07/06/2019
Қазақстандағы дербес мәліметтерді қорғау мәселесі: заң қауқарсыз, неге? GDPR-ға бір қадам
04/06/2019

Цифрлық Қазақстан: бұғаттау

21 мамыр күні Алматыда тұңғыш рет DigitalRights@KZ атты конференция өтті, ұйымдастырушысы – Сорос-Қазақстан қоры. Жиынға арнайы шақырту алған сарапшылар интернеттегі адам құқығының сақталуы туралы, сонымен қатар, соңғы бірнеше жылда Қазақстанда белең алған цифрлық трансформация жөнінде пікір алмасты. Спикерлер мемлекет тарапынан цифрландырудың, диджитал қызмет түрлерінің түрлі заманауи тәсілдері жасалып жатқанымен, қазақстандықтардың басым бөлігі онымен қамтыла қоймаған деген тоқтамға келді. Қазнеттің ендігі бір проблемасы – сайттардың тұрақты түрде бұғатталуы, интернеттің сөз бостандығы.

Бірінші панель. Қазақстандағы цифрлық еркіндіктің көрінісі

Бірінші кезекте қазақстандық сарапшылар HumanConstanta дейтін белорус ұйымымен бірлесіп дайындаған Қазақстандағы цифрлық еркіндіктің көрінісін таныстырды. Бұл құжат еліміздегі цифрлық бостандық саласындағы сын-қатерлер мен қажеттіліктерді анықтау мақсатында даярланыпты.

«Қазақстанға алғаш келгенімізде сандық еркіндік мәселесінің сан түрлі тақырыптарын зерттеп жүрген сарапшылары мен бұл бағыттағы пікірталастың жоғары деңгейін көріп, қуанғанымыз рас. Бізге жүктелген міндет – жан-жақты зерттелген түрлі тақырыптарды бір қоржынға жиып, мұның кешенді түрдегі көрінісі қандай болатынын түсіну болды», – деді бірінші сессияның модераторы Алексей Козлюк алғысөзінде. «Интернеттегі адам құқығы мен еркіндігі» терминін қолдану әлдеқайда дұрыс болатынына ерекше назар аударған ол:

«Цифрда ешқандай да еркіндік болуы мүмкін емес. Әңгіме адамның құқығы мен еркіндігінде болып отыр, айырмашылығы сол – ол цифрлық кеңістікте көрініс табуда. Заманауи тың әлемде адамзаттың құқығы мен бостандығын қорғауға мүмкіндік беретін жаңа құралдар пайда болуда», – деп атап өтті.

Жиын басында таныстырылымы өткен ландшафт авторлары осы құжатты даярлау барысында қалыптасқан тезистерін жиылған қауымның назарына ұсынды. Бірінші болып Internews Kazakhstan медиа-заңгері Ольга Диденко өз тезисін таныстырды: «Қазақстанда сөз бостандығына қатысты қылмыстық фактілердің көрсеткіші артып келеді. Жыл сайын терроризмге, ұлтараздық мәселелерге тікелей немесе жанама қатысы бар баптар бойынша жауапқа тартатын қылмыстық істердің қатары көбеюде. Сөз бостандығымен байланысты қылмыс мәселесі күнтәртібінен түспей тұрған себебі, ол көп жағдайда кең ауқымды әрі үстіртін түсіндіріледі. Сот құжаттарына, я болмаса, қылмыстық іс бойынша өтетін отырыстарға қол жеткізу мүмкін болмай отыр. Нәтижесінде мемлекеттің ақпарат таратушы адамдар мен интернет тұтынушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту арқылы сөз бостандығына қаншалықты шектеу қоятынын анықтау мүмкін болмай отыр, өйткені мұның қауіпсіздік қауіпімен қаншалықты байланысты екенін түсіну қиындық туғызуда. Ал мемлекеттің ғаламтордағы ақпараттық ресурстарды қатаң бақылауға алуы  – бөлек әңгіме», – дейді Диденко.

Сонымен қатар, сарапшы «шаш ал десе, бас алатын» әкімшілік жазалар туралы сөз қозғады, мұндай жазаның заңды екенін растау бүгінде аса қиындық тудыратынын айтты маман: айыппұлдан бастап ресурсты бұғаттауға дейінгі түрлі жазалау шаралары. «Аталмыш бағыттың барлық бөліміне ашықтық, айқындық жетіспейді – бұл орайда көбіңіз менімен келісетін шығарсыз. Атап айтсақ, бұғаттау себебі, оны ашу және тағысын тағылары».

Еліміздің сот жүйесінде мәтін экспертизасы, қылмыстық істерді тергеп-тексерудің бірыңғай түсінігі жоқтығын атап өтті Диденко. Әдетте, азаматтар қоғам үшін қаупі шамалы ақпаратты таратқаны үшін сотталып жатады. Ендігі бір маңызды проблема – желінің құпиялық пен анонимдіктен ажырап қалуы, халықаралық құжаттарға сәйкес, құпиялық пен анонимдік құқығы адамдардың әмбебап құқығы мен бостандығына жатады. Соңғы жылдары қазақстандықтар сайттардың бұғатталуымен жиі ұшырасуда: сервистер, ақпараттық ресурстар. Бұғаттау ісін зерттеп жүрген құқыққорғаушы Елжан Қабышев бұл мәселе туралы кеңінен баяндап берді:

«Қазақстанда сайттарды бұғаттаудың үш типі бар: әкімшілік, сот, өндірістік. Бірінші типке уәкілетті органдардың өтініші бойынша сайттарды бұғаттау жатады. Былтыр мұнымен Ақпарат және коммуникация министрлігі айналысқан болатын, биыл бұл шаруа Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құзыретінде. Сот бұғаттаулары сот шешімінен кейін жүзеге асады, ал өндірістік бұғаттау дегеніміз заң аясында қаралмайтын шектеулер, ол үшін ешкім жауапты да емес». Сарапшы әкімшілік бұғаттаулар туралы ҚР «Байланыс туралы» заңының 41.1 бабында жазылғанын айтты. Әкімшілік бұғаттау тәжірибесін уәкілетті органдар 2016 жылдан бастаған. Бұғаттауға негіз болатын себептер – экстремизм мен терроризм насихаты, сондай-ақ, порнографиялық, зорлық-зомбылық, суицид мазмұнындағы материалдарды тарату. «Біздің заңнамада терроризм мен экстермизм түсінігінің ауқымы кең, мәні көмескі. Кез келген сайтты осы баппен жазалай алады. Мәселен, бірде Telegram құралдарының бірі – мақала жариялауға мүмкіндік беретін telegra.ph сайтының жұмысын шектеді; я болмаса, миллиондаған музыканың ішінен Қазақстанда рұқсат етілмеген діни ұйымның аудиожазбаларын таптық деген себеппен soundcloud.com дейтін музыкалық сервистің бұғатталуы», – деп түсіндірді Қабышев.

Бұғаттау туралы сөз қозғағанда, Қазақстандағы сервистер мен әлеуметтік желілердің күнделікті жұмысы шектеліп жататыны туралы айтпай қоя алмаймыз, бұл – өндірістік бұғаттау түріне жатады: «Байланыс операторларына хабарлассаң, техникалық жұмыстар жүріп жатқандығы туралы айтады. Алайда, мұндай техникалық жұмыстардың мәні түсініксіз. 2019 жылдың 9 мамырында болған shutdown бәріміз білеміз, барлық дерлік сервистер, әлеуметтік желілер мен месенджерлердің жұмысы шектелді. Мұны техникалық жағдайға апарып теліді, әйткенмен сол техникалық олқылықтың себебі мен салдарын ешкім түсіндіре алған жоқ». Қазақстанда қол жинаумен айналысқан, яғни интернет-петиция ұйымдастырған сайттардың да оп-оңай бұғатталатынын айтты, мәселен, елімізде change.org, avaaz.org сынды басқа да сайттар бұғаттаулы.

«Сот шешімінен болатын шектеулерге қарағанда әкімшілік бұғаттаулар жиі орын алатынын атап өтуіміз керек. Сайттардың жұмысын шектеу шаралары неге ашық түрде жүзеге асырылмайды? Бұқараға арналған бұғаттаулы сайттардың тізімі жоқ, ал бұл – аса өзекті, бұл тізімдегі ақпарат тіпті үнемі жаңарып отыруы тиіс. Ақпарат және коммуникация министрлігінің ресми сайтында арнайы плашка бар, ол арқылы белгілі бір сайтқа шағым түсіруге болады, содан кейін Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қойылған сайттардың тізімін көруге болады», – дейді эксперт. Ол министрлік ұсынып отырған ақпараттың толық еместігін, ал бүгінгі бұғаттаулар тиімсіз екенін айтты: «Өкінішке қарай, қазіргі уақытта нақты қанша сайт бұғаттаулы екенін есептей алмаймыз».

Сарапшы бұғаттау процесіне азаматтарды жұмылдырудың маңыздылығына қатысушылардың назарын аудартты, өйткені, бұл – өзін-өзі тану (таныту) еркіндігі мен ақпаратқа қолжетімдік құқығын тікелей бұзу болып табылады. Бұл орайда, бүгінгі бұғаттау шараларының ашық еместігі әрбір сайт жұмысының шектелуі сәйкес сот шешімімен жүзеге асуы керектігін талап етуге негіз бола алады: «Өкінішке қарай, қай сайттар қандай себептерге байланысты бұғатталғанын ендігі анықтай алмамыз. Сондықтан, кем дегенде сот актілерінің тәжірибесі негізінде қарапайым азамат Қазақстан Республикасының аумағында қандай сайттардың жұмысы шектелгенін біле алады», – деп қорытындылады Елжан.

Аталмыш мәселенің тағы бір маңызды тұсы диджиталдағы адам құқығымен байланысты – дербес мәліметтердің қорғалуы. Бұл тақырып турасында Халықаралық медиа-заңгерлер ассоциациясының мүшесі Руслан Дайырбеков айтып берді. «Дербес мәліметтер, бұл  – ақпараттық құқықтық қорғалуы тиіс категориясы ғана емес. Біз дербес мәліметтерді тұлғалық әлеуметтенудің құралы ретінде қарастыруымыз қажет. Мемлекеттік органдар жалпымемлекеттік міндеттерді орындап, азаматтардың мүддесі ескеріліп, құқығы қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс, әлбетте, бұл орайда мемлекет үшін дербес мәліметтер базасы қолжетімді болуы аса маңызды, алайда, бұл – дербес мәліметтерді қорғау міндетінен босатпайды», – деп есептейді эксперт.

Бұл жағдайдың өте осал тұсы – ақпараттық жүйеден үшінші тұлғаларға таратылып жататын жеке тұлғалар туралы мәліметтер. Қазақстандағы заңнамалар мен құқықтық актілер дербес мәліметтерді тұрақты түрде қорғауды, сақтауды және ұсынуды тиімді қамтамасыз ете алмайды әрі халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді.

«Тұтыну туралы сөз қозғағанда, алдымен «Дербес мәліметтер туралы» заң жобасын қолдану тәжірибесіне сүйене отырып, қолданыстағы заңнамаға айқындық, қарама-қайшылық тұрғысынан баға беруіміз қажет. Дербес мәліметтерді қорғаумен айналысатын тәуелсіз уәкілетті орган құрудың артықшылықтары мен мүмкін болатын үлгілерін сараптап, оны құру бойынша ұсыныс даярлауымыз керек», – деп атап өтті Руслан Дайырбеков.

Мәліметтерді қорғалуы мен сервистердің бұғатталуынан бөлек, панель барысында жалпы ақпаратқа қолжетімділік тақырыбын да талқыға салды. «Правовой медиа-центр» (Құқықтық медиа-орталық) қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова бірнеше жыл бұрын «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңға әріптестерімен бірге ұсыныс даярлаған. Конференцияда сарапшы осы тәжірибесі мен аталмыш заңның бүгінде қалай жұмыс істейтіні туралы айтып берді: «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңның даярлануы он шақты жылға созылды. Ол уақытта посткеңестік кеңістікте ақпаратқа қолжетімділік туралы заң қабылдамаған мемлекеттер – Қазақстан мен Белорус болатын. Аталмыш заңды зор ыждаһаттылықпен күттік, өйткені журналистер үшін, жалпы азаматтар үшін бұл Қазақстандағы №1 проблема еді, қарапайым адамдарға қажет ақпарат қолжетімсіз. Нәтижесінде, біз қалаған заңға қол жеткізе алмадық, десек те, біз ұсынған кейбір нормалар заңда бекітілді – олардың ішінде Еуропадағы осындай балама заңдарда кездесетін прогрессивті нормалар да болды», – дейді сарапшы.

Осылайша, Қазақстандағы ақпарат атаулысы шектеулі, қызметтік ақпарат және мемлекеттік құпия деген топтарға жіктеледі. Мемлекеттік құпиялар аталмыш заңның аясынан шығып қалған. «Заңнамалық тұрғыдағы халықаралық тәжірибе, ақпаратқа қолжетімділік туралы еуропалық заңдар барлық ақпараттың, тіпті, қызметтік ақпараттар мен мемлекеттік құпиялар да ашық болуы керектігін көздейді. Мұндай жағдайда қандай да бір ақпараттың ашықтығына қоғам тарапынан қызығушылық болса, талап етілсе ол мәлімет ашылуы тиіс. «Қоғамдық мүдде» («қоғамдық қызығушылық») ұғымы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда да, «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңда да аталып көрсетілмегендіктен, өкінішке қарай, бұл заң толыққанды қолданыста деу қиын. Нәтижесінде, Қазақстан ақпаратқа қолжетімділік жөніндегі аутсайдердің елдердің елуіне кіреді», – деп қорытты Гүлмира Біржанова.

Ақпаратқа қолжетімділік ісінде кең таралған мәселелердің бірі – журналистік сұранымдарға берілетін жауаптың мардымсыздығы мен жауап беру мерзімінің бұзылуы. Бұл саланың ендігі бір даулы тұсы – көп жағдайда «қызметтік ақпарат» категориясындағы ақпараттың салмағы «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңның өзінен басым түсіп жатады.

Аталмыш панельдің соңғы спикері – саясаткер әрі UrbanForumKazakhstan жобасының негізін салушылардың бірі Әділ Нұрмақов ақпарат атаулысына қатысты заңдардың қаншалықты тиімді орындалып жатқаны және бұл процеске қарапайым азаматтар қандай деңгейде жұмылдырылатыны турасында айтып берді. Бұл мәселені талқылай келе, сарапшылар 2017  жылы қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын назарға алды:

«Аталмыш бағдарлама 2020 жылға дейін жүзеге асады. Құжатта цифрлы мемлекетке өту туралы айтылады. Бұл дегеніміз – мемлекет ұсынатын қызметтердің тұрғындар мен бизнес өкілдеріне қызмет көрсететін инфрақұрылымдары сынды өзгеруі. Сондай-ақ, бағдарламада азаматтармен кері байланыс орнату тәсілдері мен белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсету мүмкіндіктері ұсынылған. Ендігі мәселе бұл қалай жүзеге асады және мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтан кейінгі нәтижелер келесі мемлекеттік рейтингтер мен индикаторларға қалай әсер етеді? », – деді Нұрмақов.

Бұл бағдарламаның әлсіз тұсы – азаматтардың цифрлы мемлекеттің заманауи әдіс-тәсілдері турасында ақпараттанбағаны деді сарапшы: «Әдіс-тәсілдерді сәйкес ақпараттық науқансыз ұсыну бекер. Әу бастағы мақсатты айқындағанда, білім беру және ақпараттық науқан жүргізуді есепке алмаған болсақ, тіпті бос әурешілік. Менің ойымша, бұл құралдардың сапасын арттыру үшін оның қалай жұмыс істеп жатқанына сараптама жасап, мониториг жүргізу  қажет», – дейді ол.

Мемлекет пен қоғам арасындағы диалог туралы айта отырып, Әділ Нұрмақов Қоғамдық даму министрлігінің ұсынысына тоқталды: «Биылғы жылдың ақпан айында Қоғамдық даму министрлігі бастама көтерді, онысы бірақ бүгінде жоқ. Олар петиция жариялаудың өзгеше бір тетігін ұсынды, онда петицияға дауыс бергендердің үлесі Қазақстан тұрғындарының белгілі бір пайызын құраса (мәселен, 1%), онда тұрғындардың ұсынысын тиісті мемлекеттік органдардың қарауына ұсынамыз делінді. Бұл бастама жүзеге асатын болса, маңызды әрі пайдалы қадам болатын еді», – деп қорытындылады ол.

DigitalRights@KZ аясында аталмыш пікірталқылардан бөлек, Орта Азия және Кавказдағы RIPE NCC сыртқы байланыс директоры Ваан Овсепянның дәрісі тыңдалды. RIPE NCC – желідегі адресация және маршрутизация мәселелерімен айналысатын компаниялардың бірі. Ол интернеттегі мәліметтерді тарату процесі қалай жүретінін айтты. Ол үшін қатысушыларды арнайы тәжірибеге қатысуға шақырды.

Үшінші панель. Мемлекеттік ақпаратқа қолжетімділік, қоғамның «цифрлық» мүмкіндігі

Түстен кейін конференция шеңберінде азаматтардың мемлекеттік ақпаратқа қолжетімділігі тақырыбына арналған панель ұйымдастырылды. Бұл басқосу цифрлық қызмет түрлерін ұсынушы технологиялардың дамуы туралы талқы өткізген алдыңғы панельдің жалғасы болды. Бұл панельдің спикерлері – HumanConstanta үкіметтік емес ұйымының заңгері Андрей Сушко, «Правовой медиа-центр» (Құқықтық медиа-орталық) қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова және ZertteuResearchInstitute бюджет сарапшысы Қуаныш Оңалбай, олар Қазақстандағы мемлекеттік ақпаратқа қолжетімділік деңгейін талқыға салды.

Модератор – «ZertteuResearchInstitute» қоғамдық қорының жетекшісі Шолпан Айтенова пікірталқыны цифрлы мемлекет құралдарының көмегімен қандай да бір ақпаратты сұратуға азаматтар қаншалықты мүдделі екенін сұраудан бастады.

Беларусиядан келген сарапшы Андрей Сушконың пікірінше, екі елдің мемлекеттік басқаруда цифрлық технологияларды қолдану бағытында ортақ ұқсастықтары бар: «Екі елдің аталмыш саладағы жағдайы ұқсас, сондықтан сіз бен бізге ортақ әрі пайдалы болатын тұстарын анықтау біз үшін аса қызықты. Теория жүзінде, егер адам қандай бір ақпаратты сұратса, мемлекет белгілі бір уақыт пен өзге ресурсты қажет ететін әрекет жасауы тиіс. Мемлекеттік басқару мен қызмет ұсыну жүйесін бірден ашық жұмыс істейтіндей етіп құру керек деген ұстаным бар. Бұл көптеген түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып беретін ұтымды тәсіл болатын еді: жемқорлық, ашықтық, нақты мәліметтерге қолжетімділік мәселесі, ол мәліметтерді бизнес саласында қолдану ісі және тағы басқалары», – деп жауап берді Сушко.

ZertteuResearchInstitute-тің бюджет сарапшысы Қуаныш Оңалбаев бір сұранымды қарап, оған жауап берудің орташа құны бірнеше факторлардан тұратынын айтты. Ол сұраным саны көбейген сайын, оны өңдеудің орташа құны кеми беретінін атап өтті: «Электронды сұраным жіберу жүйесін қамтамасыз етуге кететін шығын бар және қазіргі сұранымдардың саны, оның біреуінің құны миллион теңгеге түсетінін көрсетіп отыр. Бірақ, сұранымдардың көлемі ұлғаятын болса, онда бір сұранымды өңдеуге жұмсалатын орташа шығын есебі едәуір азаятын еді», – деп түсіндірді ол.

Шолпан Айтенова 2010 жылғы Қазақстандағы сұранымдар саны 16 миллион болса, 2017 жылғы көрсеткіш – 1,8 млн. Сұранымдар санының азайып кетуінің себебі неде? Меніңше, электронды үкімет пайда болғалы, цифрлық қарым-қатынас деңгейінің артуына байланысты мемлекеттік органдар тиісті ақпараттарды онлайн жариялай бастады. Сәйкесінше, сұраным жасайтын адамдардың қатары да азайды.

«Бюджет туралы ақпаратқа қолжетімділік тұрғысынан қарасақ, оң бетбұрыс бар. Мұндай мәліметтердің көлемі жыл санап артуда. Мәселен, Қаржы министрлігі жыл сайын бюджет жобасын, ай сайын аймақтағы бюджеттің орындалуы туралы аналитикалық құжаттарын жариялап отырады. Алайда, жергілікті бюджет деңгейінде зерттей бастасаң, бюджет ақпараттарын жариялауға қатысты мәселелер табылады. Тәжірибеге сүйенсек, министрліктен қаншалық көп талап етілсе, тиіс орган соншалықты мол ақпарат ұсынады. Орталық сайлау комиссиясына сайлау өткізу үшін 9 миллиард теңге бөлінгенін бәріміз білеміз. Осы қаражат нақты нендей шараларға жұмсалатынын ешкім білмейді. Біз Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігіне (өйткені СІМ шетелдерде сайлау өткізу үшін 53 миллиона тенге алды) сұраным жолдадық. Министрлік шетелдегі Қазақстан азаматтары президент сайлауына қатысып, өз дауысын бере алуы үшін бұл қаражат бюллетеньдерді шет мемлекеттерге тасымалдауға жұмсалатынын хабарлады. Ал Орталық сайлау комиссиясы біз қанағаттанарлықтай мардымды жауап берген жоқ. Дұрысында, қаражаттың жұмсалуы туралы толыққанды ақпарат Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында жариялануы керек еді. Ал біз әзірге мұндай мәліметтерді сұраным жолдау арқылы ғана алатын кезеңдеміз», – деп түсіндірді Қуаныш Оңалбаев.

Андрей Сушко бұл мәселеде мемлекет белсенділік танытуы керектігін атап өтті, ол ақпарат тарату мәселесі тұрғындардың қызығушылығынан тыс жүзеге асырылуы тиістігін айтты.

Цифрландыру ісі әзірге біржақты ұсынылғанына сенімді Гүлмира Біржанова. Оның айтуынша, аймақтардағы, жергілікті деңгейдегі шенеуіктер ақпарат ұсынуға ынталы емес. «Правовой медиа-центр» (Құқықтық медиа-орталық) қоғамдық қорының қызметкерлері жұмыс барысында мұндай олқылықпен жиі ұшырасады екен. «Электронды үкімет порталын қолданып көргендегі алғашқы әсерім – ғажап дүние дегенге сайды. Расында, әдемі безендірілген, көзге керемет көрінеді. Аз қаражат жұмсалмағаны көрініп-ақ тұр. Алайда, порталдың ішін шарлап, бұқаралық блогтарды, шенеуніктерге бағытталған сұранымдарды көріп, азаматтардың белсенділігі төмен екенін байқадым. Неге? Мүмкін, азаматтар бұл порталды қалай қолдану керектігін білмейтін болар. Бәлкім, бұл тиімсіз. Әріптесім Гүлмира айтқандай, сұраным жолдауға болады, бірақ оның жауабы қаншалықты мардымды болмақ? Егер сонша күткендегі жауабың тек формалды әрі толыққанды болмай шықса, одан пайда бар ма? Аталмыш мәселені реттеуге бағытталған құралдар бар, бірақ олардың діттегені – жұмыс істеудің орнына иллюзия іспеттес сервис құру ғана сияқты, мұнысы бір жағынан халықаралық рейтингтерде жақсы балл жинауға мүмкіндік берсе, енді бір тұсынан азаматтардың тарапынан жолданатын (билік үшін) қажетсіз сауалдардың алдын алу. Мұнда Қазақстан туралы айтып отырған жоқпын, бірақ белгілі бір деңгейде Қазақстанға қатысы бар».

Сарапшылар цифрлы қызметтерге қолжетімділік деңгейі қазақстандықтар арасында тең дәреже еместігімен бірауыздан келісті. Олар бұл процеске  адамдарды жұмылдыру үшін жалпы цифрлық сауаттылық деңгейін көтеріп, қоғамдағы азаматтық қызығушылықты арттыру керектігін айтты.