04/05/2021
Сапалы білімге қол жеткізу – бұл әр адамның құқығы
29/04/2021
«ҚАЗАҚСТАН ҰСТАЗДАРЫНЫҢ КӨШБАСШЫЛЫҒЫ» Халықаралық конференциясы
12/06/2021

Жанат Нұрғалиев бюджетке қоғамдық мониторинг жүргізудің маңыздылығы туралы

«INTEGRITY ASTANA» ЖМ үкіметтік емес ұйымы «COVID-19: ТЖ жағдайында ҚР Үкіметінің дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде бюджет қаражатын тиімді пайдалануы мен оның ашықтығына талдау жасап, қоғамдық мониторинг жүргізді. Былтыр Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен жүзеге асқан зерттеу жобасының нысанасына республикалық бюджеттің едәуір бөлігі бөлінетін төрт министрлік алынды: ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі (2020 жылға 4 трлн теңге), ҚР Денсаулық сақтау министрлігі (1,5 трлн теңге), ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі (500 млрд теңге) және ҚР Сауда және интеграция министрлігі.

Мақсат – мүдделі мемлекеттік органдармен серіктестік орната отырып, бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша бірлескен ұсыныстар даярлау. Осы орайда, «INTEGRITY ASTANA» жеке мекемесінің жетекшісі Жанат Нұрғалиевпен сұхбастасқан едік.

Жанат, жоғарыда аталған төрт министрлікпен байланыс орнату мүмкін болды ма? Мемлекеттік органдар қаншалықты «қонақжай» екен?

Жанат Нұрғалиев: Бұл жобаны жүзеге асыру кезінде осы аталған министрліктердің қоғамдық кеңесімен өзара байланыс орнатуға тырыстық. Өйткені, аталмыш кеңестерде заңмен бекітілген құзырет бар – мемлекеттік органдарға ұсыныс даярлау. Сәйкесінше, меморгандар сол ұсыныстарға құлақ түреді, бас тартатын болса, негіздеуі шарт. Сондықтан, біздің айтар ойымызды құзыретті мекемелерге жеткізуші бірден бір көпір – осы қоғамдық кеңестер болды.

Ал енді олардың ашықтығына келер болсақ, Сауда және интеграция министрлігі және Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен жұмыс жақсы жүрді. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі қоғаммен жұмыс істеуге әлі де дайын емес.

– Сіздің жобаның шеңберінде атқарылған талдау жұмысына толығырақ тоқталып өтсеңіз, нәтижесі қалай?

Жанат Нұрғалиев: Бұл жобаның нәтижесінде төрт мемлекеттік мекеменің 2020 жылы бюджет қаражатын тиімді пайдалануы және ашықтық деңгейлері бойынша зерттеудің қорытындысын жасадық. Жоба барысында зерттеуге алынған министрліктермен байланыс орнатып, олардың қарамағындағы қоғамдық кеңестердің отырысына қатысуға және сол арқылы көңілдегі сұрақтарды қойып, көкейдегі ұсыныстарды жеткізуге әрекет қылдық. Нәтижесі жаман емес. Бірқатар серіктестік орнады, барлық дерлік ұсынысымыз тиісті мекеменің құлағына жетті. Мәселен, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен жауап келді. Аталмыш орган «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша біздің сарапшылар дайындаған талдау мен ұсыныстарды мақұл көріп, жергілікті атқару органдарына сол ұсыныстарды қарастыру туралы хаттама жіберілгенін айтты. Сауда және интеграция министрлігі бойынша жасалған зерттеу нәтижелерін министрліктің қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында (онлайн) презентация түрінде ұсындық, кейін олардың кемшіліктерді, атап айтқанда ашықтық деңгейін көтеру бойынша іс-шаралар жасап жатқанын байқадық. Денсаулық сақтау министрлігі бойынша да зерттеу жүргізіп, бұл саладағы бюджетті халыққа түсінікті және көрнекі жеткізуге бағытталған «Азаматтық бюджет» форматындағы бюджет түрлерін ұсынған болатынбыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі бойынша  «Агроөнеркәсіптік саладағы бюджеттің нәтижелілігі» тақырыбында бюджеттік талдау жасалынды. БАҚ арқылы бірнеше мақала жарық көрді.

– Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен жауап келді дедіңіз. Бұл ведомствоға қандай ұсыныстар әзірлеп едіңіздер?

Жанат Нұрғалиев:  «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша біздің сарапшылардың жасаған талдауы нәтижесінде жұмыспен қамту бағдарламасы уақытша емес, тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталуы керек деген тұжырымға келдік. Сондықтан бағдарламаның негізгі бағыттары кәсіпкерлік саласында, сондай-ақ экономика салаларында жаңа жұмыс орындарын құру болуы тиіс. Ол үшін микроқаржыландыру көлемін ұлғайту, ауыл тұрғындары үшін мал сатып алуға қаражат бөлу, сондай-ақ қаражатты бизнес іске қосуға дайын және жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын жобаларға бағыттау ұсынылды. Бұл ретте, жұмыс орындарын құруға барлық мемлекеттік бағдарламалар, мысалы, кәсіпкерлік, индустрияландыру, АӨК дамыту және басқа да бағдарламалар шеңберінде негізгі басымдық берілуі шарт. Жұмыспен қамтуды қолдау шараларын басқа мемлекеттік бағдарламалармен өзара байланыстыру қажет.

Жұмыспен қамту бағдарламасын тиімді іске асырудың ең басты шарты – бұл шараларды дайындау мен іске асыруға жұртшылықты тарту. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыруға 1 трлн теңге бөлінді, ал бағдарламаны іске асыру нәтижесі бойынша көптеген мәселе бар, барлық аудандарда жұртшылықтың қатысуымен комиссия құру, қаражаттың пайдаланылуына тексеру жүргізу және осы жұмыстың қорытындысы бойынша БАҚ пен жұртшылықтың қатысуымен тыңдау өткізу ұсынылады. Жалпы, жұмыспен қамту мәселесін ескі әдістермен, яғни инфрақұрылымды дамыта отырып шешу мүмкін емес, тұрақты жұмыс орындарын құруға негізделген жаңа тәсілдер қажет.

– Ал Сауда және интеграция министрлігі Қоғамдық кеңесінің отырысында ұсынған презентацияда нендей мәселе көтердіңіздер?

 Жанат Нұрғалиев: Аталмыш министрліктің ашықтық және есептілік бағытындағы жұмысын зерттей келе, талдау қорытындысы бойынша бюджетті жоспарлауға және орындауға қатысты барлық ақпаратты, оның ішінде ведомстволық бағынысты компаниялардың сатып алуы жөніндегі деректерді сапасыз және уақтылы жарияламау мәселесі туындады. Азаматтық бюджет бойынша ақпарат толық көлемде орналастырылмаған. Сол себепті келесі ұсыныстар берілді:

  • ҚР сауда және интеграция министрлігінің бюджет процесі шеңберінде ақпаратты орналастыру жөніндегі жұмысты жүйелеу;
  • Ақпаратты «Азаматтық бюджет» форматында орналастыру;
  • Ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметін бақылауға алу.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынылған «Агроөнеркәсіптік саладағы бюджеттің нәтижелілігі» талдауына тоқталып өтсеңіз…

Жанат Нұрғалиев: Жалпы мал шаруашылығы саласының негізінен (80 пайызға дейін) субсидиялардан қолдау табатынын халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр.  Бұл жемшөп өндірісінің дамуын ынталандырады, яғни бұл орайда өсімдік шаруашылығында жұмыс істейтін шаруашылықтарды мал шаруашылығы өнімдері есебінен қосылған құн тізбегіне қосу туралы қайта бағдарлау туралы ойлануға тура келеді. Қосылған құнды алу үшін Қазақстанның АӨК-де мал шаруашылығы саласын дамытуға басымдық беру қажет, мұны субсидиялар мен ұзақ мерзімге төмен пайыздық мөлшерлемемен кепілсіз несие беру арқылы жүзеге асыруға болады. Осылайша, біз субсидияларды өңірге байланысты 65-70 пайызға қайта бағдарлауды ұсынып отырмыз, бұл еңбек өнімділігі мен мал шаруашылығының рентабельділігін арттыруға оң әсерін тигізбек. Әрине, субсидиялауды қайта бағдарлау өңірлік ерекшеліктерді ескерген әрі негізделген болуы тиіс.

Жоғарыда серіктестік қарым-қатынас орнатуға құлық танытпаған ведомствоның бірі ретінде Денсаулық сақтау министрлігін атап өттіңіз. Бұл органға қатысты зерттеуіңіздің нәтижесі не дейді?

Жанат Нұрғалиев: Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында медициналық көмекке жұмсалатын шығын, 1 трлн 350 млрд теңгеден астам қаражат нақтыланбаған, ақпараттың қолжетімділігі шектеулі. Бюджетті жоспарлау процесінің ашықтығы бойынша келесі мәселелер қамтылмаған:

  • COVID-19 үшін бюджет жобасын әзірлеу кезінде жұртшылықтың қатысу тетіктері;
  • COVID-19 шеңберінде бюджет жобасын әзірлеу кезінде жұртшылықтың ескерілген ұсыныстары туралы ақпарат;
  • Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің үкіметтік емес ұйымдарды немесе тәуелсіз сарапшыларды бюджеттік бағдарламаларды мониторингтеуге және бағалауға тартуы туралы ақпарат.

Сонымен қатар, ҚР ДСМ сайтында өңірлер бойынша нақтылау және өңірлер бөлінісінде Денсаулық сақтау бюджетін орындау фактілері жоқ.

Жоғарыда аталғандай, денсаулық сақтау саласында бюджеттің ашықтығын және халыққа түсінікті және көрнекті түрде жеткізуге бағытталған «Азаматтық бюджет» форматындағы бюджет түрлерін ұсындық.

– Осы ретте? еліміздегі азаматтық белсенділікке көзқарасыңыз қандай? Азаматтар қоғамдық мониторингке қалай қатыса алады?

Жанат Нұрғалиев: «Ашық бюджет» интернет порталы бар, онда орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бағдарламалары жарияланады. Кез келген белсенді азамат осы платформаға тіркеліп, өз ұсынысын білдіре алады. Одан бөлек, мемлекеттік сатып алу сайты бар. Бұл алаңда да талдау жасауға, мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін көптеген мәлімет бар. Ірі қалаларда, мәселен, Алматы қаласында азаматтық белсенділік байқалады. Десек те, шағын қалалар мен шалғай елдімекендерде мұндай қызығушылық жоқ. Бәлкім, бюджет процесін түсінуге білімі жетіңкіремейді, мүмкін қарапайым халықтың қалауынан, яки ұсынысынан билікте өзгеріс болатынына сенбейді, аса белсенділік танытпауы да сондықтан болуы мүмкін.

Жоба аясында «INTEGRITY ASTANA» ұйымы дайындаған зерттеудің толық нұсқасын осы сілтемеден таба аласыздар. Зерттеу орыс тілінде жасалған.