10/12/2018
Астанада әлемге әйгілі World Press Photo 2018 ең үздік фотожұмыстар көрмесі ашылды
29/10/2018
Калум Воги, Project Syndicate: «Біз үшін оқырманға сапалы контент ұсынумен қатар, Орта Азияның ой-пікірін тарату да аса маңызды»
18/01/2019

Наргиз Шукенова: “Мәдениеттің әр саласында біздің аймақты зерттеуге, зерделеуге сұраныс қалыптасқан сыңайлы”

Биыл Clique тұңғыш тәуелсіз авторлық кинофестиваль командасы Орта Азия деректі фильмдерінің конкурсын өткізуде. Бұл жоба тек деректі картиналарды көрсетуге негізделген Clique.Doc атты басты фестивальдің бағдарламасы ретінде бастау алды. Осы екі жобаның продюсері Наргиз Шукенова деректі туындылардың жанрын түлетуді көздеген шығармашыл жандардың наразына неліктен Орта Азия іліккені жайында баяндап берді.

Сlique.Doc жобасы еншісін алып, жеке дара конкурс ретінде дамуы турасында ой неден туды?

Бұл сауалға жауап бермес бұрын, аталмыш фестивальдің тарихына үңіліп, тамырын түсіндіріп өтуді міндетім деп есептеймін. Clique 2014 жылы Борис Байков екеуіміз Алматы қаласы әкімдігіне қарасты Мәдениет басқармасының гранты ұтып алған уақытта құрылды. Ол кезде фестивальдің ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылған болатын. 2015 жылы біз Сорос-Қазақстан қорына деректі туындылардың жеке бағдарламасын құру туралы ұсынысымызды айта келдік. Бізге жастар бағдарламасының үйлестірушісі Сауле Мейірманова көп көмектесті.

Деректі кино – қазіргі заманның қарқынын сезуге мүмкіндік беретін қызығы мен қиындығы қатар ерекше формат екенін бірден ұғындық, өйткені мұнда бүгінгі тұрғын үшін түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылады. Бағдарлама әрдайым белгілі бір тақырыпқа, оқиға желісіне негізделеді. Мәселен, қамақтағы күнкөріс мәселесі. Мұны көрсету үшін Шешенстан уақиғасын баяндайтын «Грозный блюз» туындысын, я болмаса, балаларын үй қамағында ұстайтын отбасылардың оқиғасын көрермен назарына ұсындық, мұндағы жеткіншектер төрт қабырғаның «тұтқынына» айналып, ертелі-кеш теледидар көріп, сонда көргендерін сахналап күнін өткізуде. Соғыс, диктатура тақырыбын зерттеуді жалғастырып келеміз. 2016 жылы бізде «Түркісібті» көрсетуге мүмкіндік туды, сол тұста аталмыш жобаны басқа қырынан дамыту туралы ой келді, өйткені «Түркісіб» тілтану, өзін-өзі тану дейтін мәселелердің мәніне үңілуге үндейтіндей. Осы туынды арқылы біз аймақты тануға тереңдеу керектігімізді түсіндік деуге болады.

Бастапқыда, біз оқу бағдарламасын жасауды мақсат тұттық, артынша, оқу-білім сынды салмақты дүниемен айналысудан бұрын, алдымен әр аймақтың талабын түсінуіміз қажет екенін анық білдік. Сондықтан, деректі киноның қарапайым қалпын көрсете білетін (мәселен Орта Азия аймағында деректі фильм түсіретін режиссерлердің саны) конкурс өткізуді қолға алдық. Жалпы идеяның мақсат-мүддесі осы.

Наргиз, жаз маусымында аталмыш аймақтың басқа да елдеріне сапарлап барғаныңызды білеміз. Айта отырсаңыз, қандай мақсатты көздеген едіңіз, нендей жағдаятқа куә болдыңыз?

Өзге елдерге арнайы барып, ондағы сала мамандарымен тікелей кездесу аса қажет болды, өйткені бұл аймақтың біз көрген “ерекшелігі” сол, ақпарат қолжетімсіз әрі ашық емес. Мәселен, Қырғызстандағы үздік медианың бірі Kloop.kz біздің елде бұғаттаулы. Бір-біріміз туралы мәлімет алудың өзі оңайға түсе қоймайды. Қарапайым мысал, Тәжікстаннан Өзбекстанға қалай бару керектігін жоспарлау кезінде көп дүние түсініксіз. Жергілікті кинематографистермен арнайы кездестім, әрқайсысы өз қиындығы турасында айтып жатты, өкініштісі сол, барлығының проблемасы ортақ: цензура, сөз бостандығының жоқтығы, инфрақұрылым және жаңа көзқарасты қабылдауға даяр адекват орта. Меніңше, киножасаушылар, әсіресе, өзбек пен тәжіктегі мамандар жоспарлы экономикадан нарықтық заңдылыққа түгелдей өте қойды деу қиын, бюджеттің жетіспеушілігі, жемқорлық және белгілі бір тақырыптарды түсіруге салынған тұсау сынды проблемалар әлі де баршылық.

Әр мемлекетте жас кинематографистер арасында біршама адекват орта бар әрі олар шетелдік қорлармен серіктесе отырып, арт-резиденциялар құруды бастап кеткен. Тәжікстанның өкілі Аниса Сабири MyVision атты эксперименттік киноның арт-резиденциясын құрған. Олар бүгінге дейін сегіз фильм түсірген, соның ішінде деректі жанры бар. Қазіргі уақытта, Өзбекстанда жастардың жаңа қарқыны қалыптасып келеді. Сондықтан, жастарға артылар үміт зор. Ең белсенді қоғамдастық Қырғызстанда жасақталған деуге болады: оларда белсенді өнер ордасы мен кино орта бар. Олардың бір-біріне деген ниеті түзу, пейілі адал, сондықтан болар, өз еліндегі бүгінгі экономикалық жағдай турасында нәтижелі дүниелер даярлауда.

Конкурсқа қатысу туралы өтінім қабылдау бірнеше ай бұрын басталды. Киномамандардың конкурсқа деген ынта-жігері қандай, қанша сұраным жолданды?

Конкурс турасындағы ақпаратты ресми сайтымыз бен жеке парақшамызда жарияладық, сұраным жіберу үшін FilmFreeway, Withoutabox сынды киномамандар арасында танымал платформаларды қолдандық. Өтінім тапсырудың белгілі критерийлерін де бекіттік: біз үшін осы аймақтан шыққан мамандар (мейлі шетелде болсын) түсірген туындылар, шетелдіктердің Орта Азия жайындағы фильмдері және қазақстандықтардың Қазақстан жайлы ұсынған кинолары қызықты болды. Жіберілген сұранымдар саны көп болған жоқ, шамамен елу шақты. Өтінімдердің басым бөлігі Бангладештен келген.

Сондай-ақ, біз үшін фильмдердің Қазақстан аумағында бұрын-соңды көрсетілмегені маңызды болды, біздің елдегі тұсаукесерін ұйымдастыруға үлкен мән бердік. Бір кездері, біздің бағдарлама дағдарысқа душар болған тұста, бағдарлама директоры Борис өзге фестивальдердің каталогынан, университеттердің, академия сайттарынан, басқа да дереккөздерден фильмдер іздестіре бастады. Сол ізденістің нәтижесінде көптеген сауатты да сапалы туындыларды таба алдық. Бұл дегеніміз, Орта Азия шетелдік алаңға әлі де болса қолжетсіз аймақ. Мәселен, негізгі кинонарықтың бірі Канн фестивалінде Қазақстанның павильоны биыл тек екінші рет ұйымдастырылды, Өзбекстан биыл ғана мүмкіндік алды. Қырғызстан мен Орта Азияның өзге де мемлекеттері шетелдік алаңдарға соншалық таныла қоймады. Оның үстіне, келер жылы ол жаққа біздің барып-бармауымыздың өзі екіталай. Әлбетте, бұл дамуға, қарқын алуға кедергі келтіріп тұрғаны жасырын емес. Біздің мәдениетімізге төніп тұрған үлкен қауіп: біздегі кез келген жоба не пилоттық, я болмаса, тәжірибе ретінде, одан қалды соңғы рет жасалып жатады, ғұмыры қысқа.

– Конкурстың бағдарламасында тұзды тақырыптар баршылық. Бұл – әу бастан жоспарланған шаруа ма, әлде татымды туындыларды іріктеудің нәтижесі ме?

Біраз уақыттан бері Орта Азия аумағында жұмыс істеп, мәдениет саласында бірқатар қызмет атқарып, өнер ордасы мен заманауи театрды үлкен зейініммен зерттеп жүрген адам ретінде бұл тақырыптардың күнтәртібінен түспей тұрғанын анық айта аламын. Оның үстіне, біздің серіктестер күндердің күнінде осы тақырыптарға оралып отырды. Байқау бір апта бойғы тақырыбы адам құқығына арналды, бізге осы бағыт бойынша көрсетілетін қолдау көп, бұл – жобаның аса маңызды тұсы. Бағдарламаның басты мақсат-мүддесі осы деп айта алмаймын, бірақ бұл аймаққа сырттан келген, я болмаса жергелікті авторлар осындай тақырыптарды жәйдан-жәй көтермейтіні анық. Мәселен, дәл депортацияланған отбасының өмірі, я болмаса осы аймақтағы экологялық жағдай туралы фильм табу туралы арнайы мақсат болған жоқ. Алдымен Кеңес үкіметі тұсындағы жетпіс жылдық тарихымыз, одан кейін 26 жылдық тәуелсіздігіміз ортақтастыратын Орта Азия аймағының бірдей мәселелерге душар болып, онымен күресу жолымыздың да ұқсас болуы  тегіннен-тегін емес, сірә. Бұған қоса, біз ішкі ұстанымға да бой ұсындық, толеранттық, ашықтық жайында айқын әңгімелеуді қаладық. Мұндай қағидалар негізгі бағдарламаның да басты ұстанымы болды, әрі Clique.Doc те әрдайым осы турасында болды: біз Олег Сенцов туралы, Шешенстандағы жағдай туралы фильмдерді көрсеттік. Яғни, бұл дегеніміз, 2015 жылдан бергі бағдарламаның логикалық жалғасы іспеттес.

– Конкурстың Қазақстандағы, Алматыдағы мақсатты аудиториясы кім? Бұл жоба кімдерге қызықты болуы мүмкін?

Біз үшін үлкен тәжірибе  болғалы тұр: көрсетілім тегін, тұңғыш рет конкурстық бағдарлама ұйымдастырудамыз, оның үстіне бұл – деректі кино. Көрерменнің бұл жанрға деген көзқарасы дегенмен бөлек. Катя Суворованың «Завтра море» атты деректі фильмі прокатқа шыққаннан бастап, мұндай кино қолжетімсіз, дүбәра деп келген кейпінен ажырай бастады. Катя бөгде адамдардың өмірін жіті бақылап жүретін жан, оның кейіпкерлері – біздің замандастар, сондықтан деректі туынды жасаушылар үнемі қоғаммен, ондағы адамзатпен тығыз байланыста болуы тиіс. Меніңше, біздің аудитория Clique көрерменінен өзгешелеу болатын сияқты, өйткені Clique кезінде бізде Ларс фон Триер, Паоло Соррентино және Оскар номинантары болды. Мұнда мүлдем басқа атмосфера, көңіл-күй мен ішкі сезім де тіптен бөлек. Қоғам белсенділері мен құқыққорғашыларды арнайы шақырдық, олар, күнтәртібіндегі түйткілді мәселелердің басы-қасында жүрген азаматтар. Әлеуметтік маңызы тақырыптарды талқылау үшін арнайы бас қосып, дискуссия өткізудеміз. Менің ойымша, студенттер көбірек келетін сияқты, бәлкім, біздің аймақтың тарихы мен тағдырына қызығушылық танытатын адамдар қатысатын болар. Соңғы уақытта, Орта Азия тақырыпқа арқау етіп жүрген көптеген көрмелерді көзім шалып жүр. Соған қарағанда, мәдениеттің әртүрлі саласында біздің аймақты зерттеуге, зерделеуге сұраныс қалыптасқан сыңайлы,  “өнерге әркімнің-ақ бар таласы”.