18/03/2019
Серік Ирсалиев: Мұғалім еңбегінің құны еліміздегі орта жалақы деңгейінен төмен болмауы тиіс
14/03/2019
Алматыда «Гендерлік экономика саласындағы бүгінгі зерттеулер» атты дөңгелек үстел өтті
04/04/2019

Жыл сайын жарық көріп тұратын Project Syndicate журналы Қазақстанда екінші рет шықты

Қазақстанда “Project Syndicate: 2019-дан не күтеміз? Ұлы Іркіліс” деген тақырыппен қазақ және орыс тілдерінде ықпалды халықаралық басылым жарық көрді. Жобаны Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы мен Factcheck.kz Орталық Азиядағы алғашқы фактчек ресурсы дайындады.

“Ұлы Іркіліс” авторларының арасында әлемге әйгілі саясаткерлер, сарапшылар мен ойшылдар бар, олар: Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Гордон Браун, Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы әрі төрағасы Клаус Шваб, Малайзия саяси көшбасшыларының бірі Анвар Ибраһим, Soros Fund Management және “Ашық қоғам” қорларының төрағасы Джордж Сорос, Free Press Unlimited басшысы Леон Виллемс, Израильдің бұрынғы сыртқы істер министрі Шломо Бен-Ами, Экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Ангус Дитон.

Сондай-ақ, журналда Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Федерика Могеринимен сұхбат бар.

Басылым Қазақстанда екінші рет жарық көріп отыр. Былтыр “Үміт ашу-ызаға қарсы” деген тақырыппен жарық көрген болатын. Журнал авторлары әлемдік экономика мен саясаттың арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті табуға тырысты. Осыған орай 2018 жылы жағдай нақтыланып, тенденциялар да анық бола түсті, енді басылым The Great Disruption деген атпен жарық көріп отыр. Қазақ тіліне аударғанда “Ұлы Іркіліс” деген мағынаны білдіреді. Әлем тектоникалық қозғалысты бастан кешіп отыр, соған орай экономика мен геосаясатта тепе-теңдік бұзылды, журналда бұл жөнінде де айтылады, сонымен бірге мәселені шешудің ықтимал жолдары көрсетіледі.

Журналда көтерілген тақырыптар ауқымы кең, дегенмен негізгі назар жаһандық дағдарыстың бөлектеуіне қарсы күреске бағытталған, сонымен қатар либерализм идеясының құндылығына баса назар аударады.

Журнал авторлары көтерген тақырыптар ішінде мынадай сұрақтар бар: Практикада популизм несімен қауіпті? Постпопулистік экономикалық құлдыраудан қалай құтылуға болады? Еуропаның болашағы қандай? Қайсысы дұрыс: құрылымдық реформа ма, әлде сауда соғысы ма? Таяу Шығыстағы ұйымдастырылған хаосты ауыздықтауға бола ма? АҚШ-тағы көзге көрініп тұрған әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде кедейлікті билік неге мойындамайды? Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде халықаралық саяси және экономикалық әріптестік саласында қандай жаңа амалдарды қолдануға болар еді?

Авторлар фашизм қайта жаңғыруда деген тұжырым жасауға қатысты ой айтады, Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі бірегейлік дағдарысының мәніне тоқталады, бір саяси биліктің алпыс жылдық гегемониясынан кейін қалай өзгеріс жасауға болатынын Малайзия мысалымен көрсетеді, Хашогги ісінде жазасыздықтан құтылып кетуге не себепті жол беруге болмайтынын түсіндіреді.

Сонымен бірге, авторитарлық режимдер мен жаһандық медиа нарықты жаулап отырған ІТ алыптардың арасындағы альянсқа неліктен жол беруге болмайтынына тоқталады.

“Журналдың мазмұны оқырманды ақырзаман тақап қалғандай күйге түсірмейді. Біз өркениетті қоғамға тән сабақтастық бәрімізді де “Ұлы Іркіліс” кезеңінен дамыған қоғамға алып келетініне барынша сенім артамыз”, – дейді Factcheck.kz жетекшісі, “MediaNet Халықаралық журналистика орталығы” Қоғамдық қорының директоры Әділ Джалилов.

“Менің ойымша, бұл журнал да былтырғы басылым секілді оптимизм мен үмітке жол бастайды, өшпенділік тіліне парасатты пайымды қарсы қоя отырып, әлемді жақсы жағына қарай өзгертуге болатынын көрсетеді. Сол себепті де бұл басылымға MediaNet және Factcheck.kz ұжымындағы серіктестерімізбен бірге қазақстандық оқырманға пайдалы материалдарды іріктеуге тырыстық. Журнал материалдары әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды тағы бір рет сүзгіден өткізуге мүмкіндік береді”, – дейді Сорос-Қазақстан қорының Басқарма төрағасы Антон Артемьев.

Қосымша сұрақтар бойынша  +7 (727) 2923033 телефон нөміріне хабарласуға болады (жоба үйлестірушісі Снежана Цой, MediaNet ХЖО).

Журнал тегін таратылады, бірақ тиражы шектеулі. Өз журналыңызды алу үшін келесі сілтемеге өтіп, өтініш беру керек: https://goo.gl/forms/iDa5zDXkQkXoUWE93