18/11/2015
Ашықтық, есептілік, бақылау – жемқорлықпен күрес жолдары
18/08/2015
Диана Окремова: «БАҚ-тың мемлекеттік тапсырыссыз жұмыс істегенін қалар едік»
28/03/2016

Әділеттілік пен теңдік – финдік білім беру жүйесінің жүрегі

Сорос-Қазақстан Қоры (СҚҚ) Алматы қаласында еліміздің бес аймағынан жиналған мектеп командалары арасында «Финдік білім жүйесінің үлгісінде Қазақстанда инклюзивтік білімді дамыту» атты семинар өткізді.

Осынау семинар Сорос-Қазақстан Қорының 2014 жылы бастаған бастамаларының жалғасы болып табылады. СҚҚ-ң қоғамдық саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі Сәуле Аманжолқызы Қаликова осы семинарға шақырылған финдік мамандар – Хельсинки Университетінің профессоры Сай Вайранен және Рованиеми қаласының бастауыш мектеп мұғалімі Хеннариикка Кангаспен әңгімелесу мүмкіндігін пайдаланған болатын.

Сәуле Каликова (С.К).: Соңғы он жылда финдік орта білім беру жүйесі, оқушылардың білім алудағы жетістіктерінің жоғары деңгей көрсеткішімен әлемдік көшбасшы тізгінін ұстап келеді. Бұл көрсеткіш елдің бүкіл мектептерінде бірқалыпты тараған. Шамасы, финдік мектептер оқушыларға, олардың шығу тегі, әлеуметтік-экономикалық жайы мен қабілеттеріне қарамай, бірдей жақсы қызмет етеді.  Финдік мектепте білім беру жүйесінің қуаты мен тиімділігі осында деп ойлаймын. Осындай нәтижеге қол жеткізу жолымен бөлісесіз бе?

С. В (С.В.): 1970 жылы Финляндия барлық оқушыларға 9-жылдық тегін, негізгі білім беру жүйесін енгізу арқылы, білім беру саласында ауқымды реформа жүргізді.Оған дейін ата-аналар өз балалары үшін, бастауыш курсын бітірген соң, таңдау жасау керек болатын:  8 жылдық, академиялық бағдарлама бойынша ақылы оқуға жіберу немесе практикалық (тегін) 4 жылдық бағдарламамен оқыту. Жалпы мектептердің бәрі оқушыларға тең және тегін білім алуға  жағдай жасайды. Сонымен қатар тегін  тамақтану және егер мектеп пен үй арасы қашық болса, көлікпен жеткізіп салу (осы күнге дейін) қызметі бар. Реформа – білім беру жүйесінің жүрегі болып табылатын, әділеттілік пен теңдік сынды негізгі құндылықтарға сүйене отырып құрылды.

Бұл реформаны енгізу барысында педагогикалық білім беру жүйесі де қатар өзгеріп отырды. Ең әуелі, университет қабырғасында даярлау бағдарламасы төрт жылға, одан кейін, магистрлерді даярлау бағдарламасы да төрт-бес жылға созылды.

Жаңа білім беру жүйесі қабылданғаннан кейін әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан және «академиялық білім алу» тән емес болып табылатын отбасылардан  шыққан балалардың көбеюіне, сондай-ақ, бұрындары арнайы мектептерде оқыған (не мүлдем білім алудан босатылған)  балалардың болуына байланысты 1980 жылдары  жартылай арнайы оқыту қажеттілігі туындады.

Арнайы педагог мамандарды даярлау жүйесі, мәселен, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытатын мұғалімдерден эмоционалды мінез-құлықты балалармен жұмыс істейтін мұғалімдерге дейінгі бағытта кеңейді. Белгілі деңгейде реформалауға оқыту бағдарламасы, қаржыландыру жүйесі, кітаптар шығару, педагогтарды бағалау мен даярлау жүйесі де тартылды.

Бұл саясаттың нәтижесінде білім берудің жалпы деңгейі өсті, өңірлер арасындағы алшақтық толығымен жойылып кетпесе де, төмендетілді, сондай-ақ адами ресуртар пайда болды.

Біздер тек қана дарынды балалармен жұмыс істеуді тоқтатып, әрбір балаға/жас адамға мүмкіндік беру стратегиясын қабылдадық. Бұл бағытты таңдауда көптеген жастардың әлеуетін ашып, жетістікке толы қоғам қалыптастыруда адами ресурстарды өсіреміз деп шештік. Біздің  түсінігімізде «теңдік» ұғымы «барлығына бірдей» дегенді білдірмейді. Яғни, бұл талабы бар кез келген баланың әлеуетін ашуда мүмкіндік беріп, қолдау көрсету дегенді білдіреді.

Қол жеткізген жетістіктерге келер болсақ, әрине, Финляндияда басқа елдермен салыстырғанда «ең үздік» оқушы мен «нашар» оқушы арасында айырмашылық өте төмен. Менің ойымша, бұл білім беру саласына соңғы 40 жыл бойы құйылған инвестициялардың жемісі. Сонымен қатар, Финляндияның қазіргі уақытта ең бай, әрі қуатты елдердің қатарында болуы – білім саласындағы теңдік пен ашықтығының нәтижесі деп білемін.

С.К: Өткен жылы Сорос-Қазақстан Қорының ұйымдастыруымен бірқатар қазақстандық мамандар оқу мақсатымен Финляндияға барғанда, «Біз өз ұстаздарымызға сенеміз» дегенді оқушылар ауызынан көп естідік. Бұл қоғамдық келісімнің негізінде не жатыр?

С.В: Бұл өте қиын сұрақ. Себебі біз үшін сенім арту – қалыпты жағдай, мүмкін бұл ұлттық менталитетімізбен байланысты шығар. Біздер, финдіктер, өзімізді өте адал, әрі шыншыл деп есептейміз. Егер уәде берсек, міндетті түрде орындаймыз. Уәдені бұзу, өтірік және алдау – біздің мінез-құлқымызға жат нәрсе. Мүмкін, сондықтан да мектептерде үнемі мониторинг жасаудың қажеттілігі жоқ.  Барлық ұстаздар дерлік жақсы білім алған, олардан біз нормалар мен ережелердің білуін, және де өз істерін жақсы жасауды талап етеміз. Біз олардың жұмыстарын адал атқарып жүргендіктеріне сенімдіміз.

Финляндияда ұстаздық ету беделді іс болып табылады. Педагог куәлігін алудың өзі өте қиын. Бұл мамандықты иелену үшін бір орынға он адам таласады. Финляндияда мұғалімнің жұмысы қызықты, шығармашылыққа толы деп есептелінеді, өйткені мұғалімге педагогикалық жұмысын дамытуда және сабақ өтуде толыққанды еркіндік беріледі.

Біздің барлық ұстаздар магистр деңгейіне қол жеткізген. Олар бір мезетте білім беру саласының эксперттері, практиктер және зерттеушілер. Біздің ойымызша, осындай деңгейдегі білімнің иесі болған соң, олар өз істерінің білікті мамандары деп есептеледі және де алдағы уақытта ұстаздар өз біліктіліктерін дамытуда еңбек етеді. Мұғалімдерден еріктілік жұмыстардың  барлық саласында қатысу күтіледі. Мәселен, спорттық клубтарда. Ерікті  ұстаздар қауымынсыз бір де бір клуб жұмыс істей алмас еді, себебі, сол ұстаздар клубтардың іс-шаралар жоспарларын құрады, жаттығулар жүргізеді, турнирлер ұйымдастырады және т.б.

С.К.: Қазіргі уақытта әлем бойынша білім саласының болашағы жөнінде белсенді дебаттар өтуде. Осынау пікірталас алаңында, былай қарағанда, қарапайым дүниелерге айтылып жатқан идеялар, өз жаңашылдығымен және бірегейлігімен таң қалдырады. Идеялардың бірі бұл тұрғыда Финляндиядан келді: жеке оқу пәндерінің аясында оқыту процесін ұйымдастырудан алшақтап, «тақырыптық зерттеулерге» көшу.  Осы реформа туралы айтып кетсеңіз. 

С. В.: Жоспардағы жаңа Ұлттық білім беру бағдарламасында (2016 жылдың тамыз айында басталады) жылдық «пәнаралық курстардың» минимумы орнатылады. Бұл – мектептер, жоқ дегенде, бір «пәнаралық оқыту курсын» оқушылардың, мұғалімдердің және қауымдастықтардың қызығушылық танытатын тақырыптары бойынша қамтамасыз етуге тиіс дегенді білдіреді. Ол жергілікті жағдайды немесе мәселелерді айқындауда, әр түрлі тараптардың көзқарастары ескерілетіндігін білдіреді. Мәселен, «Қоршаған ортаны өзгерту» тақырыбы тарих, биология, география, әлеуметтік ғылым, мәдениет, қолөнер және т.б. тұрғысында зерттелуі мүмкін.  Бұл идеяның мақсаты – теориялық білімді практикалық кеңістікке өткізу.

Негізі бұл идеяның жаңашылдығы жоқ. Мен 1980 жылдары университетте оқығанымда, біздерді, болашақ ұстаздарды «пәндік интеграциялауға» оқытатын. Барлығы емес арине, бірақ көптеген мұғалімдер мен мектептер көптеген жылдар бойы осы бағытты қолданып келді. Қазіргі уақытта бұл тұжырымдамаға жүйелілік орнатылды.  Ендігі кезекте, барлық мұғалімдер және мектептер сыныптан тыс практикалық оқытудан тек қана пайда алады деп есептеймін.

С. К.: Финляндияда көптеген жастар ұстаз болуға ұмтылады екен. Оның себебі не? Осы мамандықты өзіңіз неге таңдадыңыз? 

Хеннариикка Кангас (Х.K.): Финляндияда ұстаздық мамандығы өте беделді. Жыл сайын осы мамандыққа қол жеткізуге тырысқан жастардың саны артып келеді. Тіпті, бұл талпыныс басқа да жұмысы бар адамдар арасында бар. Олар өз мамандығын өзгертіп, мұғалімдік салаға ауысуды қалайды. Қоғамда ұстаздар қауымы өзіндік беделге ие, мұғалімдерге, олардың жұмысына  үлкен сеніммен қарайды және де мұғалімдерде оқыту барысында тәуелсіздік бар. Бұдан бөлек, ұстаздық жолында адамның дамуына, жаңа білім алуға және педагогикалық құзырін дамытуға мүмкіндіктер берілген. Мәселен, Сіз белгілі бір пән бойынша ғана машықтана аласыз және тек өзіңізге қызық бағытта сабақ бере аласыз; немесе мектеп директоры болуға талпына аласыз. Мұғалімдерді жалпылама даярлау – толыққанды білім  мен профессионалдық өсуде үлкен түрткі болады. Сондай-ақ, мұғалімнің жұмыс уақыты мен кепілдендірілген демалыс қызықтырады.

Маған өз мамандығымды таңдау өте оңай болды. Мен қоғамның дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Маған ұстаздық жолы өте жақын, өйткені, ұстаз – балаларға, олардың болашағына  әсер етуші адам. Менің сыныптағы міндетім – барлық оқушыларға білім алу мен дамуына жағдай жасау, олардың қажеттіліктеріне жауап беру

С. К.: ҚР білім беру саласындағы бірден-бір проблема бұл балалар мен ата-аналарға артылатын үлкен жүк – үй тапсырмаларын орындауға көп уақыт жұмсау керек. Осы ретте финдік оқушының күнделікті оқу күні қалай өтеді? Мұғалімнің ше? Үй тапсырмасын орындау туралы не айтасыз?

Х.К.: Балалар туралы айтар болсақ, оқушының күні оқу орнына жетуден басталады. Олар мектепке дейін жаяу, велосипедпен, не автобуспен, тіптін, шаңғымен де жете алады! Бұл жол қашықтығы бес минут пен жарты сағат  уақытын алуы мүмкін. Финляндияның солтүстігі бөлігінде бұл қашықтық одан да көп уақытты алады. Сабақ таңғы сағат сегізде, тоғызда, не онда басталады. Және де аптаның кейбір күндерінде бұл уақыт өзгеріп тұрады.

Баланың ең бірінші оқу жылында, аптасына шамамен 20 сабақ болады. Жылдан жылға апта сайынғы сабақтар саны көбейіп, тоғызыншы сыныпта оқушыда аптасына 31 сабақ болуы мүмкін. Әр сабақ 45 минуттан, арасында 15 минуттық үзіліс беріледі. Мектептерге сабақтарды өткізуде уақыт шегін өз қалауынша ұйымдастыру қарастырылған. Мәселен, мен жұмыс істейтін мектепте сабақтар 60 минутқа созылады. Олардан кейін үзілістерге көбірек уақыт бөлінеді. Алайда, бұл апта көлеміндегі сабақтар санына әсер етпейді. Үзілістерде балалар мектеп аулаларында еркін ойнайды. Бұл қыс мезгілінде де шектелмеген.  Мектеп қабырғасында балаларға тегін тамақтану үрдісі қалыптасқан, оқу күнінің екінші жартысында бастауыш сынып оқушыларына түрлі клубтарға қатысуға мүмкіндіктер жасалған.

Мұғалімдердің күні оқушылардікінен өзгерек. Себебі, әр сабақ жоспарланып, алдын ала даярлануы қажет. Оқу күнінде түрлі жағдайлар туындап, олар үзілістер кезінде, не сабақтан кейін шешіліп отырылуы тиіс. Сабақ біткен соң, ата-аналармен жиналыстар, не ұстаздар кеңесі өтіп жатады. Біздер әрдайым ата-аналармен тығыз қатынаста жұмыс істейміз, басқа ұстаздармен сабақты бірлесіп өту мәселесін шешеміз, не басқа да қағазбен жұмыстарымызды жасаймыз.

Әрине, балаларға үй тапсырмалары беріліп отырады. Олар мектепте алған білімдерін пысықтап отыру үшін беріледі. Үйге берілетін тапсырмалар әр оқушының қажеттілігі мен мүмкіндігіне қарай жеке беріледі.  Меніңше, үй тапсырмасы ұстаздың білім берудегі нәтижесін айқындайды. Және де менің оқушыларым үшін бұл жетістікке қол жеткізудің бір шарасы.

С.К.: Оқушының мектепте тамақтануы мәселесі бойынша, әр елде түрлі тәсілдер қолданылады. Тәсілдердің әрқилылығына қарамастан, түпкі мақсат, жағдайы төмен отбасылардың балаларына қолдау көрсету деп білеміз. Бұл мәселе финдік мектептерде қалай шешілед?

Х. К.: Финляндияда барлық оқушыларға тамақ тегін беріледі. Бұл ереже бүкіл бастауыш сынып оқушылары, орта сынып, жоғарғы сынып және кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінде бірдей жүреді. Мектептегі тамақтану құқығы «Финляндияның жалпы білім беру туралы» заңында да жазылған (628/1998). Түскі ас кезі – бұл оқушылардың өзара араласуына және өз қатарластарымен қызықты тақырыптарға ой бөлісуге мүмкіндік уақыты. Дастархан басындағы этикет, тамақтану мәдениетінің дамуына зор үлесін қосатын жағдай. Оның үстіне, мектепте тамақтану оқушылардың дамуы мен көңіл-күйіне әсер етуші фактор. Осы ретте мектепте тегін тамақтану – әрбір баланың құқығы.