардың қажеттіктерін қалай таразылайды? Донордың органы ағзасының қабылдамау ықтималдығы төмен шалғайдағы, бәлкім басқа елдегі науқасқа жөнелтілуі керек пе, әлде ағзасының қабылдамау ықтималдығы бұдан жоғары жақын маңдағы науқасқа жіберілуі қажет пе?

Бұл маңызды сұрақтар. Бірақ меніңше біз аралас технологияларды дұрыс жұмыс істетіп алып, содан соң тиісті бақылау орнатуымыз қажет. ЖИ-дың жұптау әлеуетінің арқасында өмірден өткен бір орган доноры сегіз адамның өмірін сақтап қала алады, биотехнологиядағы инновацияның арқасында органдар ешқашан ысырап болмайды. Бұл технология жылдам дамыған сайын көбірек адамның өмірін сақтаймыз.

Әлеуеті өте жоғары болғандықтан, ЖИ мен биотехнология жылдам дамы жатые. Олар алға жылжыған сайын жаңа комбинациялардың жолын ашып отыруымыз керек. Меніңше,  бөлек қарастыру арқылы біз олардың күшін тиіс бағалай алмағанымызды кейін түсінетін сияқтымыз.

TEJ KOHLI

Copyright Project Syndicate ©