04/09/2019
Босқын балалардың біліміне көп инвестиция қажет
30/08/2019
Жаңалықтарға не болды?
11/09/2019

Сергей ДРОЗДОВСКИЙ: Әлеуметтік қамқорлық ұғымынан аса алмай отырмыз

Алматыда «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда»: тиімді адвокацияның тәжірибелік тетіктері» тақырыбында мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғауға арналған бес күндік халықаралық жазғы мектеп өтті. Сорос-Қазақстан қоры қолдау көрсеткен шараға тренер ретінде қатысқан заңгер, Мүгедектігі бар азаматтардың құқығы жөніндегі кеңсе директоры Сергей Дроздовскиймен (Минск, Беларусь) сұхбаттасудың сәті түсті.

 – Сергей, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың білім алуы, жұмысқа орналасуы сынды мәселелер күні бүгінге дейін жүйелі түрде шешімін таппай отыр. Дамыған, дамушы қоғамның бұл мәселеде қауқарсыз болғаны қалай?

 Сергей Дроздовский: Ол рас. Қауқарсыз. Бүгінгі заман бұрыңғыдан өзгерек, қазіргі қоғам мүлдем бөлек – ХХІ ғасырдың тың талаптарын ескере отырып, үнемі дамып отыруды бетке алған ортаның өкіліміз бүгінде. Адамзаттың күнкөрісіне аса қажетті (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік даму, экономика және тағы басқа) салалардың барлығы замана ағымына қарай бейімделуде, өйткені қоғамның дамуы дәуір сұранысын қанағаттандырумен тікелей байланысты. Бұл аталғандардың әрқайсының нарықтық әлеуеті, заманауи технологиялық мүмкіндіктері жіті зерттеліп, әлеуметпен өзара қабысуы үнемі зерделеніп келеді әрі солай болуы заңды. Осы орайда, тыңғылықты зерттеуді қажет ететін тағы бір бағыт бар десек, ол – мүгедектердің жағдайы.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар – кез келген қоғамның толыққанды мүшесі, дұрысында солай болуы тиіс-ті. Сол себепті, олардың мәселесін қарау әрі оны шешу – әрбір жетекші тараптың, яғни биліктің мүддесі әрі міндеті. Бүгінгі ортада мүгедек жандардың өздігінен жүріп-тұруына, қозғалуына біршама жағдай жасалған. Осыдан 20-30 жыл бұрыңғы кезеңмен салыстырған-дағы аталмыш саланың қазіргі ахуалы жақсы. Алайда, кез келген мәселенің бүгінгі жағдайына баға беру үшін, оны өткенімен салыстыру қисынсыз, әр кезеңнің өз тәртібі мен талабы болатынын жоғарыда айттық. Мәселен күні бүгінге дейін бірқатар мемлекеттің мүгедек азаматтарға деген қарым-қатынасы мынадай болды: оларды қорғау, амандығы мен саулығын қамтамасыз ету, күнкөрісіне қажетті құрал-жабдықтары мен дәрі-дәрмектерін мүмкіндігінше уақтылы жеткізу, жәрдемақы мәселесін реттеу және т.с.с.

Олардың әлеуметтік ортаға бейімделуі, өзін-өзі тұлға ретінде дамытуы, азаматтық қоғам өміріне белсенді араласуы сынды өмірлік маңызы бар дүниелер екінші орынға ысырылып, кей елдерде бұл мәселелердің аты да аталған жоқ. Себебі, 20-30 жыл бұрыңғы жалпы әлеуметтің сұранысы – күнкөріс мәселесі еді. Ол уақытта білім алу, тәжірибе алмасу, таным көкжиегін кеңейту сынды дүниелер ілуде біреуінде болмаса, басып көпшілігінің қаперіне кіріп шықпайтын.  Дамыған, яки дамушы қоғам билігінің мүгедек азаматтардың білім алып, қызмет қылуына жағдай жасай алмауының себебі сол, оларға деген қарым-қатынастың әлеуметтік қамқорлық ұғымынан аса алмай отырмыз. Бұған қатысты кей елдерде түрлі бастамалар көтеріліп, әрқандай реформалар жасалып жатқанымен, басым көпшілігі нәтижесіз.

– Не істемек керек?

 Сергей Дроздовский: Қоғамдануға негіз болатын басты құндылық – кедергіні жою һәм қолжетімділік. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың күні бүгінге дейін қалыпты қоғамнан оқшау өмір сүріп жатқаны жасырын емес. Өйткені, олардың қалыпты өмір сүру мүмкіндігін шектейтін кедергілерді қалыптастырған өзіміз, кәдуілгі қоғам. Оқу, білім алу, қызмет істеу, кәсіппен айналысудың жалпыға ортақ тәртібі мен талаптарын бекітуші, адамзат атаулысы үшін “қолайлы” жүйе жасаушы, түрлі реформалар ұсынушы, заңдар мен заң жобаларын қабылдаушы да сол қарапайым адамдар, яғни өзіміз. Демек, мүгедектердің әлеуметтенуіне алаңдайтынымыз рас болса,  алдымен кедергісіз қоғам қалыптастыруды ойлауымыз қажет. Бұл шаруаның шешімі өзімізде жатыр. Мұнда тек архитектуралық тұрғыдағы кедергілерді (пандус, арнайы бағдаршам және т.с.с.) айтып отырғаным жоқ, сана тұрғысынан сілкініс керек.

Осы орайда, БҰҰ-ның соңғы Мүгедектердің құқығы жөніндегі Конвенциясы – көптеген игі мақсат-мүдделердің бастамасы болды, қоғамның бізге деген көзқарасы мен биліктің қарым-қатынасының өзгеруіне бастап бергендей. Бұл құжат мүгедек адамның мәселесі дегенде қоршаған ортадағы түрлі кедергілерді жоюмен қоса, олардың азаматтық қоғам өміріне араласуын ойлауымыз қажеттігін түсіндіре алды. Шын мәнінде, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жанымыз, олардың да жақсы өмір сүруін қалыптастырғымыз келсе, осы құжатты басты нысанаға алғанымыз абзал. Өйтпесек, мүгедек адамның қалыпты өмір сүруіне жағдай жасап жатырмыз деудің өзі бекер. Мүгедектер ісіне қатысты шешім қабылдайтын жауапты билік өкілдері үй қамағында білімсіз, жұмыссыз, қоршаған ортасыз тіршілік етудің қаншалықты ауыр екенін білген бір бөлек, сезіну керек.

– Қоршаған ортадағы әртүрлі фактордың (мәселен Семей полигоны)  салдарынан дене бітімінде қандай да бір өзгешелігі бар (яғни ешкімнің көмегінсіз жүріп-тұратын, қозғала алатын) азаматтардың өзі жұмысқа орналаса алмай жүргенін көзіміз көріп отыр. Түйіндемесі бойынша жұмыс талабына сай келіп тұрғанның өзінде, оларды бетпе-бет сұхбаттасу барысында мәдениетті түрде шығарып салып жатады. Бұған не дейсіз?

 Сергей Дроздовский: Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда жұмысшының қарым-қабілетін сырт келбетіне қарап бағалау дендеп тұр. Беларусияда бір бойжеткен сексеннен астам жұмыс берушінің алдынан өткен, соның барлығы түрлі сылтау айтып, жұмысқа қабылдаудан бас тартқан.

Бірде АҚШ-тың Қорғаныс министрлігінің сайтынан бір белгілі бір жас аралығындағы қайсар жастарды әскерге шақыру жөніндегі хабарландыруды көзім шалып қалды. Онда АҚШ-тың заңнамасына сәйкес, мүгедек азаматтардың өтінім тапсыруына шектеу қоя алмайтыны туралы жазылған. Яғни, АҚШ-та тепсе темір үзетін азаматтар жиналатын әскердің өзіне мүгедектер өтінім жібере алады. Ал жаңағы Қорғаныс министрлігі қанша жерден қаласа да, заң бойынша шек қоя алмайды. Шектегені, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кемсіткені болып табылады. Бұл – дамыған мемлекеттердің мысалы.

Біздің елдердегі жағдай өзгеше. Мұнда дене бітімінде кінәраті бар азаматтар дәл сол кемтарлығы үшін жұмысқа қабылданбай жүргенін дәлелдей алмайды. Сондықтын тауы шағылып, күйзеліске түсіп, ақыры соңында жұмыссыз, жақындарына масыл болып күн кешеді. Осы тұста, дамыған мемлекеттердің дискриминацияға қарсы қолданатын тәжірибесіне сүйенуімізге болады. Мәселен, еуропа елдерінде қандай бір азамат өзінің кімде-кімнен кемсіту көргенін айтып, сотқа жүгінетін болса, кінәлі тарап арызданушыны кемсітпегенін түрлі фактілермен дәлелдеуі қажет болады. Мысалы, кемтар азамат түйіндемесі бойынша жұмыс талабына сәйкес деп танылып, сұхбаттасудан кейін қызметке қабылданбады дейік. Ол азамат сотқа жүгінер болса, жұмыс беруші әлгі азаматты не себепті қызметке қабылдамағанын және қабылдамауының себебі оның кемтарлығы болмағанын қалайда дәлелдеуі тиіс. Олай ете алмаса, кемсітуге жол бергені үшін жауапқа тартылады. Еуропа елдерінде осындай жақсы тәжірибе бар.

– Бұл орайда, мемлекет заң тұрғысынан жұмыс берушіні мүгедектігі бар азаматтармен жұмыс істеуге міндеттеуі керек шығар?

 Сергей Дроздовский: Кей елдер міндеттеп те жатыр. Мәселен, бүгінгі күні кең қолданыстағы квота жүйесі – сондай тәсілдердің бірі. Алайда, міндеттеу шараларының басым бөлігі тиісті нәтиже беріп отырған жоқ, тиімділігі аз. Мысалы, жұмыс беруші жұмыс орнының белгілі бір пайызын мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ашық етіп жариялайды. Кей аймақтарда жаңағы бос орындарды толтыратын, я болмаса, жұмыс талабына толыққанды сай келетін мүгедек азаматтардың саны аз болуы мүмкін де, әлгі жұмыс орындары бос қалуда. Кей өңірлерде керісінше мүгедектердің саны көп болғандықтан, олардың барлығын жұмыспен қамту мүмкін болмай отыр. Оның үстіне, мүгедектігі бар азаматтардың басым көпшілігі білім, тәжірибе тұрғысынан бәсекеге қабілетсіз келеді. Сондықтан кез келген ашық вакансияны пайдаланып, оларды жұмысқа тұрғыза салу әсте мүмкін емес.

Қызмет бабы мен барысын мүгедектерге сай етіп, біршама бейімдеу керек болады.  Осы орайда,  жұмыс берушіні белгілі бір талап пен тәртіпке міндеттеуден гөрі, ынталандыруымыз керек шығар. Мәселен, мүгедектерді жұмыспен қамтитын мекемелерді салықтың белгілі бір түрінен босату, яки жеңілдік жасау және т.с.с.

– Бес күн бойы мүгедектердің құқығына алаңдайтын құқыққорғаушыларды дайындадыңыздар. Жазғы мектептің атауы – «Ничего о нас без нас». Шын мәнінде, бұл саладағы түйінді түйткілдердің тек мүгедек азаматтардың араласуымен шешіледі деп есептейсіз бе?

 Сергей Дроздовский: Әлбетте, қоғамдағы қордалаған мәселелердің тиімді әрі тиісті деңгейде шешілуін кәсіби мамандарға тапсыруымыз қажет. Медициналық, әлеуметтік мәселелерге, сондай-ақ, оңалту, бейімделу шараларына қатысты мемлекеттік деңгейдегі шешімдерді қабылдау, оның сапалы жүзеге асуын қамтамасыз ету сауатты сарапшылардың қатысуынсыз елестету әсте мүмкін емес. Дейтұрғанмен, кімде-кім қанша жерден кәсіби маман болмасын, мүгедектер мәселесіне келгенде оның өмірлік тәжірибесі жеткіліксіз болатыны хақ. Кез келген реформаның нәтижелі болуы, оның адам өмірін негізге алуымен тығыз байланысты. Мүгедектердің күнделікті күйбең тіршілігі, жүріп өткен жолы – олардың мәселелерін шешуге септесетін құнсыз дереккөз десек, олардың шешім қабылдау ісіне араласуы заңды құбылыс. Оның үстіне, демократия қағидасы да осыны меңземей ме?!

Осы орайда, яғни, мүмкіндігі шектеулі жандардың шешім қабылдау ісіне қатысуын қалыптастырғымыз келсе, бұл істің өрге басуына тек мемлекет қана емес, мүгедектердің өзі де мүдделі болуы шарт. Демократиялы қоғамның өкілі ретінде (денсаулығың дұрыс, яки бұрыс болсын), кәдімгі азамат ретінде өз құқығынды қорғауды үйрен. Жоғарыда атап өткен БҰҰ-ның Мүгедектердің құқығы жөніндегі Конвенциясымен кез келген көзі ашық, көкірегі ояу мүгедек азамат таныс болуы тиіс. Бұдан өзге де, құжаттар мен дереккөздер баршылық.

– Сұхбатыңызға рахмет!