19/09/2018
Гунта Анча, Мүгедектік жөніндегі Еуропалық форум: «Қамшының сабындай қысқа ғұмырыңды үй қамағында өткізу обал емес пе?»
12/09/2018
ҚР ҚДМ Қазақстанда Ашық Үкімет бастамасын жүзеге асыруда дәнекер болуға дайын
20/09/2018

Стив Райс, журналист: «Видео – журналистиканың ең қиын жанры»

Қазақстан баспасөз клубы Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен жыл сайын iMediaProject жобасын жүзеге асыруда. Тамыздың соңында мультимедиялық журналистика мектебінің биылғы маусымы басталған болатын. Алғашқы модульге арнайы шақырту алған Миссури университетіндегі журналистика мектебінің профессоры Стив Райспен тілдесудің сәті түскен еді. Ардагер журналист видеоның неліктен заманауи журналистиканың маңызды элементіне айналғаны хақында жақсы дүниелер айтты.

Тәжірибелі маман әрі тәлімгер Стив Райс Алматы қаласына осымен екінші рет ат басын бұрды. Өзіне жүктелген модуль барысында журналист жоба қатысушыларына микродеректі видео өндірісін егжей-тегжейлі түсіріндіруге тырысты. Енді студенттер камерасы мен штативін арқалап, жеке жұмыстарын түсіруге кірісетін болады.

– Журналистерге видео жасаудың негіздерін үйретудесіз. Сіздіңше, видео жанры неліктен заманауи медианың маңызды бөлшегіне айналды?

 Стив: Ақиқатын айтайын ба?

 – Әрине.

 Стив: Өйткені, табыс көзі – осында. Видео басталмас бұрын, көрермен жарнамаға зер салады. Плеердің айналасында адам назарын аударатын көптеген терезелер шығады. Үстін бір шертсең болғаны, сол сілтеме бойынша екінші терезе ашылуға дайын тұрады. АҚШ тұрғындары оқуды аса ұната қоймайтын халыққа айналып барады, мұндағы адамдар ақпараттың өзі іздеп келгенін қалайды. Осы тұста видеоның басымдығы арта түседі. YouTube күн санап үлкен маңызға ие болып, танымалдығы арта бастады. Менің қызым BTS (Оңтүстік Кореядағы танымал бойзбэнд) тобын ұнатады, ол YouTube-тен BTS-ке қатысты барлық ақпаратты ала алады. Олардың концерті, күнделіктері – толық дерек толып тұр. Осы тұста, екі ұрпақтың арасындағы айырмашылық анық көрінеді. Оның үстіне, бүгінде видео нәзік, талдырмаш дүниелерді берумен ұтып жүр. Оның басты құндылығы – оқиғаны әсерлі де әдемі етіп баяндай алуында болып тұр. Ол көрерменге толыққанды ақпарат бере алады, кез келген дүниенің бүге-шүгесіне дейін көрсете алады. Мұндай әсерді оқырмандар мәтіннен ала алмауы әбден мүмкін. Микродеректіліктің ұтатын тұсы сол, ол оқиғаның айрықша мезеттерін көрсете біледі. 60 минуттық фильм түсіру міндет емес. Белгілі бір деталь туралы қысқа видео жасау арқылы да көрерменнің назарын ұстап тұруға болады.

– Микродеректі фильм үшін аса ұтымды хронометраж қанша?

Стив: Әдетте, 3-10 минуттың арасы. Видеоны көруді жалғастыру керектігін, я болмаса қажет еместігін көрермен алғашқы 10 секундта шешеді. Егер, олар тамашалауды жалғастырған болса, ендігі мақсат – олардың назарын фильм барысында ұстап тұру. Ол үшін түрлі амал-тәсілдерді қолданамыз, әдетте оларды «ілмектер» деп атаймыз. Видео авторлары көрермендерді фильмді қайта-қайта тамашалауға ынталандырып тұратын әрқандай айла-тәсілдер ойластыруы қажет. Егер көрерменге сапалы өнім ұсына алмасаңыз, олардың басым бөлігі алғашқы минуттың өзін «еңсеруге» құлық танытпайды. Егер сіздің сайтта видеоның саны көп, сапасы жоқ болса, көрерменіңіз сайттан бас тартудан да тайынбайды. Ал сапалы контент нендей дүниемен көрермен назарын аударуға болады деген ізденістен басталады. Кез келген адам бірыңғай видео түсіре алады, бірақ бірегейі ғана сәтті контент ұсынуға қауқарлы. Бір видеоның бойында бірнеше компонентті байланыстырып көруге тырысыңыз: ақпараттық, танымдық әрі қызықты.

Сіз дәстүрлі және жаңа медианы интеграциялай аласыз: тұтынушының бір тобы әлі күнге дейін газет оқуды ұнатса, ендібірі мультимедиалық контент тұтынғанды қалайды. Дәстүрлі медиа өкілдері бетті мәтінмен толтырудан бөлек, ақпаратты беруді түрлендіру керектігін түсінуі қажет. Егер сіз графиканы ұтымды пайдаланып, мәтінмен жұмыс істеуді үйренсеңіз, верстканың өзін оқырманға түрлендіріп ұсына алсаңыз, яғни мультимедиалық контент ұсынуға ұмтылған болсаңыз, бұл әрекетіңіз сізді жаңа деңгейге шығарады. Әйтпесе, сала-құлаш етіп салатын мәтіннің дәуірі өтті.

– Бүгінгі видео-өндірістегі трендтер қандай?

Стив: VR (виртуалды шынайылық) және видео 360° – бүгіннің жаңа тренді. Осы құралдарды сторителлингте қалай ұтымды пайдалануға болатынын әлі де ойлануымыз қажет. Адамдар видео жасау, деректі фильм түсіру машықтарын жетілдіріп, дағдыларын қалыптастыруда. Оның үстіне, бүгінде деректі фильмдер киноиндустрияда ойып тұрып орын алуда.

 – Сіздің модульге қатысқан студенттер туралы ойыңыз, жергілікті журналистер жайлы алғашқы әсеріңіз қандай?

 Стив: Олар «аш қасқырдай» көрінді, оқуға, үйренуге, сапалы контент жасауға деген ұмтылысы сұмдық күшті. Оларға видеоның журналистикадағы ең қиын жанр екенін айттым, өйткені мұнда адам әрқилы болуы тиіс: камера, аудио, монтаж жасайтын бағдарламалармен жұмыс істей алуы керек; тақырыпты ашудың әртүрлі тәсілін білуіңіз шарт; адамдармен байланыс орнату, қарым-қатынас жасай білу де аса маңызды, интервью жазуға, әуен пайдалануға да қабілет қажет. Қатысушылардың үйренері әлі көп және олардың білімге құштарлығы керемет.

– Бәлкім, мәселенің барлығы білім беру жүйесіне кеп тірелетін болар. Көбіне университет қабырғасында аса өзекті ақпараттарды бере алмайтындай. Мәселен, жазба журналисі үшін жаза білу, тележурналист үшін мақамды сөйлеу ғана маңызды ма?

Стив: Біздің университетке келетін кез келген журналист видеоға түсіруді, монтаж жасауды, жазуды және тағы басқаларын біліп келеді. Өйткені, олар гаджетпен, смартфонмен өскен жастар. Сіз айтып отырған адамдар бір оқиғаға үлкен бір сурет беретін газеттерді оқып өсті. Сондықтан, біз жасап жатқан жаңа дүниелер олардың үрейін тудырады, бұл жаңа бағыт бойынша ешнәрсе білмегендіктен, қабылдағысы да келмейді. АҚШ-та мұндай түбегейлі өзгерістерден қорқатын журналистер ғана емес, кейбір газеттер де бар. Өз басым пленкаға түсіретін фотоаппараттан сандық фотоқұралға өткісі келмейтін, видео түсіруді мүлдем үйренуді қаламайтын суретшілерді де көргем. Олар күн санап өзгеріп отырған әлемнің қарқынына ілесе алмай, көштің соңында қалды. Алматыдағы газеттер арасында бәсеке бар ма?

– Үнемі бәсекелесуде деу қиын.

Стив: Қиын жағдай. Бәсеке жоқ жерде, газетті дамытуға деген құлық болмайды. Қазақстанда зерттеу журналистикасының даму қарқыны бәсең, өйткені кей адамдар құпиясының ашылғанын қаламайтын көрінеді. Бізде Трамптың баспасөз өкілдеріне қысастық көрсететін себебі – біз ол жасырып қалғысы келген дүниелерді ұзақ зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы әшкере қылып жатамыз. БАҚ өкілдерінің мысын басу үшін, өтірікші етіп шығаруға дейін де барды. Трамп бизнестің өкілі, ол салада барлығы кәсіп иесіне бағынады. Осындай қарым-қатынасқа әбден үйренген Трамп өзінің ақымақтығы үшін сынап жатқанын қаламайды. Трамтың баспасөз өкілдеріне деген қарым-қатынасы әлемдегі журналистерге қысым көрсететін диктаторлардың әрекетіне пара-пар: олар өзгелердің шындықты білгенін және оны таратқанын әсте қаламайды. Әрине, көшбасшылардың ұстанымы осыған саятын болса, жағдайды өзгерту туралы әңгіме айтудың өзі қиын.