04/11/2019
Қытайға бет бұру
01/11/2019

Адам құқықтарын қорғаушыларға ерекше ескерту

НЬЮ-ЙОРК – Әлем құлдырап барады, бұл үшін көбіне адам құқықтарын қорғау қозғалыстары айыпталады. Диктаторлар мен қылмыскерлер арасында танымал бұл біртүрлі сыни пікір біздің ғасырдың ең басты ерекшелігі – либералдық құндылықтарға жасалған шабуылдан абдырап қалған кейбір құқық қорғаушыларға да ықпал етіп жатыр. Негатив пікір толқынын тоқтатуға қауқарсыз адам құқықтарын қорғаушылар “дағдарыста”, олардың “қолынан ештеңе келмейді” және олардың “күні бітуге таяу” дегенді әлдекімдер құлаққа құйып келеді. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помео жақында “адам құқықтары дискурсына” қатысты “жаңа ой” әкелетін топ құрды, бірақ бұл топ негізінен гендерлік теңдік пен репродуктивтік еркіндікке зиянын тигізетін сияқты.

Әрине, адам құқықтарын қорғаушылар өз жұмысын жалғастыруы керек. Бірақ олар “тек адам құқықтары қозғалыстары ғана әлемді құтқарады” деген иллюзиядан арылуы тиіс.

Адам құқықтары дискурсына қатысты сын көп, соның ішінде үшеуін ерекше атап өту керек. Бәлкім ең жиі айтылатын сын – құқық қорғаушылар экономикалық теңсіздікті жою үшін ештеңе тындыра алмады деген пікір. Расында, соңғы қырық жылда шектен шыққан байлықпен қатарласа адам құқықтары қозғалыстарының саны да көбейді.

Екінші мәселе – заңға тым көп көңіл бөлу. Нормалар мен стандарттар тек шынайы өмірде жүзеге асқанда ғана жұмыс істейді. Белсенділерді қуантатын соттың оң шешімдері көбіне оны жүзеге асыру жолындағы ауыр күрестің басы ғана. Құқықтық мәселелермен тым басы қатқан қозғалыстар жұрттың көбін әрекетке итермелейтін моральдық құндылықтарды елемей қалып жатыр.

Сыншылар айтатын үшінші мәселе – заңға тым көп көңіл бөлу адамдарды көзден таса қылуға алып келді. Яғни, құқық қорғаушылар сотта және парламентте келтіретін уәждерін негіздеуге тым көп күш жұмсағаны сондай, өздері құқықтарын қорғайтын жәбірленушілер, қылмыс құрбандары, олардың отбасы мүшелері сияқты адамдарға дұрыс кеңес беруге, олармен лайықты түрде ынтымақтасуға көбіне уақыт таппай жүр.

Осы стратегиялық олқылықтың кесірінен авторитар басшылар құқық қорғаушы белсенділерді “жау элита” деп сипаттайды. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан ел азаматтарын “қалай өмір сүріп, кіммен тұруды, кіммен сөйлесіп, балаларымызды қалай тәрбиелеуді үйретіп, ақыл айтатын жалған азаматтық қоғам белсенділерінен бас тартуға” шақырды.

Десе де, бұл сынның артында біраз шындық тұр, ол бізді нақты рецептілерге бастауы керек. Экономикалық қиындықтарға көбірек көңіл бөлу қажет. Біз заңгер кейпінде емес, адам кейпінде сөйлесуге қайта дағдылануға тиіспіз. Өздерін адам құқықтарын қорғаушылар деп атамай-ақ, ғылым, технология, экономика не өнер арқылы құқықтық білімге үлес қосып жүрген топтармен ынтымақтаса жұмыс істеуіміз керек.

Бағымызға қарай, кейбір құқық қорғаушы ұйымдар сөзіміге құлақ салып жатыр. Amnesty International жастарға көбірек назар салып, мүшелер санын 25 миллион адамға көтермекші. Ал Human Rights Watch оңтүстік жартышардағы беленділермен көбірек ынтымақтасуға ниеттеніп жатыр.

Ұсынылған бұл реформалардың көмегі тиері анық. Бірақ популистердің қысымына тойтарыс беруге бұл жеткіліксіз.

Біз, құқық қорғаушылар, қазіргі авторитаризм қаупіне қарсы тұруға жеткілікті ауқымда өзгеріс әкелудегі рөліміздің ерекше бірақ шектеулі екенін түсінуіміз керек. Құқық қорғаушылар көп нәрсеге қол жеткізді, дегенмен бұдан да көп нәрсе істей аламыз. Дүниежүзіндегі реакциялық саясатты кері жылжыту үшін тек адам құқықтары бойынша белсенді болу жеткіліксіз, біз саяси пікірталас пен сайлауға көбірек қатысуымыз керек. Бұл – тек құқық қорғаушылардың емес, баршаның міндеті.

Құқық қорғаушылардың ықпалын ақшамен өлшей алмасақ та, оған және саяси науқанға жұмсалған қаражатты салыстырсақ, көп нәрсені байқаймыз. Соңғы жылдары “адам құқықтары және әлеуметтік әділдік” саласына бөлінетін филантроптық қаржы көлемі өскенімен, ол әлі де 3 миллиардтан аспай тұр. Бұл Үндістандағы 2019 жылғы парламент сайлауы шығынының жартысынан да аз, ал АҚШ-тағы 201 жылғы президент және конгресс сайлауларында кандидаттар жұмсаған ақшаның 50 пайызы ғана.

Адвокасиге халықтың тым көп үміт артатынына қатысты жауапкершілікті адам құқықтары қозғалыстары сезінуі керек. Оларға қажет кезде ақша жинау, моральдық тазалық және лас саяси ойындардан биік тұру бойынша көп үміт артылады.

Десе де, айналаны түнек басып тұрса да, саяси ұйымдар мен сайлаулар кейбір оң өзгерістерге әкеліп жатыр. Армения, Эфиопия, Гамбия, Малайзия – барлығы соңғы үш жылда сайлау арқылы прогрессивті өзгерістерге қол жеткізді, АҚШ-та 2018 жылғы аралық сайлауда және Индонезиядағы сайлауда популистер кері шегінді. Бұл нәтижелер жемқорлық, климаттың өзгеруі, кедейлік,  #MeToo және адам құқықтарын қамтитын және оның шеңберінен асып жататын мәселелерді көтеруге ықпал етті. Бұл жеңістерге құқық қорғаушы ұйымдар да үлес қосқанымен, онда партиялардың, кәсіподақтардың, әйелдер ұйымдарының, табиғатты қорғаушылардың және кәсіби қауымдастықтардың да үлесі болды.

Осы жетістіктерден көріп тұрғанымыздай, иллиберал популизмге қарсы күресте саясат пен билік аренасында (яғни дауыс беру кабиналарында, парламент кабинеттерінде, медиада және көшеде) жеңіске жете аламыз. Кейде құқық белсенділерінің пікірлері маңызды болады, бірақ олар үнемі әрі барлық жерде шешуші рөл атқармайды.

Сондықтан, қалай болса да, құқық қорғау қозғалыстарының көп жетістіктеріне қуанып, бұдан да жақсы жұмыс істеуге кірісейік. Бірақ әлемді трансформациялаудың бар жауапкершілігін құқық қорғаушылардың мойнына артып қоймайық.

James A. Goldston

James A. Goldston is Executive Director of the Open Society Justice Initiative and previously worked in the Office of the Prosecutor at the International Criminal Court.

Copyright Project Syndicate© Материалды көшіріп басуға авторлық құқық иеcі тиым салған.