20/11/2019
Телефон нөміріңіздің неге керек екенін Facebook түсіндіруге тиіс
20/11/2019

Деректеріміздің болашағы

Цифрлы ортамыз едәуір жылдам өзгеріп келеді. Ендігі бес-он жылда оның қандай болатынын нақты ешкім де болжап білмейді. Бірақ өз деректерімізді өзгеге тапсыратын тәсілдің түптің түбінде өзгеретінін анық білеміз. Әрбір әрекеттің нәтижесінде деректерімізді қалай өндіретінімізді, жаңа технология қаптаған әлемде құқымызды қалай сақтап-кеңейтетінімізді және деректерімізді қалай қорғайтынымызды шешуіміз керек. Деректерімізге кім қол жеткізе алады және ол деректерді қалай қолданады деген мәселе төңірегінде негізгі дау-дамай өрбиді. Болашағымызды қалыптастыруды бүгіннен бастап, шара қолданатын уақыт жетті.


Осы жерден бастаймыз

Қазір жолайрықта тұрмыз. Өкімет орталықтандыруға мүмкіндік берді және құпиялылықтың көзін құртуға жол ашты. Үкімет пен монополистер жасаған технологиялық таңдауға байланысты туындаған өзекті міндеттерді біз шеше аламыз. Болашағы зор мүмкіндіктер де бар. Жасақтау деңгейіндегі қызғылықты технологиялар да жеткілікті. Құқықтық кепілдемелер енді-енді күшіне мініп келеді. Мысалы, Еуропада Адам құқығы конвенциясында әрбір еуропалық жеке және қол сұқпау күші бар құқыққа ие екені жазылған. Ал Еуроодақтағы деректерді қорғау ережесі Деректерді қорғаудың жалпы регламенті негізінде адамдардың құқығын қорғау үшін жаңа стандарттар орнатқан. Дүниежүзіндегі соттар барынша қызық әрі маңызды мәселелерді қозғаған арыздарды қарастырып жүр. Мейлі ол жеке өмірге қол сұқпау құқығы туралы Үндістан сотының 2016 жылы енгізген ресми шешімі болсын, мейлі идентификация туралы Ямайка сотының шешімі болсын, сондай-ақ АҚШ-тағы мобильді телефондардың мекенді көрсететін деректеріне қатысты мәселесі болсын, әйтеуір сең қозғалды. Дүниежүзінің барлық мемлекеттері деректерді қорғау туралы заңдар қабылдауда – қазір мемлекеттердің көпшілігі деректерді қорғаудың қандай да бір формасына ие болған.

Ұмытпаңыз, біз біріккенде ғана өзгерміз. Соның негізінде интернет пен болашағымыз қолынан іс келетін, сыни-пайымды интеллектуалдардың ұжымына айналады. Бағыт-бағдарымызды өзгерте аламыз. Болашақ әлі жазылған жоқ қой: бүгінгі іс-қимылымыз жүрегіміз қалаған болашаққа жетелейді.

Бүгінгі цифрлы ортада бізге ұнамайтын жайт көп:

Деректерді иеленудегі монополия және аңду

Біріншіден, деректерді иеленудегі монополия бізге ұнамайды. Ірі технологиялық компаниялар деректерімізді көптеп жинап алып, өздерінің жеке мүддесі үшін пайдаланады. Олар жаңа заманның феодалдары. Олар біздің өміріміз бен қоғамымызды аңдуға, болжауға, автоматтандыруға тырысады.

Alexa және Google Assistant  секілді аңду машиналары төрімізге отырып алған. Олар біздің не сөйлегенімізді мұқият тыңдап, не істегенімізді жақсылап аңдып отыр.

Мобильді құрылғылар мен аксессуарлар бізбен бірге қыдырып жүріп, қайда барсақ та әрбір қадамымыз туралы деректермен бөлісіп, мәліметтер жинап алады. Жария және жасырын түрде аңдуын да тоқтатар емес.

Бұл жәй ғана бейтарап бақылау емес, бұл біздің қоғамдық құрылымымыз бен өмірімізді белсенді түрде қадағалау. Компаниялар әрбір іс-қимылымызды болжап, неге қызығатынымызды біліп, соның негізінде шешімдер шығарады. Олар теориялық тұрғыдан бізді өзімізден де жақсырақ біледі.  Олар таңдау елесін ұсынғансып, қандай ақпараттың бізге жетіп, қандай ақпараттың жетпеуін өздері реттеп, шешіп отыр. Құқымызды талап еткен бізге қарсы жасырын шаблондарды қолданады.

Біздің сыртымыздан не істеп жүр?

Әлеуметтік желідегі посттар, фотосуреттер секілді саналы түрде жазған деректерімізді ғана жинайды дей алмаймыз. Қосымша жолмен қалдыратын деректер де сақталады: барған жеріміздің тарихы, браузердегі белсенділігіміз, біз қолданған құрылғылар туралы ақпарат, өзге де қайнар көздерден осындай ақпараттарды сүзіп алып, соның негізінде шешімдер шығарып, болжамдар жасайды. Мәселен, интернеттегі іздеу шаблондарыма сүйеніп, компаниялар менің жынысым, кірісім, балаларымның саны, сатып алу әрекетім, әлеуметтік өмірдегі қызығушылығым мен қоғамдағы рөлімді болжап отырады. Деректерді қорғау туралы заң аясында, онлайн-аңдумен айналысатын компаниялар жинаған өзім туралы барлық деректерге бір мемлекеттерде қол жеткізсем де, басқа елдерде олай істей алмаймын.  Бәрі де күрделі. Тіпті өзім туралы жиналған деректерді көруіме рұқсат ететін елдердің өзінде, ең әуелі қандай компания менің деректерімді жинап жүргенін білуім керек. Жаппай бақылау орнатқандықтан, мені аңдығанын өзімнің де білмей қалуым ешкімді таң қалдыра қоймас. Егер компанияға «мен туралы не жинағаныңды білуіме рұқсат ет» деп сұрау салып, оны анықтар болсам, сондай бір шұбалыңқы жұмыс басталып кетеді. Бұл жолда қиындықтар мен кедергілер көп, олардың кейбірі мақсатты түрде, енді бірі жеткіліксіз дизайнның кесірінен туындауы мүмкін.

Пікір білдіру құқының шектелуі

Интернет-платформалар бостандығымызды адам нанғысыз ауқымда шектеп отыр. Олар қосымшалары мен уеб-сайттарында қандай контентті орналастыруға рұқсат беретінін қадағалап, бақылайды. Олар қандай контентке рұқсат бар екенін, қайсысына рұқсат жоқ екенін анықтайтын алгоритмдер жасап қойған. Ең сорақысы, Еуропада 2019 жылдың наурыз айында қабылданған «Авторлық құқық туралы» жаңа заңда интернетте бір-бірімен сөйлесу, пікір білдіру тәсілдерін жоққа шығарып, платформалардың жетекшілерін цензуралауға мәжбүрлейді. 

«Тегін» қызметтер

Біз енді «тегін» қызметтерге сенбейміз, деректерімізді пайдаланып жүргенін білеміз. Іс-әрекетіміз бен пікірімізге ықпал ету, болжам жасау, аңду үшін деректерді намысқа тиетін тәртіппен пайдаланады. 2018 жылы Cambridge Analytica рұқсатсыз пайдаланудың бұл жолы демократиялық мемлекеттерді әлсіретіп, демократиялық процестерді құртатынын дәлелдеп берді.

«Тегін» қызметтер дегеніміз – құпиялылықтың жоғарғы деңгейін сақтау үшін өнімге ақы төлемеу деген сөз емес. Құпиялық деген – сіз ақысын төлейтін дүние болмауы керек. «Тегін» қызмет ұсынатын компаниялар адамдар енгізген деректерді пайдалануды осы қылығымен бүркемелемеуге тиіс.

Қалай? Біздің әңгімеміз міне, осы жерден басталады. Төменде болашақта дамитын төрт мүмкін сценарийді атап өтеміз. Ол болашақтағы цифрлы қиындықтардың шырмауында қалған, қарапайым ғана адам – Амтистің көзқарасымен суреттеледі.

Амтис болашаққа сапар шегіп, дамудың төрт болжамды нұсқасын анықтап келді: біреуінде деректер жылжымайтын мүлік немесе деректер нарығы секілді бағаланады; екіншісінде деректерге еңбек секілді ақы төлейді; үшіншісінде деректер ұлттық қорларда сақталады; ал төртіншісінде пайдаланушылардың өз деректеріне қатысты нақты құқықтары бар.

Амтистің күнделігінен бастан кешкен оқиғасын қалқып алдым. Сәл-пәл қызықты болуы үшін әр тараудың соңына өзімнің пайымдарымды қостым 🙂

Егер осы жұмысты жалғастырып,  комикс, ән жазғыңыз келсе, сурет көрмесін өткізуді қаласаңыз, анимация немесе қысқа видео түсірем десеңіз,  valentinap@privacyinternational.org.  электронды поштасына хат жазыңыз.

Идеяларыңызды тыңдап, сізбен пікір бөліссем деп едім;)

Осы бір жобаны жасап, жетілдіруге көмектескен баршаға: PrivacyInternational және Mozilla-дағы әріптестеріме, Мэгги Хогиға, Сламмер Мусутаға, Дариус Каземиге және өзге де достарым мен тамаша жандарАндреа БелуғаАлександра ШтефанескугеЛюциан БокағаДжош ВудардқаФилипп ШелдрейккеКристофер ОлкқаТуука Лехтиниемиге, және Ренате Самсонға алғыс айтқым келеді.

CuántikaStudio студиясы көркемдеген (Джулиана Лопес – көркемдеуші жетекші және иллюстратор, Себастьян Мартинес – креатив директор).

Редакциялаған Сэм ДиБелла.

Бұл жұмыс  CreativeCommons «Attribution-ShareAlike»-ның халықаралық лицензиясын алған («Атрибуттар – сол шарттардың негізінде») 4.0.

Ұсынылған тақырып: «Деректеріміздің болашағы» – PrivacyInternational-да қызмет еткен, Mozilla-ның байырғы қызметкері Валентиной Павел орындаған жұмыс; жоба мен иллюстрация CC BY-SA 4.0. лицензиясын алған.

БІРІНШІ СЦЕНАРИЙ – ДЕРЕКТЕРГЕ МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫ

Амтис 2030 жылғы болашақты былай көрген еді: деректерге меншік құқығы енгізілген. Ол болашақты былай сипаттайды:

Менің деректерім – менің мекен аумағым. Көшеде жүріп келе жатып көрген алғашқы графити осы еді. Өз-өзіме: «Иә, алып корпорация, саған көмектесеміз!», – дедім. Деректерімді қыруар қаржыға айналдырып отырған компаниялардан әбден мезі болдым. Егер мұны бәріміз жаппай кіріскен ойын десек, демек мен де өз үлесімді алғым келеді.

Бұлай ойлаған мен ғана. Бірнеше жыл бұрын деректерге жеке меншік құқығын беру туралы заңды қабылдауға итермелеген үлкен дүмпу болған еді.

Деректерді меншік құқығына айналдыратын мәселелермен айналысатын кеңесшіге бара жатырмын. Жұмыстан шығарып жіберді, демек осы қалада күнелту үшін бірдеме істеуім керек. «Деректеріңді сат» деген үлкен жарнама тақтасы бар биік әйнек ғимаратта орналасқан консалтинг фирманың алдында кезек күткендер көп. Алғашқы кеңесті тегін береді екен.

Сонымен, деректер меншігіне иелік ету құқығым бар. Неден бастасам екен?

Деректерге иелік ету құқығы дегеннің не екенін білмегендіктен, кеңесшінің көмегіне жүгінемін деп шештім. Мысалы, деректерімді жалға бере аламын ба? Қор нарығындағыдай, адамдар өз деректерін сатып, сатып алса бола ма?Маған мөлшерлеме жасау үшін деректер брокері керек бола ма? Деректерімді қызметтерге ұдайы ұсыну арқылы қанша ақша таба аламын? Деректерім болашақта неше сомаға бағаланады? Оны балаларыма мұраға қалдыра аламын ба?

Дәл қазір мені пайда түсірудің ең жылдам жолы көбірек қызықтырады. Сөйте тұра, бұрынғы уақыттағыдай, яғни «тегін» қызмет деп алғанымдай, сан соғып қалғым келмейді. Иә, жұмыстан айрылған шығармын, бірақ ар-намысымды таптатпаймын. Деректерімді қандай да бір жолмен компаниялар пайдаланғанын қаламаймын. Өзімнің шарттарымды қоя аламын ба?

Көп деректерге – болмашы ақша

Кеңес алуға кезек күтіп тұрған сәтімде әлеуметтік желілердегі деректеріме арнайы төлем қызметін блоктан шығарғаным жөнінде хабарлама алдым. Бұл хабарлама тұрған жеріме орай келген сияқты. Иә, бұл қосымша нақ осы бір кеңес беру фирмасының кезегінде тұрғандарға ғана арналған екен. Осындай жеке қосымшалар ұсына алғанына қарағанда, бұл фирма шынымен де ірі болса керек. Бұл үшін олар арнайы комиссия алатынына сенімдімін. Олар әлеуметтік желідегі кез келген байланыс: жарияланым, суреттерді жүктеу, адамдарды, нысандарды белгілеу, сілтеме арқылы өту үшін 0,50 бірлік ұсынды. Мен бұл қосымшаны жай ғана қолданып көрдім, 10 минуттан соң шамамен 5 бірлік – қоғамдық көлікте жүру құнындай пайда таптым. Пайда шаш етектен демейін, бірақ менің жағдайымда әйтеуір кішкене болса да көмек болары анық. Бұл бір реттік акция ма, әлде ертең де сыйақы ретінде ұсыныс жасай ма, ол жайынан хабарсызбын.

 Деректер арқылы алған несие

Әлеуметтік желілер операторы деректер арқылы алуға болатын несиені жарнамалады. Таяуда ғана мұндай операторлар банк секілді жұмыс істей бастаған еді. Олардың жаңа өнімі деректері жоқ қаржылық несие пакеті секілді жұмыс істейді. Деректер – пәтерің немесе тауарың үшін алған несиені жабудың кепілдемесі емес, жеке меншік болып есептелетіндіктен, несиені жабуым үшін жеке меншігімді, бұл жағдайда жеке деректерімді кепілге қоя аламын. Компания менің кім екенімді, қаржылық операцияларымды, одан да маңыздысы, әлеуметтік іс-қимылымды, яғни қаншалықты сенімді екенімді және деректерімнің қаншаға бағаланатынын жақсы білетін. Мен үшін өте жедел шешім болып көрінді, алайда кеңесшімен кездесу қалай өткеніне көз жүгіртейікші.

Бағаны белгілеу үшін деректерді толық сканерлеу

Кеңесшінің кабинетіне ақыры аяқ бастым-ау деген сәтте күн ұясына батып-ақ қалған еді. Компанияның «деректерді жинау жөніндегі қызметкерлері» тұтас бір қабатты алып отырады екен. Олардың көпшілігі, негізінен, бағдарламалау машығы бар сатушылар болатын. Мені деректерді жинау жөніндегі бір қызметкерге алып барды. Қызметкер амандасып алған соң ең әуелі не істеу керегін түсіндірді. Толық сараптан өткізу үшін құрылғыларым мен аксессураларымды сканерлеуге беруім керек екен. Құпиялылығымды сақтау мақсатында барлық деректерімді жеке сақтаған едім, алайда бағасын білгім келсе, құрылғыларымды кеңесшіге тапсыруым керек.

 «Тегін» қызметтерден құтыла алар емеспін

Бағаны белгілеудің мұндай тәсіліндегі құпиялылық саясаты туралы да қызметкер түсіндіріп берді. Құрылғыларымнан алынған деректер әлеуметтік желідегі операторым мен олардың әріптестеріне өтеді екен. Міне, алғашқы кеңес неліктен тегін екені белгілі болды. Жұмыссыз болғандықтан, таңдап отыратын шамам жоқ. Мені пайдаланып отырғандарын сезсем де, бас тартуға қауқарсызбын. Келісімнің қиындығына қарамастан, не болса кері шегінбеуге бекіндім.

Деректерім сканерленіп жатқан уақытта қызметкер виртуалды шындық бағдарламасын қосты. Бұл бағдарлама мәліметке иелік ету ұғымымен таныстырады. Мені қызықтырған сауалдарды осында отырып қоюға мүмкіндігім бар екен, құрылғыларымнан фондық режимде алған деректерімді сараптау нәтиежесіне сүйеніп, кері байланысты белгілей аламын.

Деректерім қалай қозғалатынын, оны қандай әріптес компаниялар мен филиалдары алып, пайдаланатынын білудің жолы бар ма? – мені қатты мазалаған сауал осы еді. «Деректерімді шектен тыс пайдаланып отыр» деген мәселемен шағымдана алатын қандай да бір мекеме бар ма? Ондай жағдайда олар не істей алады?  Физикалық меншік құқығында, мәселен, мотоциклім жоғалып кетсе, мен ол туралы полицияға хабарласып, олар жоғалған көлігімді табуға тырысады. Егер олар мотоциклімді тауып бермесе, маған ешкім жаңасын сатып алып бермейді. Бәлкім, жолым болды дегенде сақтандырушы компаниялардан мотоцикл үшін өтемақы алатын шығармын. Бірақ, ұрланып кеткен мотоциклімдей көлікті алмайтыным анық. Деректер меншігінде де сондай жағдайға тап боламын ба?

 Деректерді пайдалану үшін тапсырысқа моделденген ЖИ көмекшісі

Виртуалды бағдарлама аяқталған соң деректерімді пайдалану үшін тапсырысқа моделденген жасанды интеллект көмекшісі бағдарламасын енгізгенін қалаймын ба – шешуім керек екен. Мәселен, деректер пакеті арқылы компаниялардың үздік ұсыныстарын көріп отыру үшін бағалар туралы хабарламаларды енгізе аламын, сондай-ақ жазылым арқылы деректерімді өзге компанияларға жалға беруіме болады. Моделдеудің көмегімен бәрі да анық бола түсті.

 Деректерді сату үшін шынайы өмірдегі ашық сауда

Ең алдымен деректерді сату үшін шынайы өмірдегі ашық сауда қалай жүретінін білдім. Әуелі сауда платформасына қандай құрылғылар қосылатынын таңдап аласыз. Сіздің құрылғыңыз – өзіңізсіз, оның ішіндегі іс-әрекеттердің барлығы сіздің меншігіңіз. Осы құрылғылар басқаратын барлық деректер орталықтанған платформаға түсіп отырады. Сауда платформасына тіркелген бірнеше компания бар,  олар транзакция біткен соң деректеріңізге қол жеткізеді. Деректеріңіз сауда платформасына түскен сәттен бастап оларды бірден аукционға қоя аласыз.

Жасанды интеллект маған бағалар ауқымын қоюға көмектесті және бұрынғылар ең алдымен деректерін қалай сатты, транзакциялық деректердің қайсысы өтімді, ал қандай деректер шаш етектен пайдаға кенелтуі мүмкін екенін де айтып берді.

Деректерге синхронды жазылу

Балама үлгі ретінде жазылу қосымшаларында компанияларға арнап деректерімді орналастыра аламын. Жасанды интелект көмекшімнен жазылудың бағасын белгілеп беруін сұрауыма болады. Компаниялар шектеулі уақыт аралығында деректеріме жазыла алады. Деректердің үзіксіз ағыны толастамайтындықтан, әсіресе стартаптар осы үлгіні ұнатады. Кемшілігі – компаниялар ұлғайып, қызметін өзгерткен кезде, түсіндіріп жатпастан немесе хабарлама жіберместен деректеріме жазылуын тоқтатады, ол деректердің оларға енді керегі жоқ.

Деректерді пайдалану екінші орынға сырғиды

Жасанды интелект жазылуға негізделген. Жағдайыма байланысты мен оны сатып ала алмадым. Кеңесші өнімді жасаушылар мен жиі қолданатын әлеуметтік желінің серіктесі екенін айтты. Сондықтан, кеңесшінің сөзіне сенсем, көмекшіні сатып  алу үшін несиені рәсімдеуге өтініш беруіме болады екен.

Әрине, деректерімнің транзакциясын көмекшінің көмегінсіз-ақ, өзім басқара беруіме болатын еді. Ондай жағдайда күллі жұмыс сағатында осы іске шұқшиып отыруым керек: барлық шарттарды оқу; мені алдамағандарына көзімді жеткізу үшін кішкентай әріппен жазылған тұстарды қалт жібермеу; ең үздік қосымшаларды іздеу үшін көп уақыт жоғалту. Тіпті осыдан кейін де барлық шарттарды түсініп-білемін деп айта алмас едім…

Ақыр аяғында несие рәсімдеп, жасанды интелект көмекшісін сатып алдым. Аздаған параметрлерді ғана қосқандықтан, деректерді жинау бойынша қызметкер көптеген бағдарламаларды енгізіп басын қатырмады, баптауларды да көп өзгерткен жоқ.  Ақшаға өте мұқтаж болғандықтан, аздаған қаржы тапсам да бәріне көндігуге әзір едім. Деректерімді кепілге қойып алған несиемді екі есе жылдам өтеп тастауым үшін көмекшім жеке деректерімнің бағасын барынша көбейтуге көмектеседі деп сенемін.

Кеңесшімен сөйлесіп болып, жолай «Деректердің халықаралық жаңалықтары» (WorldDataNews) арнасын көре бастадым. Люси есімді қызбен сұхбатты көрсетіп жатыр екен. Ол  PeopleInc концепциясын ойлап тапқан  Дженнифер Лин Мороннан шабыт алғаны туралы әңгімелеп отыр. Дженнифер Лин Морон көркемөнер колледжінің студенті бола жүріп шектен шыққан капитализмге қарсы шығамын деп шешкен еді. Ол компаниялардың қанауын тоқтатудың жалғыз жолы сол деп есептеді. Дженнифер Лин Морон «Заңды тұлғалар» деп аталған бағытқа жетекшілік етіп, соңынан ерушілердің қарасын күннен-күнге көбейте түсті. Люси де сол бағытқа ерушілердің бірі екен.

Физикалық тұлғалардан заңды тұлғаларға дейін

«Заңды тұлғалар» концепциясы, негізінен,  жеке тұлғаңыздың, атыңыздың, IP-адресіңіздің, өзіңіз жасаған әрбір бит-мәліметтің сіздің компанияңыздың меншігі екеніне кепіл береді. Теориялық тұрғыдан деректеріңізді сіздің келісіміңізсіз немесе шектен тыс пайдаланса, оларды сотқа бере аласыз. PeopleInc. бұл сіздің деректеріңізді қорғаудың тиімді тәсілі екенін айтады. Адамзаттық корпорациялардың деректердің ағыны көп компанияларға ықпал ете алу мүмкіндігі зор. Оған қоса, қосымша қаржы табу мақсатында деректерді беру мен өңдеу құрылғыларын, деректер қызметінің барлық түрін сата аласыз.

Мысалы, әлдекім достарымен суретке түсетін жақсы сырахана іздесе немесе қаланың қай жерінде дәмді тамақ жеуге болатынын білгісі келсе, ақысын төлесеңіз, JenniferLynMoroneInc. сізге ондай жерлерді ұсына алады. Сондай-ақ ол қосымша өз өнімділігін де арттыра біледі. «Достарым немесе отбасым корпорацияға айналса, кімді не үшін пайдаланатынымды білетін едім, кімге қызық екенімді де болжайтын шығармын, олар маған не істей алатыны үшін емес, олардың кім екенін білу мақсатында осындай қадамдар жасаймын», – дейді ол.

YourName, Inc.-де корпорацияңды ашу оңай емес. Корпорацияны басқару үшін заңдық, кәсіпкерлік, техникалық дағдылар қажет. Осылайша, бұл үлгі білімді, күреске төтеп беруге мүмкіндігі мол орта тап арасында кең танымал. Бұл салада адамдар корпорациясы мүлдем өзгеше әлеуметтік динамика түрінде қызмет етеді.

Сіздің не ойлап отырғаныңызды қайдам, деректердің меншігі туралы Амтистің күнделігін оқып отырып, көңіліме алаң кірді.

Келесі сөзімде осы оқиғаны барынша объективті және сыни тұрғыда пайымдайтын боламын. Екінші сценарийді көргіңіз келсе, мұнда басыңыз.

Бірінші сценарий туралы пайым

Деректердің меншігі өте ауқымды немесе қатаң бақылау 

Деректерге меншік құқын беретін жаңа заң шығарудың мәселесі көп. Деректердің табиғатын және олардың іс-жүзінде қалай қолданылатынын ескере отырып, осы деректерге өзіңіздің ғана құқығыңыз болатынына толық сене алмаймыз. Сізде бар немесе жоқ физикалық тауарлар секілді, мұның да қиындығы көп. Деректер анда да, мұнда да, жан-жақта болуы мүмкін және ешбір ақша шығындамай, көшіріліп, жан-жаққа таралып жатуы да ғажап емес. Сондықтан меншік құқығына қоса, өзіңіздің ғана құқығыңыздың болғанын қаласаңыз, бірқатар қиындықтарға кезігесіз.

Меншік құқығы туралы жалпы ой нақты мүліктің пайдасын көріп, оны сақтауға негізделеді. Деректерге иелік етудің негізінде қандай ақпаратты ашқыңыз келетін емес, қандай ақпаратты ашқыңыз келмейтін тәсіл жатыр. Меншігіңізді жалға бергіңіз келсе, жалға алушы ол мүлікті сіздер келіскен мерзім аяқталғанша пайдалану және иелену құқығына ие болады. Бұл жағдайда мүліктің иесі ретінде жалға алу уақыты кезеңінде жалға алушыға шектеулі талап-тілек қоя аласыз.

Үй иелері ассоциациясын қарастырайық. Бәлкім үй сатып алғыңыз келетін шығар, алайда оған қоса үйдің түсі мен бау-бақшаның дизайнын өзгертуді қаласаңыз, келісім алуға міндетті болуыңыз мүмкін. Яғни меншікке құқығыңыз болса да, ол мүлікке қалағаныңызды істей алмайсыз. Бұл құқықтар сіздің иелігіңіздегі мүлікке абсолютті артықшылық бермейді. Деректерге иелік етуде де солай. Тіпті деректерге меншік құқығын берген күннің өзінде, оларға шектеусіз өкілеттілік ұсындыңыз деген сөз емес.

Бір реттік келісім

Деректерді сату бір реттік келісім, оның күшін еш себепсіз жоюға болмайды. Ол аз болса, деректеріңізді сатқан соң компания оған не қаласа соны істей алады. Деректерді сатып жатқанда кейбір шарттар қоюға болады, алайда адамдардың компаниялармен келісім жүргізе алатындай әлеуеті шынымен де зор ма? Құпиялылық та уақыттың өзі жоғалтатын тәуекел болып тұр. Бүгін біздің көңілімізден шығатын дүние ертең қолайымызға жақпай қалып жатады. Деректеріңіздің меншік құқығын өзге біреуге сатсаңыз, ол деректерді шектеулі түрде пайдаланады деген кепілдікті сізге ешкім бере алмайды. Бұл дәйек деректерге меншік құқығын берудің барлық түріне, сондай-ақ деректерді қаржыға айналдыратын сценарийдің барлық түріне де тиесілі. Бұл жайлы «Пайым» деп аталатын өзге де бөлімдерде кеңінен тоқталамыз.

Деректерге иелік ететін монополистік компаниялар құрымайды

Деректерге иелік ету құқығы колданушылардың дерегін компаниялар кең ауқымда жинап алуына кедергі келтірмейді. Оған қоса, Facebook, Amazon, Netflix және Google секілді компаниялар бүгінгі күннің өзінде деректердің көп бөлігін жинап алғанын да жоққа шығармайды.

Өзгерген сол бір үлгінің қатысушылары

Болашақта цифрлы кірістің негізгі көзі қандай болатынын білмейміз, алайда ең ірі компаниялардың кейбірі қазіргі күннің өзінде жарнамаға тәуелді екені анық. Яғни менің әлеуметтік желідегі әрбір қадамым мен сатып алған заттарым олардың қалтасына қаржы болып құйылады. Әлеуметтік желідегі қадамым көбейген сайын және олар ұсынған тауарларды сатып ала берген кезде олар жарнама берушілерден молырақ ақша ала түседі. Мәліметім үшін маған ақы төлейтін жүйеде, компания пайдаға кенелген сайын, маған да ақша түсіп отырады. Яғни менің сыйақы алуым үшін олардың көбірек ақша тапқанына мүдделімін. Мәссаған! Бас сауғалалап қашып, өзгерттік деп жүрсек, баяғы бір үлгінің қатысушыларына айналып кеткен екенбіз ғой! Нарықтық практиканың мәселесін жиып қойып, тиын-тебенге бола деректерді бұрыс қолдануды заңдастырғымыз келе ме?

Дәл менде не бар? 

Амтис өзінде не барын қысқаша ғана емеурінмен білдірді, алайда деректі сатқанда нақты қандай пайда табатыным туралы келісімге келу оңай секілді. Бұл менің ақылды есептегішімнің түсініктемесі, GPS координатым көрсетілген банк және кредит картамның көшірмесі болуы мүмкін. Ал достарыммен, отбасыммен түскен суреттеріме қатысты не істеймін? Егер олар маған тиесілі суреттерде бар болса, оны да компания пайдалана ала ма? Генетикалық деректердің жайы не болмақ? Олар менің отбасым туралы ақпаратпен толығып тұр, сондықтан, мен ол ақпараттарды ашсам, отбасымның ол суреттерге деген меншік құқығының жағдайы не болады? Болашақ балаларым мен немерелерім ше? Мен туралы мәлімет – өзге адамдар туралы да мәлімет береді ғой.

Менің хабарымсыз басқарылатын мен туралы деректердің жайы не болмақ? Бұл мәселені де олар қозғай ма?

Деректерге иелік ету құқығының жүйесін жобалау үшін адамдар түгелдей иелік ететін деректердің барлық түрі мен олардың статусындағы (мысалы, өзгерген деректер, сақтау орнындағы деректер) деректердің барлығын түгендеп, жіктеу керек. Біз үшін маңызды сауалдар: қандай деректерге иелік ету құқығы сақталады? Жиналатын, сарапқа түсетін, құрылымдалатын немесе профильденетін деректер ше? Өзгеретін деректер де біреуге тиесілі бола ма, әлде осы кезге дейін бір жерде сақтаулы тұрған деректерге ғана иелік ету құқығы беріле ме? Бір ғана деректердің бірнеше иесі болуы мүмкін бе?

Деректердің сипаты меншік болуға сәйкес емес

Назар аударуға тұрарлық заңдық дәйектер де бар. Әдепкіде зияткерлік меншікке қатысты құқық деректер меншігіне қатысты құқыққа ұқсас сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бұл екі ұғымның іргелі айырмашылықтары бар. Мысалы, авторлық құқық туралы заң ақпарат пен ойдың өзін емес, ойдың шыққан үлгісін қорғайды. Мысалы, суретті салған бояулардың құқығын емес, оны салудағы шығармашылықтың құқығын қорғайды. Facebook-те пост жазғанда, жазу тәсілі авторлық құқық негізінде қорғалуы мүмкін, сөйте тұра осы постта жазылған әрбір жеке сөздің иесі бола алмайсыз. Ал есептегіштер жинаған деректерге келсек,  бұл әлі өңделмеген деректер болғандықтан, оған шығармашылық белсенділіктің керегі жоқ. Деректер туралы менің зияткерлік меншік құқығым бар дей алмаймын, себебі деректер, әсіресе олар зияткерлік жұмыс негізінде жасалмаса, бұл заң аясында қорғалмайды.

Жарайды, деректермен әлдене істеп отырмыз деп болжап көрейікші. Көптеген ресурс пен күш жұмсап, деректер қорын жинақтадық. Еуроодақтың заңнамалары аясында деректер қорын қорғау туралы құқыққа сүйенсек, деректердің элементін емес, нақты сол деректер қорын қорғайды екенбіз. Демек, деректер қорын құруға жұмсалған ресурс қорғау нысаны бола алады, бірақ деректер қорын құру процесі қорғалмайды.

Авторлық құқық туралы заң аясында қорғалатын деректер жинау процесін талқыласақ (мысалы, антологияны), мұндағы қорғау – таңдау ерекшелігі мен ақпаратты орналастыруға қатысты жүреді, сөйте тұра, деректерді жинау процесін құрайды, ал жекелеген элементтерге бұл қорғаудың қатысы жоқ.

Одан бөлек, зияткерлік меншік құқығына қатысты бірқатар сын да айтылып жүр. Авторлар, әдетте өзінің жұмысы үшін аздаған сыйақы ғана алады, оны үлкен күлшенің кішкене бір бөлігі ғана деуге болады. Авторлар мен бенефициарлардың құқығының айырмасы жер мен көктей. Дыбыс жазушы компаниялар барлық ақшаны алып, авторларға ақыны ең соңынан төлейді. Келісім жасалғанда өзіне пайдалы шарттарға қол жеткізетін, жақсы заңдық өкілдік арқылы құқығын сақтап қалу мүмкіндігіне ие авторлар көп емес. Олар өлең жазудан бұрын, концерттерден көп пайда түсіретіні де сондықтан.

Ауқымды деңгейден қарастырсақ, меншік құқығы шеттетілгенін байқаймыз, демек ол құқықты біреуден екінші біреуге бере беруге болады. Жеке өмірге қол сұқпау немесе деректерді сақтау секілді азаматтық құқықтар ажырамас құқықтар дер едік. Егер оны біреуге берсеңіз, оның күллі мәні жойылады. Одан бас тартар болсаңыз, бостандықтың не пайдасы бар? Деректеріңізді сата тұрып, оны пайдаланудың кейбір негізгі құқығын сақтап қалғыңыз келсе, меншікке емес, құқыққа негізделген тәсілдер туралы ойландыңыз деген сөз.

Деректер нарығының практикалық мәселесі

Деректер меншігіне қатысты барлық мәселені қандай да бір жолмен шештік деп есептейік. Ендігіде деректер нарығына қатысты практикалық мәселелерді қарастыру керек. Меншік жүйесін қарастырайық: кейбір адамдар өзінің деректерін сата бастайды. Бағаны кім бекітпек? Қандай критерий негізінде бекітеді? Компаниялармен келісім жасасқанда пайдалы шарттарға қол жеткізу үшін кеңесшінің кеңесіне жүгіне ме? Ақшаны қалай аударады? Брокерлер арқылы немесе аукционда деректерді сатқан кезде көп уақыт кете ме? Нәтижесіне көңіл толмаса қайда барып шағымданады? Шынымен де келісімшарттың шарттарын сақтап отырғанына көз жеткізу үшін компанияларға мониторинг жүргізуге көп уақыт кете ме? Келісімшарттың шарттарын сақтамаған жағдайда сотқа жүгінуге бола ма? Шешімді бірнеше жыл күтуге дайынмын ба (соттың шешім шығаруы бірнеше жылға созылып кетсе)? Шешім шықпас бұрын келісімге келу мәселелері қалай жүрмек? Сауда боттарға нұсқау беру қажет пе? Деректерге иелік ету адамға үлкен жүк артады және кез келген мәліметтерді айырбастауды басқару да көп жауапкершілік жүктейді. Бұл дегеніңіз үлкен бақылау керек деген сөз бе?

Одан бөлек, егер мен деректерімді сата бастасам, деректерді сатып алуға белсенді инвестиция салатындықтан, компаниялар деректерді бір қызметтен екіншісіне өзгертуге ынталанбайтыны белгілі. Бір компаниядағы деректерімізді қарапайым жолмен шығарып алып, екіншісіне орналастыра алмасақ, компаниялардың жабық экожүйесінің бүгінгі қақпанына түсіп қаламыз. Көңіліміз толмаса компанияларға шағымдана алмаймыз. Ол аз десеңіз, деректерді сатып алған стартаптар мен кішігірім компаниялар ірі компаниялармен бәсекелесу мақсатында ірі салымдардың есебінен бұрынғысынша күнін көре бермек. Деректерді лицензиялауды реттеу кәдімгідей қиындайды. Стартаптар қоғамдық игілікке немесе/және инновацияларға емес, инвесторларға ниеттестік танытатын болады.

Түптің түбінде, қанша компания маған ақша төлеуге рұқсат береді – оны да анықтау керек. Бірнеше ірі технологиялық компаниядан басқа, деректеріме ақша төлейтін қоры жоқ кішігірім компаниялар өте көп. Деректерге меншік құқығы мен деректерді қаржыға айналдыру жүйесі арқылы сол компаниялар деректерімді алмауы үшін қандай жұмыстар жүргізіледі? Олар менің деректеріме қол жеткізді ме, жоқ па – оны қалай анықтаймын? Оны кім қадағалап отырады? Еуропадағы деректерді қорғаудың Ортақ регламентінде көрсетілгені секілді, «деректерім сіздерде сақталған ба?» – деп сұрай аламын ба?

 

ЕКІНШІ СЦЕНАРИЙ – ДЕРЕКТЕРМЕН ЖҰМЫС

2030 жылға қарайғы келесі сапарында Амтис деректермен жұмыс істейтін қызметкер болады, ол деректерді енгізгені үшін жалақы алады. Амтистің әңгімесі былай басталды:

Ұйықтарда киетін жасыл киімімді киіп жатқаныммен, дәл қазір күндіз не түн екенін толық сеніммен айыра алмаймын. Экранға қадалып көп қарағандықтан көзім қызарып кеткен. Қатты шаршадым, көңілім де қалып тұр. Айтқандай осы эмоциялар мен реакциялардың  барлығын да өмірімнің бір бөлігіне айналып кеткен, Playbour деп аталатын ақылды кішкентай консолья тіркеп алады. Ол менің отбасыммен, достарыммен, айналаммен байланыстыратын құралым; менің өмірімнің ұйымдастырушысы; жеке көмекшім және, негізінен, өмір сүру үшін ақша табатын тәсілім. Бұл менің ойыным және еңбегім.

Қазіргі күні кеңсеге жұмыс істеуге баратын адам аз. Барлық жұмыс осы құрылғының көмегімен жүзеге асады. Мен әртүрлі платформаларда түрлендіретін деректерді жинап алады да, осы деректерді құрылғыма енгізгенім үшін ақы төлейді. Ал шындығында барлық деректер бір ғана компанияға барып құйылады, себебі өзге платформалардың көпшілігі сол бір ғана компанияның әріптесі немесе бөлімшесі.

Тура мағынасында «боқ сасыған ақша»

Өткен айда консольяма «денсаулық» деген баптау енгіздім, сондықтан ол мен дәретханаға қаншалықты жиі баратынымды есептеп, дәретханамдағы есептегіштер арқылы дәретім мен зәрімнің деректерін жинап жүр.  Бұл деректер фармацептикалық компанияларға жөнелтіліп, олардың барынша сапалы дәрі жасауына көмектеседі. Зәр инфекциясы, қуықасты безі ауруы, ас қорыту мен гемморой ауруларынан емдеуге қажет дәрілерді жасауға көмектесіп жүрген шығармын. Әр уақыт «боқ сасыған ақша» тауып жүрмін деп мысқылдағым-ақ келеді, алайда өзге деректерге қарағанда денсаулық туралы деректерге көбірек ақша төлейді. Сондықтан мен бұл табыс көзін әжуалағым келмейді.

Басқа қандай жағдайларға көп ақша төлейтінін білгіңіз келе ме? Қолым бос кезіндегі менің денсаулығым туралы деректерге де қомақты қаржы береді. Мақала оқып отырған сәтте, ойын ойнағанда, аудиокітапты тыңдағанда, фильм көрген сәтте қаншалықты терлейтінім, көз алмасының қозғалысы, тамыр соғысым туралы деректер үшін бонус есебінде көп ақша аламын. Ал саясат туралы жаңалықтарды көріп отырған сәттегі денсаулығым туралы дерек үшін тіпті көбірек ақша ұсынады. Осы бір қулықты үйреніп алған соң, менің іс-әрекетім қатты өзгерді. Playbour  ұсынған барлық фильмді көремін, әрбір сілтеме, нұсқама ұсынған мақалаларды қалт жібермей оқи беремін, осылайша денсаулыққа қатысты деректерді барынша молайтуға тырысамын.  Бүкіл өмірім мен іс-әрекетім көп ақша табуға арналған.

Бірде үлкен «нәтижеге» жету үшін іш өткізетін дәрі де ішіп алдым. Жүйені алдап соқтым деп шаттандым, алайда көп ұзамай алгоритм мұнымды біліп қойды да, айыппұл салды. Ол менің аккаунтыма айыппұл салып қана қоймай, іш өткізетін дәрілерді сатып алмауым үшін дәріханаларға да хабарлама жіберіп, маған іш өткізетін дәрі сатуға тыйым салды. Ал енді  ішім шынымен қатып қалғанда да дәрі сатып ала алмайтын болып қалдым, міне, қандай қиындыққа тап болдым!

Жасанды интеллект әміршіні оқыту

Мұның бәрі не үшін екенін білетіндер аз. Осы құрылғы арқылы жеткен барлық ақпарат дүниежүзіндегі ең алып жасанды интеллектіні оқыту үшін пайдаланылады. Адам туралы түскен ақпарат осы бір машинаға бәрін қаз қалпында түсіреді, біздің біліміміз арқылы ол дами түседі. Бас жоспар былай: адамзат үшін осы машинаны ұжымдық нысанға айналдыру және біз үшін ең оңтайлы шешімді сол машина қабылдайтындай ету. Күнделікті шешіміміз арқылы оның белгілі бір зардабын да тартып келеміз. Саясаткерлердің көпшілігі және үкіметіміз де осы супермашинаның пікіріне арқа сүйей бастаған. Келесі қадам – толық бақылауды солардың құзырына тапсыру ма?

Өзіміздің шешім қабылдау қабілетімізді беріп, әлемімізді осы машинаның басқаруына сеніп тапсырдық. Оны деректермен жасақтандыру арқылы өзімізге құлдық қамытын киеміз, себебі бүгінгі күні ақша табудың басқа оңтайлы жолы қалмаған. «Бақытсыз, жұмыссыз болғанша, капиталистік қоғамның құлы болған артық», – деуге адамдар да үйренген.

Әрі қолданушы, әрі қызметкер

Адамдар деректер нарығына қызығады, сондықтан мен ұсынған деректер еңбек болып бағаланады. Деректерім туралы алғашқы ақпарат түскен уақыттан бастап Playbour-ға тіркелген жұмыстың құжаттамасы түгелімен бар. Консольямнің интерфейсі қандай тапсырмаларды орындағанымды, оның бағасын, әр тапсырмаға орай берілер ақының мөлшерін, қаншама демалыс күнге құқығым бар екенін (қаншалықты ынталы болғаныма байланысты есептеп береді), олар төлейтін ақшаның қанша пайызы зейнетақыға кететініне көрсетіп береді. Мен бұл платформалардың қолданушысы ғана емес, қызметкері де екенімді әркез ұмытып кете беремін.

Taskometer – жұмыс берушілер бағасының жаңа өлшемі

Компания әлденеге мұқтаж бола қалған әрбір кездері интеграцияланған жасанды  интеллект-менеджер көмекке келеді, ол тапсырманы ұсақ бөлшектерге бөліп, орындауы үшін жұмысшыларға хабарлама жібереді. Ондаған жыл бұрын «краудсорсингтік нарықтағыдай» тапсырманы орындай алуға қабілетті екеніңізді жылдам дәлелдеуіңіз керек. Өзіңіз таңдап отырмас үшін, Playbour жасанды интеллектісінің жетілдірілген нұсқасы бар. Бірақ консольяның бұл нұсқасы қымбатқа түседі. Оны сатып алу үшін ақша жинап жүрмін. Мәселе мынада, егер сіз айына 100 000 микро тапсырманы орындай алмасаңыз, бір тапсырма үшін төмен деңгейдегі айлықты беріп жатпайды. Жүйенің жұмысы мынандай: сізге тапсырманы орындағаныңыз үшін ақша төлейді. Бірақ ол ақша сіз орындаған тапсырмалардың жалпы мөлшеріне шағылып барып анықталады. Деректердің сапасы секілді, бағалаудың кейбір өлшемдері, нақты бір деңгейі бар. Сондықтан  сіз жалқау бола  алмайсыз. Taskometer-іңізде орындаған тапсырмаларыңыздың саны 100 000-нан аз болса, бір тапсырманың құны мардымсыз болатыны сонша, отыра қалып жылап жібергіңіз келеді. Жарайды, ендігіде  жалған жұмыссыздық туралы жақ ашпайтын боламыз. Taskometer менің жұмыс істейтінімді дәлелдеп қана қоймайды, еңбегімді де бағалап береді.

Деректермен жұмыс істейтін қызметкерлердің кәсіподағы 

Бұл деңгейді көтеру туралы кейбір кәсіподақ көсемдерімен сөйлесуге талпынып көрдім. Олар еңбегіміздің құқығын және бізді қорғайды деп сенеміз, алайда деректермен жұмыс істейтін қызметкерлердің кәсіподағындағылар әлі де жас және тәжірибиесіз. Кәсіподаққа жұмысқа кіретін мен сияқты жастар сирек. Көпшілігі «ескішіл тәсілмен» іс атқарады деп біліп, оларға қосылудың түк те пайдасы жоқ деп санайды. Осы уақыт ішінде кәсіподақтардың көпшілігі өзектілігін сақтап қалуға, цифрлық кеңстікке бейімделуге барлық күшін сарп етті. Алайда олар өз орнын сақтай алмады, сондықтан олар барынша үлкен ықпал ете алады деп ойламаймын.

Деректер жүйесінің қанауынан ешкім де қашып құтыла алмайды

Деректерін жұмыс жүйесіне енгізуден барынша ауқатты адамдар құтылып кетті деп ойлауыңыз мүмкін. Турасына көшсек, бәрі де сіз ойлағандағыдан күрделі. Олардың деректермен жұмыс істеуден, өмірдегі әр қадамын  Playbour-ға енгізіп отырудан құтылып кеткені рас, бірақ олар аңду мен есептегіштерден құтыла алмады. Байлар ешкім есігінен сығалай алмайтын үлкен қала-бекіністер  сала бастады. Қалаларға олардың таңдаулы тобынан өзге ешкім де аттап баса алмайтын. Осы мақсат үшін олар бақылаудың ең үздік жүйесін пайдаланды. Кейбіреулер оны шынымен де өте ақылды қала деп санайды. Олардың үйлеріндегі құрылғылар сақтаған барлық деректер, құралдар, есептегіштер жасанды интелект әміршінің құзырына жетіп отырды. Олар жасанды интелект құрған экожүйесінің сол бір қақпанына барып тұтылды, себебі құл-құтандардан қорғану үшін құпиялылықтың елесіне қатты алданған еді.

Тиынға бағаланған құпиялылық

«Деректермен алмасу экономикасы» және автоматтанған қызметтер сансыз жұмыс орнын алмастырды. Қазір деректерінің әрбір битін адамдар болмашы тиынға сата салады. «Бөліп қолдануға» негізделген осы бір экономиканың нағыз бет-бейнесін енді көреміз.

Келесі сөзімде осы оқиғаны барынша объективті және сыни тұрғыда пайымдайтын боламын. Үшінші сценарийді көргіңіз келсе, мұнда басыңыз.

Екінші сценарий туралы пайым

Деректермен жұмыс жүйесінің көмегі арқылы монополиялармен күресе алмайтын сияқтымыз. Тіпті адамдарға жалақы бере бастаған күннің өзінде, монополиялар өздігінен жоқ болып кете салмайды, олар жағдайға бейімделіп алады да, жұмысын жалғастыра береді. Деректер нарығына практикалық тұрғыдан тап бола кету өте қиын, бірақ өзге де үлгілер бар ғой, сондықтан бұл үлгі біз іздеген үлгіге ұқсамайды.

Деректермен жұмыс жүйесі барлық қайнар көздер арқылы деректерді толықтырып отырған адамдардың арқасында қызмет етіп тұр. Бұл жүйе байлар мен кедейлер арасындағы құрдымды тереңдетіп, теңсіздікке жетелейді. Бай адамдар өз деректерін сатпауына жағдайы жетеді, ал қалғандары бұл тұрғыда қауқарсыз. Олар үлкен соққының астында қалып, деректерін пайдаланушылардың қанауына ұшыраған. Бұл жағдай адамдар арасында құқықты тең үлестіру емес, цифрлық феодализмге көбірек ұқсайды.

Талқылау теңсіздіктің шегінен шығып кетті. Деректермен жұмыс жасанды интеллект қызметін біздің өміріміздің барлық аспектілері – өзімізді қалай ұстауымыз керегін шешуден бастап, құқықтық, білім беру, иммиграция жүйелері бойынша оқыту мен қамтамасыз ету үшін пайдаланғанда, ұзақмерзімді болашақта жеңген де, жеңілген де тарап болмайды.

Кім біледі, болашақта машиналар бір-біріне үйретіп, оқу оқытып, адамдар оларды үйретіп, деректермен қамтамасыз етпейтін болып қалар. Машинаның машинаны оқытуын ақпаратпен жұмыс істейтін жасанды интеллект қызметі алмастыруы мүмкін, алайда Google қызметкерінің сөзіне сенсек, бүгінгі «жасанды интеллектінің ақымақтығы сонша, оның орнына жұмысты адамдар істейді».

Көп аңду – мол ақша

Иә, деректермен жұмыс қосымша деректер мәселесін шешуі мүмкін (мысалы, машина сіз туралы деректер алып отырғанын білмей де қаласыз). Бірақ бұл біз іздеген шешім екеніне сенімді емеспін. Адамның кез келген әрекеті, эмоциясы, тіршілік қарекетінің нәтижесі ақшаға айналуы немесе еңбек деп бағалануы мүмкін болғандықтан, адамдарға ақпараттық тұрғыдан ашық бол дей алмайсыз. Амтис бастан кешкен оқиғада әр әрекетінің қадағалануы немесе құпия ақпарат оларға мол қаржы түсіретінін адамдар білетін еді. Олардың бағасын белгілеп қойғандықтан, деректерді қанау немесе олардың бұрыс пайдалану оқиғалары кездеспейді. Осылайша біз олардың деректерімізді пайдалануы заңды екенін мойындап қойдық.

Ұзақмерзімді болашақта платформалар барынша сапалы деректерге қол жеткізуге ұмтылады

Болашақта жасанды интеллект қызметі көбейетіні сөзсіз. Жасанды интеллектінің барынша сапалы қызметін жасау үшін көп мәлімет қана емес, белгілі бір саладағы сапалы мәліметтер де керек. Деректермен жұмыс істеу жүйесіне жұмылдырылғандардың көпшілігі қоғамның кедей, бақытсыз, маргиналданған тобынан шыққандар болады деп сенімді түрде жорамалдаймыз. Олар жалпы алғанда қарапайым ғана мәлімет бере алады, алайда белгілі бір уақыт аралығында ол деректер жеткіліксіз болады. Одан ары қарай деректерді өңдеу міндетінің арнайы түрлері пайда болып, оны орындау кез келген адамның қолынан келмей қалып, осы сала үшін арнайы білім қажет болады. Яғни орта білімді маман шектеулі тапсырмаларды орындайтын болғанда барынша білімді қызметкерлер біраз міндеттерді атқарып тастайтыны анықталады. Міне, дәл осы жағдай теңсіздік пен айырмашылықты туындатады.

Уақыт өте құпиялылыққа төнетін қауіп

Мен бүгін бөлісуге келісетін (немесе сатуға әзір) ақпарат ертең күрделі қиындықтарға итермелеуі мүмкін. Саяси режимдердің ауысуы ең айшықты мысал бола алады. Күні кеше тоталитарлық режимдер қандай дінді ұстанатыныңызды ресми түрде жазуды сұрап, кейін осы ақпаратты өзіңізді қуғындау үшін пайдаланғанын еске түсіріңіз. Тағы бір мысал, мәселен, компанияда ДНҚ-тест тапсырдыңыз, полиция күдіктіні табу үшін компаниялар жүргізген ДНҚ-тесті қазірден пайдаланып жүр.

Адам әрекетінің орнына адамның жаратылысы

Түптің түбінде, өміріміздің барлық аспектілерін ақшаға айналдырғымыз келе ме? Бұл біздің амандығымызды қамтамасыз етіп, әлеуметтік даралануымызға жол бере ме? Деректерімізді пайдалана отырып (өзгелер үшін түрлендіре отырып) өзімізді көрсеткіміз келе ме немесе кім екеніміз осы қадамдар арқылы анықтала ма? Одан да маңыздысы, елдің барлығы қаржылық пайданы көздеп кетсе, жағдайды қалай түзей аламыз? Болашағымыз жарқын болсын десек, өмірімізді бірігіп қаржыға айналдыруды азайтатын тәсілдері іздеу керек шығар.
ҮШІНШІ СЦЕНАРИЙ –ДЕРЕКТЕРДІҢ ҰЛТТЫҚ ҚОРЫ

Амтис 2030 жылдарға жеткен үшінші сапарында, халық деректердің ұлттық қорын құрып, азаматтар мен үкіметтер деректерді бірлесе қолданып, адамдар  пайдаланған деректер есептегіштер мен қызметтер арқылы басқарылатынына куә болды.

Амтис бұл сапарында былай өмір сүреді:

Ақылды мобильді коммуникатор

Қаланың қайнаған ортасында қазір бір де бір көлікті кездестірмейсіз. Houndopacks (дорбасы бар жедел иттер) деп аталатын, иттер секілді жылдам қимылдайтын жедел роботтардың пилотсыз ұшқыш аппараттарына арналған арнайы жолақ қана бар.  Сәлемдемеңізді және ақылды мобильді коммуникаторыңызды жеткізу үшін – тар электр кабиналарға отырып, трафигім бітіп қалады-ау деп алаңдамастан телефонға үңілген бойы жұмысыңызға жетіп аласыз. Тамаша ғой, солай емес пе? Ең бір үздік көлікпен жұмысыңызға кетіп бара жатып электронды поштаңызды тексеріп, кездесулерді жоспарлап, аудиороликтер тыңдап отыра бересіз. Мобильді коммуникаторлар өздерін басқара алады, олар бүкіл қалада орнатылған рұқсаты бар камераларға қосылады, сондықтан олар қаланы айналдыра шолып шығуға қабілетті. Яғни кабинада отырып әрбір сөйлеген сөзіңіз, ақылды мобильді коммуникаторыңыздың ішіндегі әрбір қадамыңыз шынайы уақыт режимінде жол желілерінің жасанды интелектісі арқылы жазылып, өңделеді. Бұл қоғамға жоғары деңгейдегі қамқорлық орнату үшін қабылданған шара. Мысалы, сіз әңгімелесіп отырып ашулансаңыз немесе даусыңыз қаттырақ шығып кетсе, автокөлік кілт тоқтап, сабаңызға түсуіңіз үшін 20 минут береді, бұл уақыт аралығында жанға жайлы музыка ойнап, медитация жасауыңызға болады. Бағыт алған жағыңызға кешігіп бармау үшін мұндай жағдайдың болмағанын қатты қалайтыныңызға сенімдімін! Сабаңызға келмейінше не кері қайта алмайсыз, не ақылды мобильді коммуникаторыңызды орнынан қозғалта да алмайсыз. Бұл әрекетіңіз де «жақсы іс-әрекет» есебіңізде арнайы тіркеуге алынады! Жолдар желісінің жасанды интелектісінде эмоцияларыңызды анықтауға мүмкіндік беретін арнайы есептегіштер де бар, ойлау процесі мен ниетіңізді анықтауға мүмкіндік беретін әрбір әрекетіңіз, тіпті тыныс алу жиілігіңіз, жүрек соғысыңыздың жиілігі, алаңдау деңгейіңіз – бәрі де назардан тыс қалмайды.

Жұмыс берушіңіз жұмысқа келе жатып жұмыс істегеніңізді біліп отырады

Мобильді коммуникатор жылдамырақ қозғалатындықтан, қайғылы жағдайлардың қаупі өте аз. Ақылды кабинаңыздың ішінде отырғанда өнімділігіңізді арттырудан басқа ештеңені де ойламауға болады. Адамдар жұмысқа бара жатқандағы уақыт та жұмыс уақыты болып есептелсін деп өтіне бастады.  Оның несі оғаш екен? Олар көзін аша сала бірден ақылды коммуникаторына отырады да жұмыс жаққа қарай тартады, кім уақытын кептелісте жоғалтқысы келеді дейсің? Міне, нақты осы бір себеппен, ақылды коммуникаторлар нарыққа шықты. Мобильді коммуникаторлар интернетке қосылған, ал оның ішінде отырып істеген жұмысыңыздың есебі жұмыс берушіңізге жөнелтіледі, олар да жұмысқа дейінгі уақытты қалай өткізгеніңізді біліп отыруы керек қой. Не нәрсе де сіз саяхат шеккен журналға жазылып отырады.

Жеке сектордың қызметі есебіндегі деректер

Қаладан алынған қызметтерді көрсету нәтижесінің барлық ақпараты үлкен деректер қорында жинақталады, ал ол қорды азаматтар мен үкімет бірлесе басқарады. Үлкен деректерге зәру, нарыққа шыққысы келетін жаңа компанияларға осы қор көмек береді. Егер сіз қандай да бір деректердің пакетін пайдаланғыңыз келсе, рұқсат алу үшін ақы төлеуіңіз керек. Біз мұны деректер қызметі деп атаймыз, себебі олар компанияларды қаламыздың тұтынушысына айналдырады. Мұндай деректер пакетіне қол жеткізу қатаң түрде реттелген, деректердің үлкен пакетіне қол жеткізгіңіз келсе, қаржыны да көп төлеуіңіз керек болады. Одан бөлек, ақпараттық құпиялылық санатына сай, баға да ұлғайып отырады. Мысалы, денсаулық сақтау туралы мәліметке қарағанда автокөлік жүргізу жайлы ақпарат арзанға түседі. Компаниялардан алған ақшаны үкімет адамдарға таратып береді. Қаржыны тарататын болғандықтан, үкімет барынша мол деректер қорын құрудың жаңа жолдарын іздей түсуі керек болады. Мұның нәтижесінде өздері құрған «ақылды» қалаларды қамтамасыз етуге қажет кіріс көзіне ие болады.

Деректер анонимді, ештеңе бақылаудан шығып кетпейтіндіктен, бәрі де қауіпсіз. Тек бір ғана жағдайды есепке алмағанда. Ол қандай жағдай? Деректердің анонимді пакетін қайта идентификациялағанда, адамдардың жеке деректеріне қол жеткізу оңайлайды.

Жеке адамдар мен зерттеушілер де өздеріне керек деректерді алу үшін өтініш бере алады. Жоба күллі қоғамға пайдалы болса, үкімет  ол идеяға субсидия да береді.  Осы субсидиялардың арқасында шағын тәуелсіз компаниялар жақсы қызмет түрлерін ұсына бастады, соның себебінен нарықтағы үстемдігін жүргізген өзге компанияның монополияны ұзақ ұстап тұруға шамасы келмейді.

Жеке қызмет түрін жасай аламыз

Нарықтағы дефицит кезінде бізге жетіспейтін қызмет түрін өзіміз де жасай аламыз. Қолымызда барлық мәлімет бар, біз сол өмірге  ақырындап жылжып келе жатырмыз деп ойлаймын. Алайда дәл қазір «ұжымдық қызмет» деп аталатын осы бір қызмет түрі аса көп емес. Олардың көпшілігі қолдануға қолайсыз, және шынында да қайдағы бір 2000 жылдарда қалып қойған құрылғылар секілді қызмет етеді.

Келесі сөзімде осы оқиғаны барынша объективті және сыни тұрғыда пайымдайтын боламын. Төртінші сценарийді көргіңіз келсе, мұнда басыңыз.

Үшінші сценарий туралы пайым

Деректердің ұлттық қорынан бөлек, зерттеуді қажет ететін үлгілер өте көп. Деректерге иелік ету түрлі жолдар негізінде қарастырылуы мүмкін. Деректердің ұлттық қорлары мінсіз шешім емес.

Үкімет деректерімізге қатаң бақылау орнатады

Ұлттық қор үлгісіне иелік еткен үкімет біз басқаратын деректердің барлығын қолына түсіреді. Яғни үкімет бізге қатаң бақылау орната алады деген сөз. Әрбір адам туралы толық мәлімет олардың иелігінде болады, соның әсерінен үкімет бұқараға арналған деректерді, ол аз десеңіз адамның ниеті мен іс-әрекеті туралы үлгілерді енгізуі ғажап емес. «Құқығымыз бұзылды» деп, адамдар сол кезде де митингілерге шыға бере ме? Демократиялық елдер үлкен қауіпке ұшырағанын, яғни техно-диктатураға оп-оңай айнала салу мүмкіндігі зор екенін жақсы білеміз. Бүкіл әлемде жемқорлықтың былығына батқан, қуғын-сүргінге бейім, қатыгез үкіметтік режимдер бар. Олар қазірдің өзінде сондай болғанда, жоғарыда аталған қауіптерге болашақта кезігуіміз оп-оңай.

Осы бір деректер қорына шетелдік немесе отандық агенттер тарапынан айла-шарғылар жасалмайтыны, деректерді бұзып ала алмайтыны, қордағы ақпараттар сусып шығып кетпейтіні туралы, қауіпсіздіктің ең озық заманғы шаралары қабылданғаны жайлы кепілдік қажет. Жеке деректер анонимді болуға тиіс, алайда зерттеулер көрсеткендей, аноним әдісін жетілдіру үшін әлі көп күш жұмсауымыз керек. Тіпті сондай күш жұмсағанның өзінде аноним деректерді өңдеу жекелеген адамдардың өміріне үлкен кесірін тигізуі мүмкін, себебі осы идеяның негізінде сіз бұқараны бақылап, тенденцияларды сүзгіден өткізе аласыз.

Одан басқа, деректердің ұлттық қоры қол жеткізу құқығына негізделген инфрақұрылым түрін құруға ұмтылады, ол көп уақыт пен өте мол қаржыны талап ететіні белгілі.

Деректерімізді үкіметке сеніп тапсыру

Іркілістер мен қарсылықтардың барлығын анықтау және үкімет пен компаниялардың құпия келісімдері мен құпия уағдаластықтарын ашық шешудің жолдарын қамтамасыз ету өте қиын. Тіпті жаман пиғылы болмаса да, үкімет құрылымдары түбегейлі өзгеруіне тура келеді. Техникалық мамандардың тұтас топтары компаниялардан түскен қосымшаларды бағалайды, теріс пайдаланушылардың жолын кесу үшін шаралар қолданылады. Ұсыныстар да ұзақмерзімді пайдалануға жарайтындығына байланысты, қоршаған ортаны қорғай алатынына орай, этикалық көзқарас тұрғысынан тексеріледі. Сондықтан үкіметте түрлі мамандар табылуы керек.  Өзінің кәсіби мамандарын марапаттау үшін қаржылық тұрғыдан мемлекеттік сектор тартымды болғаны жөн. Ал ол ақша қайдан келуі мүмкін? Өз бюджетін толтыруы үшін компаниялардың пайдалы ұсыныстарынан бас тартып, қаптаған деректерге қол жеткізу құқығын бермей қоюға шамасы жете ме?  Мұндай операциялық және стратегиялық шешімдерді қабылдау өте қиын. Шешімдер қабылдауда үкімет қандай негізге сүйенеді? Үкіметтің мүддесі компанияның мүддесіне сәйкес келіп қалса, не болмақ? Біріншіден, қандай жағдайда да адамдарды қанайтын жұмыстарға толық шектеу қойылуы керек, жұмыс әдісіміз бен ойлау қалпымызды түбегейлі өзгерткен жөн болар – азаматтық бақылаудағы тәуелсіз орган болудан да жоғарыға ұмтылайық.

Қауіпсіздік – деректер базасы үшін

Деректердің орталықтандырылған базасы ең нашар идея екенін айтып жатудың өзі артық. Ол жүйені құрту үшін  деректер базасы орталықсыздануы керек, алайда деректердің тұтастығына қатысты, орталықсыздануға байланысты үлкен техникалық мәселелер туындайды. Деректердің орталықтандырылған базасына келер болсақ, Үндістандағы Adhaar жүйесін еске түсірейік. Ол бізге осындай деректер базасының маңызы зор екенін өз мысалында дәлелдеп берген жоқ па?

Компанияны ынталандырмау

Ұлттық қордың идеяларының бірі мынандай – компаниялар тапқан пайдасының бір бөлігімен бөлісуі керек. Әрине, абоненттік төлем, субсидияланған рұқсат, кірістердің негізіндегі рұқсат немесе осының бәрі біріккен өзге де үлгілер бар шығар. Компанияларға екі рет төлеуге тура келеді: бірінші рет деректерге қол жеткізген кезде, екінші рет деректерді қолданудан тапқан пайдасының бір бөлігін берген кезде. Біз ұстанымын нығайту, бәсекелестікті жою, өздеріне қолайлы нормативті базаны жетілдіру үшін  шығынын есептеп жүрген бизнес-үлгілерден хабардармыз (Uber, Amazon). Ұлттық қордың үлгісі осы мәселені шеше ала ма? Қордан деректерді алатын компанияны шаш етектен пайдаға кенелткіңіз келмейді, алайда әлеуметтік пайданы сараптап және талқылап отырған техникалық басқарулар үшін кеткен шығынды үкімет қайдан жинайды екен?

Белгісіз дүние көп

Ойланатын мәселе көп. Мысалы, барлық деректер автоматты түрде жинала ма? Қорға қатысуға мүмкіндік бар ма? Қорға қатыспасам, ешкімге кесірімді тигізбей, қоғамдық өмірге емін-еркін араласып, жұмысымды істей беремін бе? Адамдар мен азаматтар шешімді қандай жолмен қабылдайды, осы деректер жиынтығы қандай жолмен түрленеді – талқылайтын мәселе көп. Әрбір пікірдің маңызы бірдей ме? Нақты бір шешім қабылдауда қысым немесе мәжбүрлеу, тіпті қауіп-қатер болмайтынына кім кепілдік береді? Оны айтасыз, компания деректер базасына қолы жетіп, оны бұрыс қолданса не болады? Оларға деректер базасына рұқсатты шектеп қойған күннің өзінде, миллиондаған адамға зияны тиіп үлгереді ғой. Деректерді шектен тыс пайдалану қаупін азайту үшін қандай шаралар қолданылады?
ТӨРТІНШІ СЦЕНАРИЙ – ДЕРЕКТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҚҰҚЫҒЫ

Деректерге қол жеткізу құқығының құрылымы қалай түзілетінін білу үшін бұл жолы Амтис 2030 жылдарға былай саяхаттайды:

Жаңа пәтерге көшкенім жаңа ғана, сондықтан бұл жер шашылып жатыр. Заттарым жан-жақта үйіліп жатқандықтан, ештеңемді таба алмадым. Өзімнің панелдер құралыма хабарлама келді, онда бәрін пилотсыз ұшу апаратына жеткіздік деген екен.

Деректерге қол жеткізу құқығының басқару панелі

Басқару панелі менің деректерім қалай өңделетіні жайлы жиынтық есепті: қандай компания тапсырысымды орындады, өзім туралы жинақталған деректердің түрін, оларға бұл ақпарат не үшін қажет болғанын және ол ақпаратты кім алғанын – бәрін егжей-тегжейлі көрсетті. Қазір «бейтарап» жауаптарды барынша көбірек ала беремін, алайда он жыл бұрын бұл хабарламалар тасқыны мені қатты таңдандырар еді. Кейбір компаниялар құпия деп есептелген деректермен операциялар жасауға қабілетті екен, алайда менің деректеріме қатысты әлденені қабылдауға өз таңдауым бар екенін сездім.

Бақылаушы органдардың құқықтарды сақтауын қадағалайтын бақылау жүйесімен құралдар панелімнің өзара әрекетінің нәтижесінде компаниялар деректерді қорғауға барынша маңыз бере бастағаны түсінікті болды. Деректерді бұрыс пайдаланғаны туралы әрбір оқиғадан соң, өзімнің бақылаушы органыма жөнелте алатын хабарламалар келіп отырды. Мен де ерінбей бірнеше рет бақылаушы органға хабарламаларды қайта жібере бердім. Бұрынғыға қарағанда бақылаушы органдардың қоры қомақты, сондықтан олар хабарлама келе салысымен зерттеу жұмысын бастап кетеді.

ЭЕМ оқитын құпиялық саясаты

Уақытты үнемдейтіндіктен, маған құқықтарды басқару панелі қатты ұнайды. Тапсырыс алдында ЭЕМ оқитын құпиялық саясатының шарты мен жағдайы сканерленіп, деректерімді өңдеуге қатысты барлық сәйкес қосымшалар туралы жиынтық есеп енгізіледі. Тауар сататын компаниялар пайдаланатын платформалар жұмыс істейтін шарттар, сондай-ақ, жаңа пәтеріме қажет ас үй жабдықтарын сатқан компаниялар да сараптан өтті. Ең ғажабы, ол есеп құпиялық саясатына ғана арқа сүйемейді. Оған қоса мен тапсырыс берген өнімге байланысты қандай да бір зерттеу жүргізілгенін анықтау мақсатында жалпыға қол жетімді ресми деректер базасын да қарап шығады. Ол аз десеңіз, өнім немесе компанияға байланысты ақпараттық жанжал, белгілі нормаларды бұзу болған-болмағанын анықтау мақсатында сатып алынатын өнімге байланысты жалпыға қол жетімді кез келген ақпаратты терең түрде талдап, талқылап берді. Әуел баста сатып алғым келген «ақылды шаңсорғыш» үйімнің жобасын метадеректерімен қоса сыртқы барлау қызметіне автоматты түрде жөнелтіп жібергенін техникалық-журналист зерттеушілер тобы анықтап білгенде, айран-асыр болдым.

Деректердің тасымалдығы

Деректерімді бір компаниядан екіншісіне оп-оңай ауыстыра алатыным үшін қатты қуаныштымын. Жаңа жерге көшкен кезде барлық қамтамасыз ету жүйесін бір ғана нүктені баса қалып, жаңа мекен-жайға көшіре салдым. Бір жерден екінші жерге жазылымдарымды ауыстырғанда басымды да қатырмадым, тарифтерді де сақтап қалдым.

Компанияның қызметі көңілімнен шықпаса немесе компания қызметін ауыстырса, еш ойланбастан өзге компанияның қызметін пайдалану үшін алмаса саламын. Деректердің тасымалдануы арқылы бір компаниядағы деректерімді келесіне ауыстыра салуыма мүмкіндік береді.

Бұл өте жақсы деп ойлаймын. Кішігірім компаниялар бұрындары клиенттері мен деректердің жеткілікті мөлшерін ала алмағандықтан нарықтан сырт қалып қоятын. Деректердің тасымалдануы арқылы бұл міндетті бақылау оңайға түсті. Ондай компаниялар енді өз деректерін оларға сеніп тапсыруына болатынына адамдарды көндіру және ол компаниялардан кетіп қалудың еш себебі жоғын түсіндіру мақсатын жақсылап орындаса болғаны.

Ашық аппараттық қамтамасыз ету

Жаңа пәтерге көшкенде ол бос еді, сондықтан маған жиһаз қажет болды. Қазір үш өлшемді баспа технологиясымен әзірленген жиһаз өте танымал. Үш өлшемді баспа дүкендерін кез келген жерден оп-оңай табасыз. Жақын маңдағы үш өлшемді баспа дүкеніне барып, олардың каталогын қарауға бекіндім. Маған эргономикалық үстел керек еді.

Мені таң қалдырғаны, олар тек жиһаз жасамайды екен. Олар жаңа ғана ашқан жеке  саласы бар екенін айтты. Онда шәйнек, тоңазытқыш, кір жуатын машинадан бастап камера, аудиожүйе, ноутбуктерге дейін жасайтын көрінеді. Ашық аппараттық қамтамасыз етудің телефонын жарнамалады. Дүкендегі сатушы оның қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп берді. Өзіңізге керек қосалқы бөлшектерді таңдасаңыз болды, үлгіні тек өзіңізге арнап жасап береді екен.

Ары қарай жүріп, барлық қосалқы бөлшектердің құжаттарын қарап шықтым. Олардың бір-бірімен қалай сәйкес келетінін және әртүрлі компоненттердің сызбаларын тереңірек ұғып алу өте қиын екен. Мұның бәрін түсініп алғым келді, бірақ түптің түбінде тапсырыс бермес бұрын дүкендегі кеңес үшін ғана ақы төлеп кеттім. Мен тапсырыс берген телефон үшөлшемді баспа технологиясы материалдары негізінде жасалған. Телефон 100%  сенімді және оны екінші мәрте өңдеуге болады. Ең бастысы мұның бәрі өте арзан, тіпті сене алар емеспін! Ашық аппараттық қамтамасыз етудің ең адал тұтынушысына айналдым! Олардың өнімі ашық, тапсырыс берушінің қалауымен жасалады, құпиялық сақталады, ол аз болса, сенімді және қолжетімді.

Digitalopoly халықтың цифрлы монополиясы

Осы бағытта бірқатар зерттеу жүргізіп, ашық аппараттық қамтамасыз ету телефоны Futurathon-ның тәжірибелік үлгісі екенін анықтадым. Futurathons – инженерлердің, суретшілердің, философтардың, журналистердің, жастардың, экономистердің, заңгерлердің, саясаткерлердің, экологтардың және LGBTIAQ +-тің бұқаралық қозғалысы ұйымдастыратын кездесулер. Бірнеше жыл бұрын олар деректерге қол жеткізу құқығын орындауға міндеттейтін, сенімге негізделген жаңа архитектураның әртүрлі элементтерін ойлап табуды бастаған еді. Олардың мақсаты Digitalopoly  ұлттық цифрлық монополиясын құру болатын, ол жаңа цифрлық әлем қаржылық пайда көруге ғана негізделмей, әлеуметтік таным мен азаматтық сауаттылыққа да арқа сүйейтінін айтатын. Олар деректерге иелік етуде адамдарға еркіндік беретін үлгінің бар екеніне және деректерге қатысты жаңа көзқарастарды қалыптастыра алатынымызға сенді.

Мен олардың идеясына қатты қызығып, олардың манифестін күні бойы оқып шықтым. Оған қоса деректерге қол жеткізу құқығы моделіне арқа сүйейтінін айтқан олардың алғашқы жиынындағы кейбір әңгімелерін да тауып алдым. Олар өзара қарым-қатынас орнату мүмкіндігі және ашық хаттамаларды қолдана отырып деректерге қол жеткізу құқығы бар шағын әлеуметтік үлгіні қалыптастыра алатынын ерте түсініпті. Түсіне сала олар он жыл ерінбей-жалықпай жұмыс істеп, Web3 ашық хаттамаларды жасап шығарған екен.

Негізгі концепция: Орталықсызданған және орталықтанғандардың бірігуі

Хаттамалар тұрақтылық пен сенімділікке ие болғанда, олар орталықсызданған қызметтердің өзара бірігуін ғана емес, оған қоса жабық жүйелердің де бірігуін мақсат етті. Қарым-қатынас орнату үшін әркім өзінің жеке қосымшасын жүргізу мүмкіндігіне ие болып қана қоймай, сол уақыт аралығында өзгелермен жабық қызметтерде қарым-қатынас орнатуға мүмкіндігі болуға тиіс екенін айтты. Орталықтанған, үлестірілген, мейлі орталықсызданған архитектураға қарамастан, қандай да бір жерде барлығы бір болуы керек деген идеяны ұстанды. Өмірімдегі маңызы мен бизнесімді жүргізуде мұның мәні қандай боларын, өзара байланысқан мұндай цифрлық экожүйені пайдаланудың жеңілдігі туралы мен де ойланып қалдым.

Төртінші сценарий туралы пайым

Амтистің басынан кешкендері арқылы батыл концепцияларды енгізудің артықшылығын біз де түсінеміз. Ашық хаттамалар мен орталықсызданған жүйелер жаңа орнатылған мүмкіндіктерді орнатады. Корпорациялардың бір рангтік желілерді пайдаланып келе жатқанына біраз уақыт өтті. Алайда файлдарды орталықсызданған жүйеде сақтау және орталықсызданған желілерде жұмыс істеу деректеріміздің құрылымы туралы ұстанымымызды түбегейлі өзгертеді.

Солай бола тұра, бұл оқиғадан алатын ең маңызды сабақ – бәріне ортақ өлшем ешқашан орнаған емес. Олар әркез түрлі топтарға бөліне береді. Адамдар әртүрлі қажеттілігіне орай түрлі топтар құрады немесе түрлі топтарға бөлінеді. Осы өзгешеліктің барлығын тұтас қамтитын жүйе керек. Әртүрлі топтар бір-бірімен қарым-қатынас орнатпауы керек деген бір де бір себепті келтіре алмайсыз. Ешкім де назардан тыс қалмауы керек.

Құрылғылар мен технологияар арзандаған сайын кедейліктің шегінде өмір сүретін көптеген адам оларды бәрібір сатып ала алмайтынын да естен шығармайық. Амтис техникалық кеңес пен телефонындағы құпиялықтың жетілген қызметіне ақы төлей алады, алайда елдің барлығы ондай ақшаны дүкендерге тастап кете бермейді ғой. Оған шамасы жетпейтіндер де бар. Алдыңғы бөлімдерде айтып өткеніміздей, құпиялық деген бай немесе жағдайы жақсы адамдар ғана пайдалана алатын құқық болмауға тиіс.

Деректерге қол жеткізу құқығы оқшаулану қызметіне жатпайды. Деректерді алуда адамдарға делдалдық жасау пен таңдау беруге тырысады; бұл әлемнен сырт айналып, өзіңіздің қауіпсіз көрпеңізге қымтанып жатып қаласыз деген сөз емес. Бұл қорғауы жақсы құрылған архитектураға толық сәйкес келетін автономия. Мұнда сенімді криптографиялық механизмдер мен жеке құпиялығыңды сақтау үшін аноним тәсілін қолданады. Оған қоса ұжымдық деректерден әлеуметтік пайда таба аламыз.

Құқықты қатаң сақтау, ашық стандарттар мен қарым-қатынас хаттамалары деректерге қол жеткізу құқығы үлгісінің негізгі компоненттері. Қорғаудың мықты механизмдері деректер ағынының әрбір деңгейіне шешім шығара беретін адамға арқа сүйей алмайды. Адамдар өз деректерін қалай сақтау керегін біле ме, жоқ па, – оған қарамастан қорғау жұмысы жүргізіле береді.

Цензурадан қорғалған, құпиялылық талаптарын ескеретін орталықсызданған хаттамалардың маңызы зор болатынының себебі осы. Амтис құпиялылықты ескеретін компаниялардың тапсырыс беру басқармасы мен құпиялылық саясатын сараптау мақсатында деректерге қол жеткізу құқы бар басқару панелін сол үшін қолданды. Ол қаншалықты жақсы құрал болса да, адамдар өздерін деректер үшін күрескерге айналдыруы міндетті емес десек те, өзі туралы компания мәлімет жинағысы келген әрбір сәттерде адам абай болуға тиіс. Күнделікті өміріңізде әркез қасыңызда болатын құрылғыңызға тым көп сенім артуға да болмайды. Амтиске келсек, шабуылдарға қаншалықты қалқан екенін білмейміз, сондықтан деректерге қол жеткізу құқығын басқару панелін жасауға қатысты алаңдайтынымызды айтқымыз келеді. Бұл құрылғы бұқаралық бақылау мақсатында қолданылуы мүмкін бе? Бұл құрылғыны кім жасайды және қауіпсіздік шараларын жетілдіре ме?

Деректердің тасымалдылығы адамдарға деректерді тасымалдауға мүмкіндік беріп қана қоймайды, стартаптар мен кішігірім компаниялардың нарықта бәсекелесе алуына жол ашады. Адамдар олардың қызметін деректерді тасымалдау үшін қолданатындықтан, олардың міндеті соншалықты көп емес. Солай бола тұра, қосылаған сәтте адамдарды өзіне көптеп тарту үшін деректеріне ақы төлеу, микротаргеттеу, профильді сараптап беру секілді әртүрлі қулықтар ойлап табуы мүмкін. Сыншылардың пікіріне құлақ ассақ, нарықтық экономиканы қолдаудың орнына, деректерге қол жеткізудің құқығы нәтижені жойып отыр. Деректерге қол жеткізудің құқығы өзге стимулдар мен механизм түрлері пайда болғанда ғана нағыз әлеуетін көрсете алады, оларды зерттеудің бірнеше жолы бар.

Бұдан да көп жұмыс істеу керек. Есептегіштердің көмегімен алынатын деректер және  IoT  («Интернет заттар» технологиясы) ақпараттық жүйесін қорғаудың ақаулары одан әрі алаңдата түседі. Жасанды интеллект жүйесін жасақтау қолдан келмейді, биотехнологияның өзімен шындап айналыса бастаған жоқпыз. Бұл процесс моральдік, этикалық, әлеуметтік және эволюциялық нормаларға байланысты теңдессіз деңгейдегі жаңа мәселелердің шетін шығарып берді.

Жоғарыда айтқан сөздерімізді қорытындыласақ, деректерге қол жеткізу құқығы үлгісін әлі де жетілдіре аламыз. Алайда бұл үлгі салауатты, мүмкіндіктері кең, тепе-теңдігі сақталған архитектураға көбірек сәйкес келеді.
ҚЫСҚАША ҚОРЫТЫНДЫ

Деректерге қол жеткізу құқығы кешенді қорғаныстың бір бөлігі

Сценарийлерді ұмыта тұрып, бүгінгі күннің шындығына сүйенсек, деректерге иелік ететін монополиялық компаниялар деректерді қалай жинайтынын түсініп, сол үшін қарсы болып жүрген адамдарды байқаймыз. Біз құқығымыздан айрылғанбыз: өзіміз өзгертетін деректерімізді де бақылай алмаймыз, оның орнына бізді әркімнің де қанап жүргені жайлы күннен-күнге көп ақпарат естіп отырмыз. Цифрлы саламыздағы күштердің теңсіздігін жою үшін адамдарға өзі деректеріне ашық және тікелей билік беретін жүйе керек. Ол жүйе біз өзіміздің жеке кеңістігімізде орнатқымыз келетін шекараларды сызып береді. Сонымен бірге бізге деректерімізден ұжымдық пайда көретін жүйе де керек болады.

Деректерге қол жеткізу құқығының жүйесі бізге деректерді өшіруге, өзгертуге, алуға мүмкіндік береді; оны кім жинайды, қай жерде сақтаулы тұр, қайда орнын ауыстырды, қандай мақсат үшін және кім оған қол жеткізе алады – оны да білуге жол ашады. Деректерге қол жеткізу құқығы мен өз еркіммен басқаратын деректерге де, сонымен бірге мен туралы логикалық тұрғыдан қорытындыланып шығарылатын, автоматты түрде жинақталатын деректерге де тиесілі. Бұл деректерге мекен орны, қаралған сайттар тарихы, өзге де сайттардан алынған, шығарылған немесе сілтеме берілген деректер де жатады. Бұл тұрғыдан алғанда, деректерге қол жеткізу құқығы жүйесі оған иелік етуден қарағанда кешендірек қорғаныс пен басқарудың жиынтығын ұсынады. Сәйкес бақылау құқығы ғана керек, меншік құқығының көп керек болмайтын себебі де осыдан келіп шығады. Иә, бұл үлгі деректер қандай және олар қалай өзгеретінін шешу мен басқаруда қолданушыға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Деректерді азайтудың, мақсаттардың сипаты мен объективтілігі принциптері әбден ойластырылып барып жүзеге асса, қолданушының ауыртпалығын жеңілдетуге зор мүмкіндік береді. Құпиялық адамның қаншалықты хабардарлығына, ақпараттанғанына, шеберлігіне байланысты емес, қорғау туралы міндеттемелерін компаниялар қалай сақтайды – соған тәуелді. Осылайша, барлық қиындықты түсінуге тырысқан индивид бұл саладағы ең әлжуаз тарапқа айналмайды. Керісінше, мәліметтерін қалай сақтаймыз деген түсінік үшін күш жұмсап, уақытын кетіретін жекеленген адамдардың талап-тілегін азайтып, құпиялылық принциптерін басшылыққа алған компаниялар деректер ағыны мен процесін жасақтайды. Онымен қоса компаниялар іс-қимыл бостандығы мен тәуелсіздікті де құрметтейтін болады. Деректерге қол жеткізу құқығы оны қорғау мен жүзеге асырудың белсенді баламасына айналмайды.

Барлық қамтылған тараптарды нақты бір құқықтық міндеттемелер және қорғау принципімен бекіту үшін деректерге қол жеткізу құқығы жүйесінің өзі жеткіліксіз. Жоғарғы технологиялық деңгей мен құқықты сақтау деңгейін біріктіргенде ғана деректерге қол жеткізу құқығын жетілдірудің әлеуеті ұлғаяды.

Деректерді өңдеудегі ойластырылған процестердің таңдауы мен ашықтығы

Деректерге қол жеткізу құқығы жүйесі ұйымдарға да үлкен жауапкершілік жүктейді. Деректерге қол жеткізу құқығын сақтау үшін ұйымдар деректерді өңдейтін қауіпсіз және қорғалған орта құруға тиіс, онымен қоса ережелердің өте ашық жиынтығын анықтауы керек. Деректерді өңдеу процесі әуел бастан деректерді аз алуға, әдепті қалыпқа сай «құпиялылықты жоспарлау» принциптерін сақтауға сәйкес құрылады. Мұның негізінде қорғаныс жатыр, демек деректер байыппен, ашық жиналуға тиіс.  Номерін алмастыратын әртүрлі байланыс операторлары сияқты, бір қызметтен екіншісіне оңай көшуі үшін ұйым деректердің көшпелігіне де қаржы салғаны жөн.

Деректерге қол жеткізу құқығының негізі өте берік. Олар өркендеген қоғамның басты сипаты, ұжымдық әл-ауқат пен жеке тұлғаның мүмкіндіктерін жүзеге асыруда ең маңызды рөлге ие. Жаңа әлеуметтік-экономикалық негіздер және қырағы бақылаушылардың – жүйені бақылайтын стандарттардың көмегімен құқықтың осы бір құрылымын дамытып, бекіткеніміз жөн. Бізге деректерді өңдеудің жақсы ойластырылған процесі керек. Деректердің төзімділігін де қамтамасыз етуге тиіспіз, осының бәрін байланыстыратын орталықты ыңғайлы түрде қолдануды үйренген дұрыс.

Мәліметке қол жеткізу құқығының осы бір тәртібін сақтаған жағдайда ол технологиялық алыптардың бизнес-үлгілерімен бәсекелесе алады. Олар құпиялылықты сақтаудың сапалы операцияларын жасау үшін өздерінің бизнес-философияларын қайта пайымдап, модернизациялайды. Деректерді қолдануға рұқсат етудің орнына, құқықтарды мақсатты түрде сақтау цифрлы нарыққа әртүрлі қосымшаларды шығарып, жеке тұлғалардың дұрыс таңдау жасауына жол ашар еді.

Жаңа тілді жасақтау

Менің ойымша, «деректерге иелік ету» қазіргі цифрлық экономиканың мәселелерін шешпейді. Жеке меншік – осы мәселеге байланысты барлық спектрді толық қамти алмайды. Жеке меншік жүйесі тіпті жақсы идея болған күннің өзінде, деректерді ретсіз қолдануды және монополияны тоқтата алмайды, ол жоғарыда аталған жүйелердің қай жағдайға да бейімделіп, одан әрі өмір сүре беруіне жол береді. Деректерге меншік құқын беруді бірінші кезекте түсіндіру тәсіліне ден қойсақ, сенімге ие болмайтын, тәсілді ғана талқылап кететін бағытқа қарай адасу қаупі басым. Бұл біз ұмтылған талаптардың болашақта жақсылап қалыптасуы үшін барынша ашық әңгіме арқылы жаңа тілді жасақтауға шақыру болып шығады.

Деректерге қол жеткізу құқығының құрылымын жетілдіруге әлеуетіміз жетеді деп есептеймін, оны зерттеудің де бірнеше үлгісі бар. Енді өзіңіз Амтистің келесі саяхатын елестетіп көріңіз.

КЕЛЕСІ ҚАДАМ

Өз болашағыңызды қалай елестетесіз? Оны қалыптастырудағы алғашқы қадамыңыз туралы айтыңыз.

Алғашқы қадамыңыз қандай екенін нақты білмейсіз бе? Бірнеше ұсыныс айтайық:

  1. Жақын арада дүниежүзінде сайлау өтеді. Болашақта деректер қандай рөлге ие болады деп ойлайсыз деп кандидаттардан сұраңыз. Деректердің болашағы туралы оның көзқарасынан кемшіліктер байқасаңыз, онымен терең әңгімелесіңіз. Сөзіңізге құлақ қойғызып, барлығының астаң-кестеңі қалай шығатынын түсіндіру үшін сценарийлерді пайдаланыңыз.
  2. Өзіңіздің тобыңызда деректерге қол жеткізетін құқықтар жайлы тақырып жасаңыз. Деректерге байланысты мәселені қалай шешілетінін және болашақта не болатынын талдаған бірнеше пікірталас форумы бар. Мәселен, «Деректерім» және ResponsibleData.io таралымының тізімі тобына кіріңіз. Мұнда сіз сценарийлерде талқыланған тақырыптар бойынша әңгімелесуге қатыса аласыз.
  3. Деректерге қатысты тақырыптарды талдағанда ақпаратты кеңірек тарату үшін сіздің шығармашылық дағдыңыз керек болады. Осы тақырыпты зерттеген соң, достарыңызға, көршілеріңізге, дүние жүзіндегі барша адамға оңай болсын деген ниетпен құралдарды жасақтауға еңбек сіңіргіңіз келсе, valentinap@privacyinternational.org адресіне хат жазыңыз. Осы тақырыпты көптеген топтарға бөліссек бәрімізге де пайдалы болар еді!