08/06/2020
Жергілікті бюджеттердің ашықтық индексі – 2019
23/05/2020
Қарыздан құтылатын уақыт
21/05/2020

Билік транзитінен өткен бір жылдың қорытындысы

Мамыр айының соңында Сорос-Қазақстан қоры «Казахстан: испытание «транзитом власти» есебінің орыс тіліне аударылып, жариялануы байланысты пікірталқы өткізді. Онлайн кездесуге аталмыш құжаттың қазақстандық және шетелдік авторлары қатысты.

Chatham House халықаралық қатынастар саласындағы британдық талдау орталығы жариялаған «Казахстан: испытание «транзитом власти» (Kazakhstan: Tested by Transition) есебі орыс тіліне аударырылды, осы айтулы шараға орай Сорос-Қазақстан қоры мен Open Society Foundations қолдауымен онлайн пікірталқы өткізді. Жақын арада бұл есеп қазақ тілінде де жарық көреді. Аталмыш құжатқа танымал шетелдік және отандық сарапшылар авторлық етті, олар Қазақстандағы билік транзитін бірнеше тұрғыдан талдады: азаматтық-саяси еркіндік және адам құқығы, сыртқы саясат, саяси және экономикалық даму мәселелері.

Кездесу барысында шақырту алған сарапшылар Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасындағы билік транзитінің барысын талқылады. Онлайн-басқосуды Гарвард университеті жанындағы ресейлік және еуразиялық зерттеулер дэвис-орталығының аға ғылыми қызметкері Наргис Касенова жүргізді. Модератор талқы қатысушыларынан, алдымен, билік транзитінің алғашқы жылындағы негізгі жетістіктері мен кемшіліктерін атап өтуді сұрады.

Сорос-Қазақстан қорының Басқарма төрағасы Аида Айдарқұлова саяси тұтқындардың екіұдайы жағдайын тілге тиек етті – жақында Мұхтар Жәкішев босатылды, десе де, басқа да саяси тұтқындар әлі күнге дейін қамауда отыр: «Бұл – күрмеуі күрделі мәселе, өйткені, кез келген жетістік – орындалмаған арманға пара-пар. Мәселен, Мұхтар Жәкішевтің бостандыққа шығуы керемет жетістік, дейтұрғанмен, Макс Боқаев әлі де түрмеде отыр», – деді Аида Айдарқұлова.

Американдық және британдық басылымдарға Орта Азияның проблемалары туралы жазатын, бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын журналист Джоанна Лиллис қазақстандықтардың азаматтық ұстанымы айқындала түскенін негізгі жетістік ретінде атап өтті: «Меніңше, басты жетістік – қазақстандықтардың, әсіресе, жастар арасындағы саяси серпіліс. Жастар өз елінің саясатына және болашағына қызығушылық таныта бастады. Өкініштісі сол, билік бұл серпілісті тиісті конструктивті деңгейде қабылдамай отыр», – деп түйді ол.

Саясаттанушы, «Тәуекелдерді бағалау тобы» консалтингтік үкіметтік емес сараптама ұйымының директоры Досым Сатпаевтың пікірінше, азаматтардың ішкі саясатқа деген қызығушылығының артуына қарамастан, мемлекет нақты саяси реформаларды жүзеге асыруға асығатын емес: «Саяси өзгерістер саласында әлі ешқандай жетістік жоқ. Қоғамдық санада серпіліс болғанымен толық келісемін: саясаттан мүлдем хабары жоқ көптеген қазақстандық елдің саяси ахуалына қызығушылық таныта бастады. Маған қызықты болған көрсеткіш – әдетте Facebook желісінде қызу талқыланатын саяси тақырыптар уақыт өте келе басқа да әлеуметтік желілерде – Instagram және Youtube-те кең таныла бастады. Меніңше, әлеуметтік желілер көз алдымызда жаңа азаматтық қоғам қалыптастыруда – тоқсаныншы жылдары қалыптасқан азаматтық қоғамның реинкарнациясы іспеттес, мұны жетістікке теңестіруге болады. Ал, өкінетін жайт, біздегі мәжілістен тысқары саясат әлі күнге дейін үлкен басымдыққа ие. Екіншіден, біздегі саяси технологиялар мен либерализациялау ойыны шынайы саяси реформаларды алмастырды. Үшінші, аса маңызды жайт – бізді мақтамен бауыздады. Соңғы уақыттағы бейбіт жиындар мен саяси партиялар туралы заң турасындағы жаңалықтар осының дәлелі».

Economics and Management Consulting Group директоры, Ekonomist.kz негізін қалаушы Қасымхан Қаппаров біздегі экономикалық ахуалдың болашағына баға берді: «Бар болғаны бір жыл өтті, мемлекеттік экономиканың көлемі азаяр емес – мемлекет экономиканың қандай да бір секторынан тәуелсіз екенін байқау қиын, мұндай тренд әлі қалыптасқан жоқ. Жалпы, әлі күнге дейін мемлекеттік капитализмнің экономикалық үлгісіне сай өмір сүрудеміз. Елордадағы LRT құрылысының тоқтауын – жетістік деп білем. Бұл – әдетте «белые слоны» деп аталатын «айшықты» жоба. Яғни, ресурсқа бай мемлекеттер пәленбай миллиард долларға түсініксіз әрі қажетсіз жобалар салумен айналысады. Аталмыш жобаның тоқтауы болашақта мемлекеттің асыра сілтеп ысырап жасамауына жақсы тәжірибе болған шығар деп үміттенемін», – деп түйді сарапшы.

Тәуелсіз сарапшы әрі Орта Азия мәселелерін жазып жүрген журналист Биргит Брауэр Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы президент тағында қалуының өзін үлкен жетістікке балады: «Қазақстан Әзербайдағыдай билік әкеден балаға берілетін тәжірибені қайталаған жоқ. Мұнда билік ҚР тұңғыш президентінің қызына өтуі мүмкін еді, былтыр Дариға Назарбаева сенатқа төрағалық етті және халық бұл қадамды Дариға Назарбаеваның ел басқаруға дайындығы деп жорамалдап жүрді. Араға жыл салып Дариға Назарбаева сенат төрағалығынан кетті, ал Қ.Тоқаев әлі тақта отыр. Өкініштісі сол, ішкі саясатта еш өзгеріс болған жоқ».

Джоанна Лиллис билік транзитінің негізгі кезеңдерінің бірі ретінде Қ.Тоқаевтың  халыққа «тыңдай білетін мемлекет құру» турасында берген уәдесін атап көрсетті: «Егер билік диалог пен реформа ұсына алмаса, ол мемлекет пен қоғам арасындағы түсініспеушілікті үдете түседі. 2019 жылғы президент сайлауы осы жік-жікке бөлінудің айқын мысалы. Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында саяси бәсекелестікті қамтамасыз етуге уәде берді. Алайда, оппозициялық партиялар делегаттарының қамалуына байланысты ол ұйымдардың съезі болмай қалғанының куәсі болдық. Күні кеше сот «Көше патриясының» жұмысына шектеу қойды, мұның себебін аталмыш партияның елімізде тиым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысы бар деп түсіндірді. Қазақстанда қазіргі уақытта оппозициялық партия жоқ. Бұдан заңды сауал туындайды: егер билік монополизациялауын тоқтатпай, оппозициялық партиялардың құрылуына мүмкіндік бермейтін болса, саяси бәсекелестік қайдан пайда болады».

Джоанна Лиллис, сондай-ақ, ҚР президенті қабылдаған «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңға енгізген түзетулерде азаматтар үшін әлі де көптеген шектеу барын және бұл құжат халықаралық стандарттарға да, қоғам белсенділері мен Қазақстандағы адам құқығы саласындағы сарапшылардың талабына да еш сәйкес келмейтінін атап өтті. Жалпы, президент Қ.Тоқаевтың халыққа жолдауынан бергі бір жыл ішінде мемлекет әлі күнге дейін «тыңдай білетін билік» режиміне өте алған жоқ.

Саясаттанушы Досым Сатпаевтың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың таққа отырған алғашқы жылында ел ішінде орын алған форс-мажор жағдайлар президенттің позициясын жақсартуға әрі легитимділігін бекіте түсуге мүмкіндік берді: «Осы уақыт аралығында ол «үмітсіз президент» статусынан ауысуға, яғни «үміт беруші президент» болуға белсенді түрде ұмтылды. Бюрократиялық аппарат алдында ол жеке субъект емес, саясаттың объектісі ретінде бейнеленді және былтыр саяси сахнада оны жансыздың кейпінде көрсетуге тырысты, бірақ ол бұл қалыптан арылуға барынша тырысты. Айта кету керек, Н.Назарбаев биліктен кеткеннен кейінгі бір жыл ішінде Қ.Тоқаев өзінің легитимділігін сәл болса да артырды. Бірақ бұған соңғы уақытта орын алған форс-мажор жағдайлар себеп болды: коронавирус пандемиясы мен төтенше жағдай режимінің енгізілуі Қ.Тоқаевқа дағдарысқа қарсы бағдарламаларды жүзеге асыруына көбірек құқық пен өзгеріс жасауға мүмкіндік берді. Шын мәнінде, Қ.Тоқаевтың легитимділігін негіздеуге бағытталған белсенді жұмысы біздегі саяси жүйені терең әрі жүйелі түрде өзгертетін нақты саяси шешімдерге қарағанда, саяси технологиялық құралдармен көбірек байланысты болды», – деп түсіндірді ол.

Қазіргі уақытта билікке мұнайға арқа сүйемей өмір сүруді үйрену міндеті жүктеліп отыр: «Қазақстан үшін аса маңызды мәселе – мұнай бағасы. Біз мүлдем зерттелмеген аумақта орналасқанбыз. Біздің 20 жыл бойына құрып келген мемлекеттік капитализм үлгісінің экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін көрдік, нәтижесінде, бай мемлекет бола тұра халықтың басым бөлігі кедей. Қазіргі билік әлеуметтік мемлекет болуға және халық әлсіз топтарына көмектесуге ұмтылатын болады, бар мәселе осында. Өйткені, бұдан несиені кешіру тәжірибесі сияқты популизмге бой алдыру қаупі бар әрі Венесуэлланың жолын қайталауымыз мүмкін: қазіргі уақытта елдегі аса күрделі кезеңнің куәсі болып отырмыз, ал жиырма жыл бұрын бай мемлекет едік. Қазір мемлекеттің басты байлығы – ұлттық қор, осы орайда элиталардың ондағы қалған рента үшін күресін көріп отырмыз және бұл күрес тек күшейе түседі, өйткені, бізде бұрыңғыдай мұнай сатудан түсетін валюта түсімдері жоқ, ірі инвестициялық жобалар да жоқ. Негізгі жасырын ойын дәл осы рентаға қол жеткізуге негізделетін болады. Бұл жерде, осы қаражатты бөлу және тарату туралы шешімдердің ашықтығы аса маңызды», – деп атап өтті Қасымхан Қаппаров.

Қазақстандағы билік транзиті жөнінде өткен пікірталқы барысында Досым Сатпаев ҚР экс-президенті саясаттан нақты кеткен кезде шынайы өзгерістер орын алады деген пікір білдірді: «Экс-президент бейнесіндегі кез келген бұрыңғы ойыншының биліктен кетуі шартты түрде бөліске әкелетінін тәжірибе көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта толыққанды транзит көріп отырған жоқпын. Бұл жартылай транзит: Н.Назарбаевтың дәуірі аяқталуда, десе де, Қ.Тоқаев президент ретіндегі қызметін «жәутеңдеп» жүргізуге мәжбүр. Ол әртүрлі бағдарламаларды қабылдап, халыққа әрқилы әдемі жолдауларын ұсынуы мүмкін, бірақ ол бастамаларын сол баяғы Н.Назарбаев кезеңінде үнемі құлдырауға ұшырап келген тиімсіз жемқор бюрократиялық машина жүзеге асырады».

Сонымен қатар, сарапшылар биліктің жақын болашағы мен саяси және экономикалық институттарды мейлінше либерализациялау мүмкіндігін талқылады. Азаматтық қоғам мен БАҚ күнтәртібіне нақты әрі тікелей ықпал ете алуы үшін не істеуі керек деген сауалға Джоанна Лиллис: «Алдымен азаматтық қоғам мен БАҚ құқығын қорғайтын заң керек. Халық қысым көрсеткенде билік қандай да бір өзгерістер мен реформалар қажеттігін түсінеді, бірақ онысы жарты жолға жетпей тоқтайды. Қазіргі таңдағы Қ.Тоқаевтың президенттігі, ол – Н.Назарбаевтың «нұрлы жолының» жалғасы ғана, бар қиындық осында. Өйткені, азаматтық қоғам қандай да бір өзгерісті талап етуде, ал Қ.Тоқаев бір уақытта Н.Назарбаевтың «нұрлы жолын» жалғастыра отырып, қоғам үшін қандай да бір өзгеріс енгізуге талпынуда, бұл – өте қиын», – деп жауап берді.

Қасымхан Қаппаровтың пікірінше, соңғы бір жылда болған көптеген өзгерістен кейін Қазақстан мемлекет пен азаматтар арасында жаңа қоғамдық келісімге келудің алдында тұр: «Соңғы жиырма жылдағы біздің әлеуметтік келісімшарт мұнайдан түсетін айтарлықтай пайдаға негізделді, ол уақытта мемлекет: «сендер болмашы салық төлейсіңдер немесе мүлдем төлемейсіңдер, онымен қоймай саясатқа араласқыларың келеді» дейтін. Ал былтыр патерналистік, тіпті популистік тәсілдің артқанына куә болдық, онда мемлекет ескі келісімшартты ұстана отырып, халықтың адал ниетін сатып алуға тырысты, сөйте тұра, салық жүктемесін арттырып әрі оны тұрғындарға міндеттеді. Бұл халыққа ұнаған жоқ, сәйкесінше, тұрғындар дұрыс нәрсе талап етті – тікелей дауыс беру, саяси партиялар құру арқылы өз қаражатын басқару барысына қатысу құқығы. Әсіресе, шетелден білім алып келген жастар өздері төлейтін салық пен сол бюджетті басқаруға қатысу құқығы арасындағы байланысты жақсы түсінеді. Қ.Тоқаев жаңа қоғамдық келісім шеңберінде либералды күнтәртібіне қаншалықты бағына алады – меніңше, негізгі мәселе осы», – деп түйді маман.

Досым Сатпаев әріптесінің бұл пікірімен келісетінін жеткізді. Саясаттанушының түсіндіруінше, мемлекет пен азаматтар арасындағы диалогты дамыту үшін қоғам мүшелерінің әр деңгейдегі саясатқа араласуына мүмкіндік беру шарт.

«Халық демократияның дәмін татып көрмейінше, оның орын алуына ешуақытта дайын болмайды. Ал бұл құбылыс партия, кәсіподақ, БАҚ, азаматтық қоғам институттары арқылы қоғамнның барлық деңгейдегі саясатқа қатысуына мүмкіндік беретін саяси реформалар жасаушы нақты қадамдар арқылы ғана жүзеге асады. Халыққа мүмкіндік беру керек. Содан кейін барып олардың басым бөлігі саясатты өмірінің бір бөлшегі ретінде қарастыратын болады; кім біледі, олардың арасынан жаңа формациядағы саясаткер шығуы бек мүмкін. Ал егер бұл мүмкіндік берілмесе, барлық есік жабулы тұрса, ал әлеуметтік лифт жұмыс істемесе, даму туралы сөз қозғаудың өзі артық», – деп сендірді Д.Сатпаев.

Сарапшылар азаматтардың саяси сана серпілісін ескере отырып, халық билік пен президент Қ.Тоқаевтан дағдарыстан шығудың және қазіргі пандемия салдарымен күресудің нақты бағдарламасын күтіп отыр деген қорытындыға келді. Пікірталқының толық нұсқасын мұннан көре аласыз, ал «Казахстан: испытание «транзитом власти» есебінің орыс тіліндегі нұсқасын мұннан оқи аласыз.