14/03/2019
«Қоғам – бәріміз үшін». Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс істейтін мамандар бас қосты
11/03/2019
Живая память. Сталинизм в Казахстане: Прошлое, Память, Преодоление.
11/12/2019

Серік Ирсалиев: Мұғалім еңбегінің құны еліміздегі орта жалақы деңгейінен төмен болмауы тиіс

2018 жылғы тамызда Сорос-Қазақстан қоры «Жастар мұғалім мамандығын неге таңдайды және осы мамандықта қалуға оларды не ынталандырады?» деген зерттеуді жүргізуге қызығушылық білдірді. Зерттеу «Белес» Қоғамдық бірлестігінің жобалық тобымен жүзеге асты. Сорос-Қазақстан қорының қоғамдық саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі Сауле Аманжоловна Қалиқова жобалық топ басшысы, Астана халықаралық университетінің президенті Ирсалиев Серік Әзтайұлымен кездесіп, зерттеу туралы бірқатар сұрақтар қойды.

Сауле Қаликова: Сіз жүргізген зерттеудің мақсаты бүгінгі жастардың ұстаздық кәсіпті таңдау тетіктерін, оларды ынталандырушы факторларды анықтауды көздеді. Зерттеу нәтижесінен не күттіңіз? Жұмыс қорытындысы сіздің болжамға сай келді ме?

Серік Ирсалиев: Алдымен осы зерттеуді жүргізу жөнінде уақтылы бастама көтергені үшін Сорос-Қазақстан қорына алғысымды білдіргім келеді. Күні бүгінге дейін Қазақстан бойынша педагогтардың ұстаздыққа ынталы болудың себептері, жалпы білім беру саласына қатысты ой-пікірі, аталмыш бағыттың қай тұсын жетілдіруді қалайтыны турасында мардымды зерттеу жұмысы жүргізілген емес. Осы аталмыш сауалдарға сауатты жауап ұсына алатын әрі ұстаздарымыз толықтай қатысқан TALIS-2018 халықаралық зерттеуінің нәтижесі 2019 жылдың екінші жартысында бірақ дайын болады, ал ақырғы есеп 2020 жылы жарық көрмек. Сондықтан жас мұғалімдердің ынтасын анықтауға септігін тигізетін жергілікті зерттеу жүргізу мүмкіндігі мені және менімен мүдделес командамды аса қызықтырды.

Әлбетте, біздің әріптес ұстаздар қауымының күнделікті күйбең тіршілікте, кәсіби қызметінде бетпе-бет келетін қиындықтарынан біршама хабардармыз. Бүгінгі қоғамдағы мұғалім мәртебесінің аса жоғары еместігін де анық түсінеміз. Сәйкесінше, сұрақ-жауап, сауалнама мен фокус-топтардың нәтижесі шамамен қандай болатынын алдын-ала сезіп, білдік. Сол себепті де зерттеу жұмысын жүргізу барысында ешқандай таңқаларлық жаңалық болған жоқ.

Алайда, қандай да бір проблеманың қоғамда бар екенін болжап-білу – бір басқа да, оны нақтылау әрі негіздеу, себебін анықтап, салдарын ұғу – мүлдем бөлек әңгіме. Бұл – мәселенің мәнін түсініп, оны қабылдаудың тіптен өзгеше бір деңгейі. Оның үстіне, зерттеу жұмысы аталмыш саладағы айтулы сауалдардың сауатты жауабын алуға әбден септесті.

Сауле Қаликова: Бүгінгі таңда «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасы қызу талқылануда. Аталмыш  заңның ақырғы редакциясында осы зерттеудің нәтижелері ескеріледі деп ойлайсыз ба?

Серік Ирсалиев: 2018 жылдың 5-ші қазанында жарияланған Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында «Мұғалім мәртебесі туралы» жаңа заң даярлау және қабылдау жөнінде Президент бірқатар нақты тапсырма берді. Менің ойымша, ұстаздар қауымы үшін тарихи уақиғаға пара-пар осы құжаттың дайындалу кезеңінің біздің зерттеу жұмысын жүргізу барысына тұспа-тұс келуінің өзі айтулы сәт. Бұл – бір. Екіншіден, бұл заң барлық мұғалімдер мен мектепке дейінгі ұйымдардағы қызметкерлердің мақсат-мүддесін қамтуы қажет десек, біздің зерттеу аталмыш заңды дайындау кезінде педагогтардың ой-пікірін елеп-ескеру үшін пайдалы боларлық негізді материал дер едім.

Біздің зерттеу нәтижелері бірқатар алаңдарда талқыланды әрі барлық жерде оң қабылданды. 2019 жылдың 11 қаңтарында зерттеуіміздің қорытындысы Білім және ғылым министрі мен БҒМ-ның басқа да жетекші мамандарының қатысуымен өткен білім және ғылым, балалар құқығы мәселелеріне арналған Қоғамдық кеңес отырысында талқыланды. Сонда аталмыш министрлікке бүгінде қызу талқыға түсіп жатқан «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасының тәртібін туралау барысында «Учителя Казахстана: почему молодые люди выбирают эту профессию и что их мотивирует оставаться в ней?» атты зерттеуіміздің нәтижелерін пайдалану ұсынылды.

Сондай-ақ, 14 ақпан күні Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің «Нұр Отан» Фракциясы жанындағы Арнайы кеңес пен Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің біріккен отырысында «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасы талқыланды, осы жиын барысында да зерттеуіміздің нәтижелері турасында баяндама жасадық. Біз ұсынған ақпарат аталмыш заң жобасын тұжырымдау тұрғысына да, әрі оның мән-мазмұнын тұщымды етіп туралауға да септігін тизеді деген үміттемін.

Ал 25 ақпанда Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды. Оған Парламент Сенаты депутаттары, Білім және ғылым министрлігінің жетекші мамандары, ҚР барлық облысынан келген аймақтық кәсіподақ көшбасшылары мен өзге де мүдделі тараптар қатысты. Біздің зерттеу жұмысының қорытындысы бұл айтулы шараның алаңынан да тыс қалған жоқ, тіпті бұл жолы толыққанды талқыға да түсті.

Қорыта айтқанда, зерттеуіміздің нәтижелері қоғамның кең талқысынан өтіп, Парламент депутаттары, Білім және ғылым министрлігінің назарына ілігуі үшін қолымыздан келгеннің бәрінің қонышынан бастық. Ендігі кезекте, заң жобасының үкімет ұсынатын нұсқасын күтеміз, әрі бұл заңның қорытынды нұсқасында біздің ұсыныстарымыз ескеріледі деп сенеміз.

 Сауле Қаликова: Дәл қазір бүгінгі мұғалімнің жұмысын өзгертуге мүмкіндік беріле қалса, «үздік» үштіктің тізбегіне не тізер едіңіз?

 Серік Ирсалиев: Бұл сауалыңызға жауап бермес бұрын, қарапайым төрт тезиске тоқталып өтейін:

  1. Өмір сапасы адам капиталының қадірінен биік болмақ емес.
  2. Ал адам капиталының сапасын білім беру жүйесі қалыптастырады.
  3. Білім берудегі сапа ондағы мұғалім мәртебесі мен оның мақсат-мұратының сапасына тәуелді.
  4. Демек, өскелең ұрпақтың болашағы, жалпы бүткіл қоғамның сауаты мен сапасы ұстаздар қауымының қолында.

Дамыған мемлекеттердің мұғалім мәртебесін асқақтатып, сол іске асқан көңіл бөлуінің негізінде осы аксиома жатыр. Олардың тәжірибесіне сүйене отырып, негізгі үш ұстанымын ұсынуға болады:

Біріншіден, мұғалім еңбегінің құны еліміздегі орта жалақы деңгейінен төмен болмауы тиіс. Әйтпесе талантты әрі талапшыл мектеп түлектері ұстаздық кәсіпке қызығушылық танытпайды. Бүгінгі ұстаздардың нәпақасы республика бойынша орта жалақының 65 пайызына тең. Мұғалімдер өз оқушысының ата-анасынан, тіпті жалпы қоғамнан өзін төмен сезінбеуі керек. Олай болмаған жағдайда, ұстаздар қауымынан моральдық құндылық, болашақ үшін жауапкершілік талап етудің өзі бос әңгіме.

Екіншіден, педагогтің кәсіби біліктілігі оның лауазымына, ғылыми атағына сай болуы тиіс. Ол үшін педагог мамандарды даярлау, оларды бұл кәсіп бойынша қызметке қабылдау және мансап жолында өсу жүйесін түбегейлі өзгертуіміз қажет.

Үшіншісі: мұғалімдерді моральдық тұрғыда көтермелеуге, олардың қоғам алдындағы мәртебесін асқақтатуға бағытталған іс-шараларды жетілдіруіміз қажет. Бүгінгі таңда, ұстаздар қауымының өміріне, қызмет бабына арналып түсірілген бірде-бір телехикая, не фильм жоқ. Меніңше, эстрада жұлдыздары, спорт саңлақтары, саяси лидерлер, жалпы басшылар, блогерлер, барлық ел алдында жүрген азаматтар осынау жетістікке жету жолына айтарлықтай себепкер болған өз ұстаздарына деген ықылас-ілтипатын қалың бұқара алдында, тіпті БАҚ беттерінде мүмкіндігінше жеткізуі әрі сонысын әдетке айналдыруы керек.

Қалғаны – біздің зерттеу жұмысы айқындай берген бұл саланың ірілі-кішілі мәселелері. Білім беру жүйесінің осы аталған негізгі үш тағаны тураланатын болса, қалған іліспелі түйткілдерінің түйіні өздігінен-ақ тарқатылатын еді.

Қысқаша ақпарат:

Ирсалиев Серік Әзтайұлы, Астана халықаралық университетінің президенті:

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіне отыз жылдан астам уақытын арнаған С.Ә.Ирсалиевтің ерен де елеулі еңбегі аталмыш саланың академиялық бағытына да (ассистенттен бастап кафедра меңгерушісі, шетелдік студенттермен жұмыс жөніндегі декандыққа дейін) әрі басқару қызметіне де (бас маманнан бастап департамент директоры, комитет төрағасы, білім және ғылым вице-министріне дейін) едәуір сіңді. Ол әр жылдары еліміздің Білім және ғылым министрлігіне бағынышты түрлі ұйымдарды басқарды: Ұлттық тестілеу орталығы және Ақпараттық-талдау орталығы. Ұлттық бірыңғай тестілеу, «Болашақ» бағдарламасы, ҚР Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы (2005-2010; 2011-2020; 2016-2019) сынды білім беру саласындағы ірі бастамаларды жасауға, оны жүзеге асыруға тікелей қатысты. Қазақстан Республикасындағы білім жүйесінің жағдайы және оны дамыту туралы ұлттық баяндаманың (2014-2017) үш  нұсқасын даярлауға жетекшілік етті, сонымен қатар, PISA, TIMSS,  PIAAC, PIRLS және тағы басқа осы сынды білім сапасын айқындайтын алты халықаралық салғастырмалы зерттеуге Қазақстанның қатысуын ұйымдастырды.