23/10/2019
Нұр-Сұлтанда ауыл әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктері бойынша зерттеудің тұсаукесері өтті
16/10/2019
Жаһанды жайлаған популистік саясат
29/10/2019

Ашот Хуршудян: «Зерттеушілер – академиялық орта мен шешім қабылдаушы тараптың арасын жалғайтын алтын көпір іспеттес»

Алматыда қыркүйек айының соңында жас зерттеушілер бағдарламасының тағы бір кезеңі аяқталды. Жоба қатысушылары аралық жұмыстарымен таныстырды. ICPA өкілі – әдістеме бойынша тәлімгер Ашот Хуршудян жас сарапшылардың керегіне жарайтын зерттеудің тың тәсілдері мен қағидалары жөнінде баяндап берді.

– Бір қызығы бүгін жұмысын қорғаған қатысушылардың барлығы – нәзік жанды арулар, арамызда жалғыз азамат бар еді, ол әскерде – бір айға іс-шараға алып кетті (күледі). Зерттеудің әдістемесін үйретуші ретінде маған жүктелген міндет – зерттеудің құралдары мен амал-тәсілдерін көрсетіп, тәжірибелік білім беру. Бұл саяси-басқару құжаттарын жазу мәдениетін дамытып, осы бағыттағы зерттеулердің жүргізілуіне өз септігін тигізеді. Қатысушылардың методологиялық деңгейі әртүрлі, өйткені зерттеу кезеңдері де әрқилы. Кейбірінің таңдалған тақырыбы аса өзекті – ол туралы президент деңгейінде түрлі талқылаулар болып жатыр. Мұндай тақырыптарды зерттеу жеңіл. Кей қатысушылар таңдаған тақырыпта проблеманың айқындығы жоқ. Мәселен, ақпараттық алаңда мигранттарды ресми таныстыру, оларды кемсітетін түрлі уақиғалар. Мұндай тақырып таңдағанда зерттеуші проблеманың неде екенін өзі айқындап көрсетіп беруі тиіс әрі ол ұсынып отырған мәселе көпшіліктің назарын алып, қоғам талқысына түсетіндей болуы керек, сонда ғана түйткілдің түйінін тарқатуға бағытталған қандай да бір ұсыныстар айтуға болады, – дейді Ашот.

Көп жылдан бері осы бағдарламаны жүзеге асыратын қормен серіктесіп келесіз. Саяси-басқару зерттеулерімен айналысуға деген қызығушылығыңыз туралы айтып берсеңіз?

Ашот Хуршудян: Мұндай зерттеулердің қоғамға пайдасы зор, өйткені оның нысанаға алатын тақырыбы көбіне-көп – білім беру, денсаулық сақтау, миграция, адам құқығы және басқа да маңызды салалардың мәселесі. 2015 жылы бастау алған бағдарламаның алғашқы тобы – эксперимент болды. Бұл ойымыздың сәтті жүзеге асқаны соншалық, оны негізгі үлгі ретінде алдық.

Білесіз бе, академиялық мәтін жазу мен зерттеу жасаудың дүниежүзілік мәдениеті қалыптасып қойған, десек те, жұмыс істеудің, шешім қабылдаудың тәжірибелік алаңы барын естен шығара алмаймыз. Мұнысының бағыты мүлдем бөлек. Өкінішке қарай, академиялық ортаның зерттеушілері мен шешім қабылдаушы тараптың өкілдері арасында еш байланыс жоқ. Біздің бағдарлама – осы екі тағанның арасын жалғаушы алтын көпір іспеттес. Бұл жоба зерттеушілердің жұмыс мәтінін тәжірибелік бағытқа бейімдеуге септеседі. Сол арқылы шешім қабылдаушылардың қандай да бір проблемаға жаңа көзқараспен қарауына ықпал етеді. Біздің идеологияның негізгі қағидасы – «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас». Ұсыныс көп болған сайын, шешім қабылдағыштардың көзқарасына ықпал ету, сәйкесінше тиімді әрі орынды шешім қабылдау мүмкіндігі арта түседі.

Бүгінгі дәстүрлі үлгіні алатын болсақ – бюрократиялық шешім қабылдау, оның «ережесіне» сәйкес, кез келген жағдайға бір ғана көзқарас, сәйкесінше қоғамға пайдасыз шешім, өйткені өзге зерттеулердің ұсынысы мен тараптардың пікірі ескерусіз. Зерттеу жұмыстарымыз арқылы түрлі көзқарас болатынын көрсету арқылы шешім қабылдаудың көкжиегін кеңейтуге септесеміз. Негізгі бағытымыз – осы. Қоғамда әртүрлі құндылық бары анық, халықтың түрлі топтарының мүддесін ескере отырып, аталмыш мақсатымызға жетеміз.

Сіздіңше, билік өкілдері сарапшылар мен жас зерттеушілердің ұсыныс-пікіріне қаншалықты құлақ асады?

Ашот Хуршудян: Әдетте сарапшылар ұсынған өзгерістердің орындалатынына сенім болмаған жағдайда олардың пікірі ескерусіз қалып жатады. Сондықтан зерттеу жұмысының ұсынысы оңтайлы әрі тиімді болуы тиіс, проблеманың шешімін көрсете білу міндет. Қоғамда проблеманың бар екенін көре алатын жақсы сарапшы болып қана қоймай, сол мәселенің шешімін ұсына алатын эксперт болуымыз шарт. Кез келген проблеманың кешенді шешімін табу әрі соны жүзеге асыру процесі қашанда күрделі. Сондықтан кей сәтте ел тұрғындары өзіне қолайлы орнында (статус кво) қалуды құп көреді – «өзім шеше алмайтын мәселеге араласқанша, жағдайды осы қалпынша қабылдай салайын». Біздің қатысушыларға айтатынымыз – таңдалған зерттеулеріңіз шешім қабылдаушы тараппен байланыс орнатудың ең тиімді құралы.

Демек шешім қабылдаушы тараптың сенуі сарапшы мен оның зерттеуінің деңгейіне тікелей байланысты дейсіз ғой?

Ашот Хуршудян: Зерттеушілердің жұмысы – субъективті пікір емес, ол үлкен зерттеудің нәтижесі. Кез келген жағдайға объективті көзқарас білдіру, мәселені нақты дәлелмен сөйлету аса маңызды. Өкінішке қарай, негізді дәлелдер келтіру мәдениеті көп жерде қалыптаса қоймаған. Тұрғындардың көбі «осылай болуы керек» деп талап етіп жатады, не себепті екенін тіпті түсіндіріп әуре болмайды.

Арменияда сарапшылар мен зерттеушілердің биліктің шешімін өзгертуге ықпал ете алған кездері болды ма?

Ашот Хуршудян: Мұндай жағдайлар біздің қазақстандық топтарда да болған. Мына бір дүниеге назар салуыңызды сұраймын: біз «шешім қабылдау ісіне өз үлесімізді қосуға» ниеттіміз, «ықпал етуді» көздеген емеспіз. Шешім қабылдау алаңында өзге де көзқарастың пайда болуына ықпал етеміз, оны «мүмкіндік есігі» деп атаймыз. Мысалы, қандай да бір қайғылы, я болмаса қоғамда резонанс тудыратын оқиға орын алды делік, бұл жағдай түбегейлі өзгерістер енгізуге ықпал етсе, сонымыз – «мүмкіндік есігі». Бізге, яғни зерттеушілерге мақсаты мен бағыты айқын процесс болуы аса маңызды. Зерттеу жазып қана қою жеткіліксіз, одан кейін «тар жол тайғақ кешудегі» алғашқы қадамыңды жасайсың, осы тұста жүйелік қажет.

Кез келген зерттеу тақырып таңдаудан бастау алады. Тақырып таңдауда неге мән беріп, нені ескеру қажет?

Ашот Хуршудян: Алдымен таңдалған тақырыбын зерттеуге зор қызығушылығы болуы шарт. Әрине, зерттеушілер объективті көзқарастың адамы, десек те олардың да өз ұстанымы, ішкі қағидасы бар. Зерттеушінің жеке құндылығы оның тақырып таңдауына едәуір түрткі бола алады. Зерттеушілердің басым көпшілігі бұл саланы өміріне айналдырып жіберуге даяр тұрады. Тәжірибеде көргенімді айтайын, екі кеменің басын ұстап тұру өте қиын – академия мен практикалық зерттеу. Қайткен күнде де, зерттеу әдістері әрқандай.

Бұл мәдениет бірнеше жыл бұрын АҚШ билігі әртүрлі саланың саясатын жүргізуге өзінің ресурсы жетпейтінін түсінген тұсында қырқынды дами бастады. Бастапқыда зерттеу ісімен мемлекеттік қызметкерлер айналысты, кейіндеу бұл шаруаға тәуелсіз сарапшылар араласты да, ұйымдар арасында бәсекелестік пайда болды. Бәсеке бар жерде сапа артты, таңдау көкжиегі кеңейді, саясаткерлер сол алаңнан оңтайлысын, тиімдісін анықтап, соны бекітуге кірісіп кетті.

Егер сіздің мақсатыңыз – талдау орталығында (think tank) жұмыс істеу болса, тренинг барысында үйрететін барлық әдістемені толыққанды түсініп алғаныңыз жөн. 2000 жылдан бері Арменияда think tank мәдениетін қалыптастырып келеміз, осы тұста шешім қабылдаушы тараптың өкілдері біздің бүгінгі талдау хаттарымызды оқуы үшін, ұзақ әрі күрделі белестен өткенімізді атап өткім келеді. Яғни, институт ретінде де әрі бренд есебінде де қалыптасу қажет. Жеке дара жұмыстан гөрі, топпен немесе бірлестік деңгейінде дамыған әлдеқайда жеңіл. Сорос-Қазақстан қорының Жас зерттеушілер бағдарламасының қатысушылары қандай да бір институттың атынан емес, тәуелсіз сарапшы ретінде қалыптасуда.

Күнтәртібіндегі өзекті мәселелерден үнемі хабардар болудан бөлек, зерттеушілер мен сарапшылар нендей дүниені назарда ұстауы қажет?

Ашот Хуршудян: Тренинг барысында этика мәселесін де талдаймыз. Этика – мүдделі тараптардың дауын шешу қабілеті. Даулы жағдайларды оңтайлы шешудің жолы қандай? Даурығып «шатақ» шығару ма, әлде бетпе-бет келіп, шешімін өзгерту туралы өтініш айту ма? Мәселен, ешқандай ұстанымы жоқ, тек тапсырыс орындайтын сарапшылар бар, мен оларды «коммерциялық эксперт» деп атаймын. Сонымен қатар, қатысушылармен дәлелді фактілерге негізделген қолданыстағы саяси-басқару шешімдерін талдаймыз (бізге керегі осы), өйткені саяси-басқару шешімдеріне негізделген фактілер де бар. Бұл дегеніміз, алдымен шешім қабылдап, артынша онысына дәлел іздеу процесі. Қатысушыларға «Жағдайды жан-жақты сараптамас бұрын ұсыныс айтудың жөні жоқ» екенін үнемі айтып отырамыз.

Жас зерттеушілерге қандай кеңес бересіз?

Ашот Хуршудян: Терең талдау жасап, тиімді ұсыныс айта алу үшін зерттеу жүргізудің кем дегенде әліппесін үйрену керек. Университет қабырғасында оқытатын зерттеу әдістемесі деңгейінде білуіңіз шарт. Уақытымыз тығыз, ресурсымыз шектеулі бола тұра кей жағдайда базалық білім беруге тура келіп жатады. Келесі кеңесім – дәлел-дерекпен сөйлеу. Ұсынысы айқайлап тұратын, бірақ бірде-бір дәлелі жоқ мәтіндермен жиі ұшарасамын. Біз үшін мәселенің бар екенін көрсетіп қана қоймай, оның мән-маңызын түсіндіре алу аса маңызды. Бұл, өз кезегінде, дәлелдеу барысын күшейтеді.