25/10/2021
Қазақстанның білім сапасын халықаралық зерттеулердегі нәтижелері: артта қалу себептерін зерттеу
20/10/2021
«Бізге «біз» туралы кітап қажет»: қазақстандық жазушылар энциклопедиясы қалай жазылды?
07/11/2021

Ульяна Топоровская: «Әр кейіпкердің тағдыры бүтін бір қоғамның тауқыметін сипаттайды»

Cорос-Қазақстан қорының қолдауымен 23-28 қыркүйек аралығында Алматыдағы «Арман» кинотеатрында QaraFest тәуелсіз фестивалінің деректі фильмдері көрсетілді. Ал 30 қыркүйек пен 9 қазан аралығында qarafilmfest.kz алаңында онлайн-фестиваль өтті. QaraFest бағдарламасында Чили, Түркия, Швеция, Германия, Норвегия, Финляндия, Грузия, Бельгия, АҚШ және Румыниядан 10 туынды көрермен назарына ұсынылды. Барлық фильмдер түпнұсқа тілінде, қазақ және орыс субтитрлерімен көрсетілді.

QaraFest – тәуелсіз авторлық деректі фильмдер фестивалі. Көзбен көруге, көңілге түюге, зерттеуге, таным көкжиегінде зерделеп, тың болмысты тануға мүмкіндік беретін фестиваль. Фестиваль туралы толығырақ білу үшін жоба авторы әрі менеджері Ульяна Топоровскаямен сұхбаттасқан едік.

Ульяна, QaraFest ұсынған кинокөрсетілімдер қалай өтті?

– Былтыр еліміздегі карантин салдарынан фестиваль толығымен онлайн өтті. 2020 жылғы қиын кезеңде туып, әлемдік шектеулерге қарамастан, былтыр 2200-ден астам көрерменге Қазақстанның 8 үздік деректі туындысын ұсына алдық. Биыл көрермен қауыммен офлайнда көрісіп, мәз болдық. Еліміздегі пандемияға қатысты биыл да түрлі шектеулер болды, сол үшін кинокөрсетілімдердің уақыты мен орнын бірнеше рет өзгертуге тура келді. Соған қарамастан, 1000-ға жуық көрерменнің кинотеатрға келгені көңіл қуантарлық. Бізге кинотеатрдағы атмосфераны сезіну, көрерменнің шынайы күлкісін есту, көз жасын көру аса маңызды болды… Мұндай шынайы эмоциялар жобаны жалғастыруыма ынталандыратыны сөзсіз.

Ал онлайн форматта фестиваль фильмдерін Қазақстан бойынша 2500-ден көп адам көрді, бұл орайда, көрсетілімдер республика көлемінде қолжетімді болғанын атап өткім келеді.

 Фестиваль бағдарламасына 10 халықаралық туынды енді. Неліктен дәл осы фильмдер таңдалды?

– Бағдарламаны көбіне-көп ішкі түйсігіме сеніп, жинаймын. Алдымен, халықаралық тұсаукесері өткен немесе енді өтетін картиналардың сипаттамасы бойынша ақпарат іздеймін. Кей фильмдерді Sundance, Berlinale сынды ірі кинофестивальдердің сайтынан көріп, сол жерден иесінің байланыс деректерін аламын. Кейбірін онлайн-фестивальдерден табамын. Көп режиссердің шығармашылығын бақылап жүремін, олардың жаңа туындысын назарға аламын. Осылайша, жүздеген фильм көріп, оның ішінен айтар ойы өзекті, беретін тағылымы мол, бөлісетін тәжірибесі бар фильмдерді таңдаймын. Әдетте таңдалған туындылардың ортақ тұсы – олар қарапайым адамдардың тағдыры туралы, әйтсе де, әр кейіпкер өз тағдырымен кімде-кімді болмасын толғандырып, терең ойға жетелейді, тағдырлас көрерменімен сырласып, мұңдас бола алады, тауқыметін бөліскендей сезім қалдырады, кейіпкердің «кішкентай» ғана өмірі, тіршілігі, бүтін бір қоғамның «тұрмысын» сипаттайды.

Фильмдерді іріктеу барысын ерекше ұнатам. Екі жыл бойы фестиваль бағдарламасы тақырыбының, формасының және айтар ойының алуан түрлілігіне (Билігін асыра пайдаланған полицейлер туралы «Қылмыс пен жаза» фильмінен бастап әйелдегі оргазм туралы баяндайтын «Кішкене өлім» фильміне дейін) ерекше мән бердім. Яғни, ырғақты, әзіл-шыны аралас күлкілі туындылар да, романтикаға жақын меланхолиялық фильмдер де болды. Махаббат, достық, шығармашылық және өлім, күйзеліс, тағдыр тауқыметі де, әйел, әпке-сіңілі, ана сезімі және еркектік, әке мейірімі, жалпы ерлер туралы да фильмдер көрсетілді. Мүмкіндігі шектеулі жандар, яки сексуалды зорлық-зомбылық, я болмаса, ағаштар және билік, қаңғыбас әлде бұралқы? иттер туралы тақырыптар қамтылды. Фильмдерде көрсетілген тағдырлар көрерменнің жүрек қылын шерте алғанын екі жылдың тәжірибесі көрсетті.

QaraFest аудиториясы кімдер? Көрерменнің портреті қалыптасып үлгерді ме?

– Жобаның айтарын, астарын түсінетін аудитория дер едім. Біздің көрерменнің талғамы жоғары: оларға жүрдім-бардым ештеңе ұсына алмайсың. Олар – ыстық ықыласын, жылы лебізін аямайтын, кей тұста сыни пікір айта алатын белсенді аудитория. Бұл біз үшін өте құнды. Сондай-ақ, олар – қазақ және орыс тілді киносүйер қауым. Фильмнің субтитрінен бастап, сайт, постер, әлеуметтік желідегі барлық жазбаға дейін екі тілде жүргізуіміздің еңбегі ақталды: өйткені, екі тілдегі аудиториядан да кері байланыс бар.

 Қазақстандық документалистермен серіктестік орната алдыңыз ба? Екі жылдың бағдарламасында да отандық авторлардың туындысын көрмедік.

– Биыл қазақстандық авторлардың туындыларын іздедік, екінші жылғы бағдарламаға қосу ниетіміз болды. Бірақ, жергілікті документалистердің көбі жаңа туындыларының халықаралық тұсаукесерін келесі жылға жылжытқан екен, өйткені, пандемияға байланысты ол фильмдердің тұсаукесері тек онлайн өтуі мүмкін еді. Ал әлемдік деректі кино өндірісінде дамуды мақсат тұтқан авторлар үшін ірі халықаралық кинофестивальдердің бірінде тұсаукесер өткізу аса маңызды. Сондықтан, келер жылды күтейік.

 Қазақстандағы документалистика туралы қандай пікір қалыптасты?

– Қазақстанда документалистерге қаржылай қолдау табу қиынырақ. Тәуелсіз деректі фильмдердің продюсерлері жоқтың қасы, сондықтан, авторлардың басым көпшілігі өз жобасына өзі продюсерлік етеді. Сондай-ақ, өз жобасын қай бағытта дамыту керегін нақты түсінетіндер аз, мәселен, халықаралық деңгейге (егер мақсаты болса) шығудың жолын білетіндер кемде-кем. Жалпылай алғанда, жағдай бұлыңғыр: документалистердің өзі саусақпен санарлық, ал деректі фильм жасап жүргендері өзінше бөлек-бөлек әлем, әзірге коммюнити жоқ.

Әйтсе де, бұл бағытта белгілі бір деңгейде өзгеріс бар екенін сеземін. Мәселен, заманауи қазақстандық креативті документалистикаға жол салушы Катя Суворова көп жылдан бері режиссер ретінде ғана емес, инфлюенсер есебінде де өз аудиториясын креативті документалистикамен таныстырып келеді. Ол мүдделес, ниеттес әріптестерін бір қауымдастыққа жинап (мәселен, Docustan телеграмм-каналы), жас авторларға қолдау көрсетеді. Бұл – қозғалыс, жаңа бетбұрыс.

Осы орайда, біздің AYT Central Asia атты алғашқы питчингке 8 ортаазиялық документалистер (6 қазақстандық) қатысты, олар халықаралық әділ-қазы алқалары мен сарапшыларға өзінің дайындық немесе продакшн кезеңіндегі жобаларын таныстырды. Питчинг бұрын тек көңіл көтеру форматында фильм түсіріп келген көп режиссердің документалистикаға бет бұрғанын, яки тәжірибе жасамақ ниетін көрсетті. Мәселен, қазылар атап өткен екі жоба – Кристина Михайлованың «Өзен қандай түс көреді» фильмі мен Айжан Қасымбектің «Балдай тәтті дүмбіл» атты туындысы осы авторлар үшін алғашқы толықметрлі деректі фильм болмақ. Сондай-ақ, соңғы жылдары қоғамның шындықты тануға деген ынтасы артты, бұрын-соңды тыйым салынған (мәселен, сексуалды зорлық-зомбылық) тақырыптарға назар аудару, оны талқылау белең алды. Осы құбылыс жас авторлардың өз жобасында тыйым салынған мәселелерді сөйлетуіне септігін тигізуде. Мәселен, питчинг жеңімпаздарының бірі Диана Жилкенова «Жертөле» атты фильмінде бүгінгі біздің қоғамдағы зорлық-зомбылық туралы айтады. Бұл туында Artdocfest/Riga питчингіне жолдама алды және жобаның әрі қарай дамуына арналған қаржылай қолдауға ие болды.

Қазылар назарына іліккен тағы бір питчинг жеңімпазы Сүйінбике Сүлейменованың «Matil» жобасы, бұл туынды еліміздің өңірлеріндегі тілдік сегрегацияны зерттейді, өте өзекті тақырып. Осы аталған төрт туындыдан өзге де питчингке қатысқан жобалардың түсірілімі аяқталады деп сенемін. Бәлкім, келер жылы QaraFest фестивалінде көрсетіп те қалармыз.

QaraFest фестивалін өткізу идеясы туралы айтып берсеңіз?

– Бұл идея менің документалистикаға деген махаббатымнан туды. Деректі кино дегеніміз көркем туынды ғана емес, жанға дауа, жүрекке жылу сыйлайтын, терең ойға жетелейтін тылсым дүние. 2016 жылы Амстердамдағы оқуымды аяқтаған тұста, IDFA (International Documentary Film Festival Amsterdam – әлемдегі ең ірі деректі фильмдер фестивалі) кинофестивалі еріктілер іздеп жатқанын естіп, ниет білдірдім. Pathe Tuschinski кинотеатрындағы көнерген зал әлі күнге дейін есімде, ондағы мен әдетте көретін деректі фильмдерге ұқсамайтын өзгеше туындыларды көріп, ішімде ұшқын пайда болған.

Қазақстанға оралғанымды сол ұшқын маза бермеді ме, Clique Film Festival тәуелсіз кинофестивалінің негізін қалаушы Наргиз бен Бористен жұмыс сұрап, жаздым. Олар өз командасына қабылдады. 2018 жылы Наргиз бен Борис Central Asian Documentary Film Festival (CADF) деп аталатын Орта Азиядағы деректі фильмдер байқауын ұйымдастырды. Бұл жобаға қатысуым үлкен тәжірибе болды. Бар болғаны 3-4 айдың ішінде осы салаға қатысты құнды мәліметтер жинақтадым.

Clique аяқталған соң, ондағы жинақтаған тәжірибемнің арқасында Грузиядағы CineDOC-Tbilisi халықаралық деректі фильмдер фестивалінен тағылымдамадан өтуге жолдама алдым. Онда халықаралық фестиваль өткізудің қыр-сырын үйрендім, онда Кавказ өңіріндегі жас документалистерге арналған питчинг өткізуге жауапты болдым. Дәл осы CineDOC-Tbilisi фестивалінде QaraFest алғашқы бағдарламасына кірген фильмдермен таныстым. Ол уақытта менде жаңа кинофестиваль жасау идеясы, концепциясы болған жоқ, дей тұрғанмен, Грузияда көрсетілген фильмдерді қазақстандық көрерменге көрсетуге ерекше ынталы болдым. Өйткені, ол фильмдерде көрсетілген адам тағдыры, қоғам проблемасы біз үшін де өзекті еді. Сондықтан, Қазақстанға оралған бойда, біздің елде көрсетілмеген халықаралық деректі фильмдерді іздедім, әрі ішкі түйсігіме сеніп, бағдарлама қалыптастыра бастадым. Нәтижесінде 8 фильм фестиваль бағдарламасына сұранып тұрды. Фестивальдің қалай өтетінін толық бағамдай алмасам да, атауын ойластырып жүрдім.

О бастан, қазақша атау іздедім, өйткені, орыс және қазақтілді аудиторияны қатар қамтығым келді. «Qara» көңіліме бірден жақты: қысқа-нұсқа, екі ұдайы мәнге ие, көпке түсінікті болды. Осы атау пайда болғаннан кейін бұл идеяны жүзеге асыру керегіне сенімді болдым.

Movies That Matter нидерландтық кинофестивалінің және көп жыл бойы  CliqueFest жобасына қолдау білдіріп келген Cорос-Қазақстан қорының грантына өтінім білдірдім. QaraFest фестиваліне де сеніп, қолдау білдірген Cорос-Қазақстан қорына алғысым шексіз. CliqueFest-тегі мүдделес әріптестерімді шақырып, бірге жаңа деректі фильмдер фестивалін ұйымдастырдық. Осылайша, былтыр еліміздегі пандемияға қарамастан QaraFest фестивалін онлайн өткіздік.

 QaraFest келер жылы да өткізіле ме? Жоспар қандай?

– Әзірге жобаның болашағы туралы бір сөзбен айтуға әлі ерте. Бұл тәжірибені талдаудан өткізіп, оң-солын түзетіп, болашақ бағыт-бағдарымызды түзу үшін біраз уақыт керек. Десек те, алдағы уақытта да осындай жанға жылы, жүрекке жұмсақ, көңілге жайлы туындыларды көрерменге ұсынғым келеді. Сондай-ақ, Орталық Азия документалистеріне арналған AÝT Central Asia алаңын дамытуға көп көңіл бөлемін. Бұған қоса, фестиваль фильмдерінің авторын Алматыға шақырғым келеді, биыл шектеулерге байланысты мұндай мүмкіндік болмады.