05/07/2016
Еш қаражатсыз газет ашып, жарнама арқылы күн көруге бола ма?
21/06/2016
Дана Мигалева: Ескі жүйені қаржыландыруды тоқтату керек
05/09/2016

Ричард Дион: Қазақстан ӨӨАБ-ны алға жылжыту мәселесінде аймақта маңызды рөлге ие

Қазақстанға Өндіруші өнеркәсіптердің ашықтық бастамасын (ӨӨАБ) енгізу саласында жүргізіліп жатқан жұмыс 10 жылдан астам уақытты құрайды.

Осы процесті басынан бастап бақылаған адамдар оның қызық әрі күрделі процесс екендігін алға тартады. Осыған қарамастан Қазақстан өндіруші өнеркәсіп қызметтерінің табысын есептеу саласында айтарлықтай нәтижелерге қолжеткізе алды, ал ӨӨАБ есептілігін жетілдіру бойынша жүргізілген іргелі жұмыс осы бастама жүзеге асатын өзге мемлекеттермен жоғары бағаланып, мойындалды.  2017 жылы Қазақстан өзінің ӨӨАБ-на ізбасар мемлекет мәртебесін растауы, яғни валидация кезеңінен өтуі керек. Осы келелі кезең алдында Сорос-Қазақстан қорының «Ашықтық және Есептілік» бағдарламасының үйлестірушісі Динара Погодина Ричард Дионмен (ӨӨАБ бойынша Халықаралық Секретариаттың бұрынғы аймақтық басшысы) кездесіп, осы бағыттағы маңызды мәселелерді талқылады.  

Динара Погодина (Д.П.): Ричард, ең алдымен, Қазақстанда ӨӨАБ-ның дамуы туралы сіздің пікіріңізді білгім келіп отыр. Осы бастаманың осы уақытқа дейін жүріп өткен жолын қалай бағалайсыз?

Ричард Дион (Р.Д.): Қазақстан ӨӨАБ елде алға жылжыту үшін көп нәрсе істеді және бұл мәселеде ол аймақта маңызды рөлге ие. Алайда мерейіміз асқақтады деп кідірудің қажеті жоқ. Қазақстанға үкіметтің жұмысын жақсарту және оның халық алдындағы есептілігін жақсарту үшін аталмыш процесті жаңа деңгейге шығару керек. ӨӨАБ-ның басты міндеті де осы. Мәселе ашықтық үшін ашықтықта емес. Мәселе үкіметтің есептілігін ұлттық, аймақтық және жергілікті деңгейлерде көтеруге мүмкіндік беретін мәліметтердің ашықтығында болып тұр. Меніңше, Қазақстан аталмыш бастамаға 10 жыл бұрын елдің ақпараттық ашықтығын арттыру үшін қосылды. Бүгінде мұнай бағасының арзандауына қарап отырып, Қазақстан өз қаражатын шығындау мәселесіне барынша мұқият болуы керек. Бұл ретте халық, шыны керек, үкіметтен жауапты қадам мен үлкен ашықтықты талап етеді. Қазақстанда небәрі 16 миллион адам өмір сүреді. 2012 және 2013 жж Қазақстан 60 миллиард АҚШ доллары көлемінде табыс тапты. Аталмыш қаражатты тиімді жарататын болса, Қазақстанның үлкен табыс табу мүмкіндігі бар.

Д.П.: 2016 жылы Лима, Перуда өткен ӨӨАБ бойынша халықаралық конференция бірқатар келелі мәселелермен ерекшеленді. Солардың бірі – жетілдірілген 2016 жылғы ӨӨАБ стандартын қабылдау. Стандартқа сәйкес, айтарлықтай өзгерістер қатысуды кеңейту, бенефициарлық меншік туралы мәліметтерді ашу, тауар-шикізат нарығындағы операциялар, мәліметтердің ашықтығы мен қоғамның маңыздылығына аса мән аудару салаларын қамтиды. Аталмыш стандарттың жаңа талаптары Қазақстанда ӨӨАБ-ны жүзеге асыру мәселелеріне қалай әсер етеді деп ойлайсыз? Осы мүмкіндіктер ашықтыққа алып келеді ме, әлде керісінше одан да зор кедергілер тудыруы мүмкін бе?   

Р.Д.: Мәліметтерді ашу және бенефициарлық меншік – осы тізімдегі басты сұрақтар. Шыны керек, өз басыма Қазақстанда мәліметтерді кім пайдаланатыны қызықты. Мәліметтер барынша күрделі, сондықтан оны халықтың басым бөлігі түсінбейді ме деп қорқамын. Сондықтан осы мәліметтерді қалай пайдалануға болатындығын түсіндіретін бағдарламаны енгізген пайдалы. Халықаралық делегация бенефициарлық меншік мәселесін көтергенімен, менің білуімше, бұл мәселеде үкімет өз позициясын өзгерте қойған жоқ.  Компания иесі кім, қаражат қалай жұмсалады, ол үшін кім жауапты, елде немесе өзге жерде болсын банк шоттары қайда орналасқан, бұл ақша қалай жұмсалады – осының бәрін халық білуге құқылы. Мәселен, Конга Демократиялық Республикасы өз бастамасымен бенефициарлық меншік туралы ақпаратты жариялап отырады. Бұл – таңқаларлық жағдай. Шын мәнінде, ол туралы 10 жыл бұрын ойлауға да мүмкін емес еді.

Д.П.: 2016-2017 жж. Қазақстан үшін маңызды кезең болып табылады. 2017 жылы Қазақстан ӨӨАБ-ға ізбасар ел мәртебесін қайта растауы қажет. Осы ретте Қазақстан қандай мәселелерге тап болуы мүмкін және аталмыш емтиханнан сәтті өту үшін қандай кеңес берер едіңіз?

Р.Д.: Ең алдымен, құжаттау мәселесіне барынша көңіл бөлген дұрыс. Бұл кез келген атқарылған істірастауға мүмкіндік береді. Қойылған міндеттер, мүдделі тараптардың ұлттық кеңесі (МТҰК) отырысының хаттамасы және т.б. бәрі бекітілуі тиіс. Қағазда жоқ нәрсе өмірде де жоқ. Бұл аспект валидацияға дайындалып жатқандар үшін өте маңызды.  

Екіншіден, өкінішке орай, көптеген елдер алдыңғы валидация және ӨӨАБ есептері кезінде айтылған кеңестер мен алынған сабақтарға көп назар аудара бермейді. Көптеген инстанцияларда бұл кеңестер пайдаланбайды. Бір жағынан жұмыс жасалып жатады, бірақ нәтиже көрінбейді. Бұл ретте қоғамдық дебаттардың маңыздылығы өте жоғары.

Өкінішке орай, менің есептерімді көп адам оқыды деп айта алмаймын. Тіпті, ешкім де оқымады деп айтсам болады. Халықтың басым бөлігі оны түсінбейді, бұл өз кезегінде алға қойған міндетті жоққа шығаруы мүмкін. Шын мәнінде, бұл үлкен мәселелердің бірі. Барынша күрделі нәрсемен қалай жұмыс жасауға болады? Мәселен, халықтың басым бөлігі, пайдалы кен қазбалары саласының өзге онша танымал емес аспектілерін алмағанда, Қазақстан мұнай, газ, және пайдалы кен қазбаларынан жылына қанша пайда табатынын біле бермейді.

Оның үстіне, ӨӨАБ шарттарына енді ғана сәйкес болған елдерде қоғамдық талқылаулардың «деңгейін» бағалау әзірге қиын. ӨӨАБ есебін дайындап, оны сайтқа орналастыру және конференция өткізу жеткілікті ме? ӨӨАБ ақпаратты тарату бойынша нақты стратегиялық тәсілдердің, «арнайы жұртшылық» деп аталатын және ЖОО студенттерінен тұратын мүдделі тараптардың басқару жүйесі бар кезде ғана сәтті бола алады. Айналып келгенде, ел игіліктерінің болашақ пайдаланушылары солар болып табылады ғой. Осы мәселе төңірегіне келгенде, менің білуімше, елде табиғи ресурстарды басқару бойынша жоспар жоқ. Бұл Қазақстанның өткенін және бүгіні мен болашағын ескергенде өте таңқаларлық жағдай.

Д.П.: Ашылған мәліметтерді сәйкестендіру 2016 жылғы ӨӨАБ стандартында көрсетілген әлеуеттердің бірі болып табылады. Әр елдің өзі олардың есептері үшін ӨӨАБ Стандартының қай элементтері әлеуетті болатынын анқытайды, ал ашылған мәліметтердің бәрі ӨӨАБ талаптарын көрсететін болады. Бұл ретте Қазақстан есептілік үлгісін ӨӨАБ есебімен үйлестіру мүмкіндігі анықталып, сараланатын пилотты елдердің бірі болып келеді. Мүдделі тараптардың ұлттық кеңесінің шешіміне сәйкес жоба 2016 жылдың екінші тоқсанында іске қосылады. Сіздің пікіріңізше, аталмыш бастаманың қандай артықшылықтары бар?  

Р.Д.: Ресурстар туралы мәліметтерді Қаржы және Энергетика министрліктеріне енгізу айтарлықтай жетістік болар еді. ӨӨАБ-ның бөлек құрылым ретінде өмір сүруі дұрыс емес. Бұл ретте жақсы жұмыс істейтін, бірақ біз ағылшын тілінде «өз-өзімен күн көру» деп айтатын заңдылық орын алуы мүмкін. Министрліктер арасында ӨӨАБ бойынша ақпарат алмасу проблемасы ашықтықтың төмендігіне алып келеді. Әрине, бұл процесс көбіне қатысушыларының өзіне байланысты.  Егер үкімет ештеме істегісі келмесе, ол тек тіркеліп қана қоюы мүмкін. Бірақ мен Қазақстанның алдына қойып отырған мақсаты биік екенін білемін. Интеграция мәселесіне келгенде өз басым көптеген пікірталастың куәсі болдым. Қазақстан осы және өзге мәселелерде жергілікті мазмұн тұрғысынан өз орнын анқытап алғанын білемін.

Қазақстан үкіметі мен азаматтық қоғам көптеген мәселе бойынша жағдайды жақсартуға тырысуда. Жергілікті тұрғындар үшін айырмашылық көрінбеуі мүмкін Десек те, мен Қазақстанда жұмыс істеген 1990 жылдардың соңымен салыстырғанда жағдай айтарлықтай жақсарғаны даусыз. Бірақ аймақтарда, әлеуетті түрде әлеуметтік жобалар бойынша айтарлықтай жұмыс істеу керек.

Д.П.: Қазақстанның ӨӨАБ бойынша жылдық есебі бастамаға жаңадан қосылғалы жатқан елдер үшін үлгі болары сөзсіз. Сонымен қатар, біз бөлшектенген есепті енгізу бойынша алғаш жол нұсқаған елдердің біріміз. egsu.kz сайты аталмыш процесті айтарлықтай ашық және қолданушылар үшін ыңғайлы жасады. Сондай-ақ есеп қысқа түрде инфографикамен көмкеріліп, оқырмандарға ыңғайлы түрде жарияланды. Қазақстанның ӨӨАБ есебінен қандай қызықты мәліметтер тапқаныңызбен бөлісе аласыз ба?

Р.Д.: Ойыма екі нәрсе келіп тұр. Олар – мемлекеттік кәсіпорындар мен транспорттың рөлі. Қазмұнайгаз немесе «Самрұқ» холдингі сынды компаниялардың үлгісі елдің басты активтері туралы көп нәрсе айтады. Енді сіздер сандар мен мәліметтерге шынайылық берулеріңіз керек. Шын мәнінде бұл сандар нені білдіреді? Бұл үлкен мәселе. Есептен мен мемлекеттік кәсіпорындар туралы көптеген жаңа мағлұмат алдым. Алғашқы жетістіктерге қарамастан әлі де болса елдің бюджетіне айтарлықтай табыс әкелетін транспорт саласында бірқатар жұмыс істеу керек сынды. Егер есепте нақты әлеуметтік жобалар көрсетілсе (мәселен, топ 10 жобаны таңдап, оларға баға берілсе…), онда бұл есепті аймақтардағы айырмашылықты көріп, сезуі керек жергілікті қауымдастықтар үшін маңызды етер еді.

Есепке келетін болсақ, оны белсендірек талқылау керек. Соңғы екі жылда жұмыс айтарлықтай жақсарды, бірақ бұнымен шектелмеу керек. Есептің құрылымын түсінікті ету керек. Мен есептің құрылымы қоғамдық талқылаулардың тек үштен бір бөлігін ғана қамтамасыз етеді дегенге күмәнмен қараймын. Менің IT саласында жұмыс істейтін әріптесім «адамдар оқымайды, адамдар қарайды» деп жиі айтады. Сондықтан, ондаған бет факті мен мәліметтерден маңызды ақпаратты алу үшін қосымша жұмыс істеу керек.

Д.П.: Қазақстан ӨӨАБ-ны ұлттық деңгейде жылжытуда жақсы нәтижелерге қолжеткізді. 2015 жылы қысқаметражды фильм дайындалды. Есептің басты мақсаты ӨӨАБ тақырыбын азаматтар арасында танымал ету болып табылады. Сонымен қатар бізде әлі де болса жетілдіруді талап ететін салалар бар, мәселен, қоғамдық талқылауларды дамыту керек. Аймақтарда ӨӨАБ-ны алға жылжыту үшін қандай кеңестер берер едіңіз, мүмкін өзге елдердің үздік мысалдарын келтіресіз?

Р.Д.: Өкінішке орай, бірде-бір мысал келтіре алмай отырмын. Адамдар бұның үлкен мәселе екенін біледі. Есепте керек нәрсенің бәрі көрініс табуы керек, бірақ ол есепті тек бірнеше ғана адам оқыса оның еш мәні жоқ.  Менің білуімше Ослодағы халықаралық секретариаттан есептерді тарату бойынша ешқандай нұсқаулық келген жоқ. Қазіргі таңда ақпаратпен алмасу таза ғылыми тілде жүргізіледі және барынша ой елегінен қайта өткізуді және пысықтауды қажет етеді. Азаматтық қоғамның көптеген белсенділері жұмыстың осы бөлігін жөнді түсіне берейді. Менің тәжірибиеме сүйенсек, мұндай жағдай Конго, Мавританияда және өзге елдерде орын алуда және бұл үлкен мәселе. Бұның бәрі аталмыш мәселені азаматтық қоғамның түсіну деңгейін арттыру қажеттігін көрсетеді.

Қазақстан қандай кезеңде екендігін анықтау үшін негізді зерттеу өткізу керек. Бұл ӨӨАБ процесіне ғана қатысты емес, сонымен қатар барлық салаға байланысты. Бірнеше салада өткізілген зерттеу адамдар нені біліп, білмейтінін және білуге құқықтарының барын сезініп, сезінбейтінін түсінуге мүмкіндік береді.

Сосын алынған ақпарат негізінде өзіне барлық мүмкін инструменттерден (жеке кездесулер, бірбеттік сараптамалық мәліметтер, хаттар, халықаралық қауымдастық өкілдерімен брифингтер, адамдар ақпаратты қайдан алатындығы туралы түсінік (газет, радио) және т.б.) тұратын мақсаттық орташа мерзімді стратегия дайындалуы қажет.

Мен прогрестің мақсатты әдіс қолданғанда ғана орын алатынына сенімдімін. Сондықтан маған осы бағытта жұмыстардың жүргізіліп жатқаны қуантады және де мен оның алғашқы жемісін шыдамсыздана күтемін.