Логикалық шеңберді толтыру мысалы
April 3, 2013

Логикалық шеңберді толтыру бойынша нұсқаулық

  1. «Жобаның мақсаты» бөлімін толтырамыз – әдетте, логикалық шеңберді толтырғанға дейін оның мақсаты сіздерде дайын болады, өйткені ол грант өтінішінің 1-ші тарауында кездеседі. Жобаның мақсаты – жалпы сипат алады (goal – жобаның «әсері», негізгі мақсат осы. Сіздің жобаңыз нысанаға алған негізгі ғаламдық мәселені толыққанды шешпеуі мүмкін, алайда сол мақсатқа жетуге қандай да бір үлес қосуы тиіс). Мәселен, жаңағы жаһандық басты мақсат – «балалар үйінде тәрбиеленушілердің құқықтық жағдайын жақсарту» делік. Сіздің жобаңыз осы үлкен мақсаттың орындалуына тиіттей де болсын өз үлесін қосуы үшін логикалық шеңберде нақты, анық әрі өлшенетін міндеттерді көрсетуі қажет және жоба аясында сол мақсат-міндеттің орындалуы аса маңызды. Бұған мысал, «Пәлен деген жердегі балалар үйінің пәленбай тәрбиеленушісіне тұрғын үйге қол жеткізу құқықтары мен сол құқығын қорғау тәсілдерін оқыту». Бұл бір жоба аясында жүзеге асыруға болатын нақты әрі айқын мақсат. Яғни, жобаның мақсаты белгілі бір өлшемдердің талабын орындауы қажет. Әдетте, ол өлшемдердің жиынтығын СМАРТ деп атайды. SMART: S – specific (нақты), M – measurable (өлшеуге болатын), A – attributable (салыстырмалы), R – realistic (шынайы), T — time-bond (уақыты шектеулі). Сондықтан, мұнда жоба барысында нақты қандай мақсатқа қол жеткізетініңіз туралы ғана толтыруыңыз керек. Алдымен, ойыңыздағы мақсат-міндеттердің барлығын жаза бергеніңіз дұрыс. Грант өтінішін толыққанды толтырып болғаннан кейін, кем-кетігі болса, жетілдіріп, қайта түзете саласыз. Жобаңыздың негізгі (үлкен) мақсатқа қосқан үлесі Ұзақмерзімді нәтижелерде көрініс табады.
  1. «Мақсатқа жету индикаторлары» бөлімін толтырамыз. Мұнда сіздің көздеген мақсатыңызға жетіп-жетпегеніңізді анықтайтын екі-үш индикатор сипат алады. Біз де осы көрсеткіш арқылы жобаның діттегеніне жеткен-жетпегенін білетін боламыз. Бұл бөлімде нақты сандық көрсеткіштер көрініс табуы тиіс. Мәселен, 1000 данамен жасөспірімдерге жыныстық тәрбие турасында түсіндіретін (Пәлен дейтін қалада тұратын жастардың әлеуетін арттыру және салауатты өмір салтына ынталандыру сынды үлкен мақсатқа жету үшін) брошюра шығару. Жалпы, кез келген индикатор CREAM деп аталатын өлшемнің талабына сай болуы қажет, яғни: C – (clear) нақты және біржақты, R – (relevant) өлшенетін жағдайға/әрекетке сәйкес келетін, E – (economic) арзан және жұмыс күшінің көп шығымын қажет етпейтін, A – (adecuate) белгілі бір жағдайды/әрекетті сапалы өлшеуге мүмкіндік беретін сенімді негіз ұсынатын, M – (monitorable) тәуелсіз сараптамаға икемді (бұл дегеніміз, егер мақсатқа жету индикаторы сол әдіс-тәсілдермен, бірақ басқа уақытта өзге тұлғалармен өлшенетін болса да, индикатор нәтижесі өзгермеуі тиіс) болуға тиіс.
  2. Әрі қарай «Міндеттер» бөлімін толтырамыз. Бұл – жобаның игі мақсатына жету үшін жүзеге асырылуы тиіс тармақтар, я болмаса жобаны орындауға бағытталған қадамдар. Мұнда мақсатқа жету жолдарын бірнеше бағанаға бөліп, тыңғылықты жазып шығуыңыз қажет. Жобаның атқаратын міндеті (жобаның күрделілігіне байланысты) бірнешеу, әдетте 3-4 болуы мүмкін. Бұл бөлім де СМАРТ өлшемінің талабына сай болуы тиіс.
  3. Бұдан кейін «Шаралар (жұмыс барысы)» бөлімін толтырамыз. Әр міндеттің тұсына атқарылатын іс-шаралардың жиынтығын жазуыңыз қажет, яғни сол міндеттің орындалуына қажетті нақты шаралардың тізімін тізіп бересіз. Бұл бөлімде «ненің қайтіп істелетінін» нақты көрсеткеніңіз дұрыс. Мысалы, пәлен деген тренингте (тренинг тақырыбы) пәленбай адамды оқыту үшін ХХ дәріс өткізу және тағысын тағылары.
  4. Ендігі кезекте «Іс-шараларды жүзеге асыру көрсеткіштері» бағанын толтырамыз. Бұл – іс-шараларды орындау индикаторы (outputs), яғни жоба аясында атқарылатын шараларға тікелей қажет «өнімдер». Мәселен, тренинг қатысушыларының, өткізілген семинарлардың, басылған брошюралардың саны және тағы басқалары. Мұның барлығын алдын-ала болжауға болады. Әлбетте, жоба барысында олар өзгеруі де мүмкін, бірақ алдын-ала жоспарлау маңызды әрі міндетті. Барлық индикаторлар сандық көрсеткішпен көрсетілуі тиіс. Бұл сапаға жауапты индикаторларға да қатысты. Мәселен, олардың сапасын (өзгерісі/ықпалының деңгейін көрсететін) бағалау шкаласы түрінде, я болмаса, сапасына қатысты сауалнама жүргізіп, ондағы мәліметтерді сандық көрсеткішке айналдыру арқылы және тағы басқаша беруге болады.
  5. Бұдан ары «Нәтижелер (жобаның міндеті бойынша)» бағанын толтырамыз. Бұл – жобаның нақты бір міндеті бойынша атқарылған іс-шаралар жиынтығының нәтижесі (outcomes). Мәселен, жобаның атқаруы тиіс шаралары – бірқатар тренингтер топтамасын өткізу десек, осының барлығының нәтижесі – белгілі бір мәселе бойынша қатысушылардың білім деңгейін көтеру болады. Бұл индикатор жобаның міндетіне қатысты. Аталмыш бөлімде әдетте 1-3 индикатор болуы мүмкін.
  6. «Жоба тәуекелі» бағанын толтырамыз. Әдетте, бұл бөлімде жобаны жүзеге асыру кезінде болатын қауіп-қатерді қарастырамыз. Алдымен, нақты бір іс-шараға қатысты болуы мүмкін қауіпті анықтап, талдауымыз қажет. Мәселен, өткізілетін шара – тренинг. Болуы ықтимал қауіп – қатысушылардың қызығушылығының төмендігі, олардың тренингке келмей қоюы, техникалық проблемалар, көрнекі құралдарының мазмұн сапасының төмен болуы және тағы басқа. Осылай әрбір шараның тұсына болуы ықтимал қауіп-қатер турасында жазып шығу керек. Маңызды тәуелкелдерді көрсетуге, есепке алуға тырысыңыз. Яғни, ықтимал қауіптерді логикалық шеңберге енгізбес бұрын, оның жобаға ықпалының деңгейіне баға беруіңіз қажет (мәселен, жаз кезіндегі ауа-райының қолайсыздығы маңызды қауіп бола алмайтыны айтпаса да түсінікті).
  7. «Шешілу жолдары/ қауіп-қатерді азайту» бағанын толтырамыз. Болуы ықтимал қауіптің тұсына шешілу жолдарын жасап, жазып қоямыз. Яғни, егер жоба барысында сол қатер туа қалған жағдайда, не істейсіз? Мәселен, тренинг қатысушыларының қызығушылығы төмен болса, не істеуге болады? Мұның шешілу жолдары мүдделі тараптармен кездесу, түсіндіру, БАҚ арқылы хабарландыру, тренингке алдын-ала тіркелудің жүйесін жасау, әртүрлі ынталандыру шаралары және тағы басқа.
  8. «Ұзақмерзімді нәтиже» бағанасын толтыру. Сіздің жобаның қандай да бір ғаламдық мәселенің шешілуіне өз үлесін қосуға ынталы болатынын айттық. Бұл бөлім сіздің сол жаһандық мәселенің шешіміне үлес қосуға бағдарланған әрекетіңізді сипаттайды. Мәселен, белгілі бір мәселені көрсететін брошюралар топтамасын шығару арқылы сол проблеманы бірден шешіп тастай алмауыңыз мүмкін. Бірақ, бұл әрекетіңіз ұзақмерзімді нәтижеде мүдделі тараптарды сол мәселе турасында ақпараттандыруы бек мүмкін және сол арқылы мүдделі жақтар сол түйткілдің түйінін тарқатуға үлес қосуы да ғажап емес. Мұнда әдетте ұзақмерзімді нәтижеге бастайтын 1-3 әрекет көрсетіледі.
  9. Логикалық шеңберді толыққанды толтырып болғаннан кейін, оны қайта қарап шығыңыз, құрылымын тексеріңіз (мақсат-> міндет-> іс-шаралар-> көрсеткіштер-> нәтижелер-> қауіп-қатер-> шешілу жолдары). Бұдан соң, жобаның мақсатына көз жүгіртіңіз, оның басқару құрылымында сипатталған жобаға қаншалықты сәйкес келетінін байқаңыз. Қажет болған жағдайда, қайта түзетіңіз. Егер жобаның мақсаты жетілдірілген болса, жетістікке жету индикаторын да жаңарту қажеттігін ұмытпағайсыз.
  10. Логикалық шеңберді толтыру үлгісін сайтымыздан қарауыңызға болады.