25/09/2018
ҚР ҚДМ Қазақстанда Ашық Үкімет бастамасын жүзеге асыруда дәнекер болуға дайын
20/09/2018
Астанада әлемге әйгілі World Press Photo 2018 ең үздік фотожұмыстар көрмесі ашылды
29/10/2018

Алматылықтардың бастамалары қаланы қалай өзгертуде?

2016-2017 жылдары Сорос-Қазақстан қорының «Жаңа азаматтық бастамалар» бағдарламасының қолдауымен жергілікті зерттеушілер, шығармашыл адамдар мен кәсіби мамандар жүзеге асырып жатқан 14 жобаға қолдау көрсетіп келді. Мұндай жобалардың діттеген мақсаты – қалада бірлігі жарасқан орта құру. Алматының орталығынан шалғайда жатқан аймақтарға аялдама орнату, я болмаса, «Тастақ» ықшамауданында театр алаңын жасақтау сынды істі қолға алғанда ауызбіршіліктің болғаны абзал.

Қазіргі уақытта Алматы аудандары мен көшелері көріктендірудің кезекті «көшкінін» бастан кешіруде. Өткен үш жылда қала келбетімен ғана көркейе түскен жоқ, тұрғындары да біраз тұрғыдан өзгере бастады – тіпті, Алматының бүгінгі тұрмыс-тіршілігінің оң беталысының бағыттаушысы дәл осы алматылықтар сыңайлы. Сорос-Қазақстан қоры Urban Forum Kazakstan ұйымымен бірлестікте қолдау көрсеткен жоба авторлары өз зерттеуі мен азаматтық сектордағы жұмыс бабының артық-кемі турасында бізге әңгімелеп берді.

Ирина Медникова, Алматының орталықтан шалғай орналасқан аудандарындағы аялдама кешендерін түгендеу жобасы: «Біз бұрыңғы «Саяхат» автобекеті мен шетте орналасқан көшелердегі қоғамдық көлік тоқтайтын 90 аялдаманы түгендеп шықтық. Әр аялдаманы суретке түсіріп, олардың құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігін растайтын католог даярладық. Әрқайсысы, он шақты критерий бойынша сәйкестік «сынағынан» өтуі тиіс еді. 2017 жылдың қыркүйегінде бұл жобаны қоғам назарына ұсындық та, әлгі катологты Алматы қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мен Алматы қаласын дамыту орталығына тапсырдық. Бұл басқарма өкілдері біздегі зерттеу жұмысы шілде айда жасалғаннан кейін, ескіріп қалғанын, әрі сол уақытта әкімдік 700 жаңа аялдама орнатқанын айтты. Еш ерінбестен, көз көрген ескі аялдамаларды қайта аралап шықтық. Сондағы 90 аялдаманың жетеуі ауысып, үшеуі мүлдем алынып тасталған екен, қалғаны қаз қалпында тұрған болып шықты. Екіжақты байланыс осымен үзілді. Былтырғы қазан айынан бері Көлік басқармасының мамандарымен кездесуге тырысып жатырмыз, ай сайын Алматы қаласын дамыту орталығына шағым түсірумен келеміз».

 Әділ Әжиев, «Архкод» жобасы: «Алматы әкімдігінің Сәулет және құрылыс басқармасымен жақсы серіктестік орната алдық. Қаланың әртүрлі ауданындағы тозығы жетіп, құлатуға дайын тұрған 945 үйдің бірқатарын, әсіресе кірпіштен соғылғандарын сақтап қалуға болады. Сондай үйлердің тізімін басқарма өкілдеріне тапсырдық. Мұндай ғимараттарды сәулет ескерткіштерінің тізіміне енгізуге болады, алайда ол үшін оның көнерген мұра болатынын дәлелдейтін көлемді база жинақтау қажет. Кез келгеніміз ішкі қалауымызды қанағаттандыру үшін қандай да бір ғимаратты мемлекет қорғайтын сәулет тізіміне енгізе қоятын оңай дүние емес бұл. Жаңағы дәлелді жұмыстардың негізін осы ғимараттардың құнды екенін растайтын фактілер мен критерийлер құрауы тиіс.

Қазіргі уақытта қала тұрғындарын шешім қабылдау ісіне тарту жұмыстары мен қоғамдық шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Бірқатар сарапшылар кездесуін өткіздік. Таңдау критерийлері мен құндылықтарын анықтауды мықтап қолға алдық. Осы тұста ағылшын сарапшыларымен бірқатар дәріс өткізгенімізді атап өткен жөн. Facebook желісінде арнайы топ құрдық, ақпараттық серіктестеріміз аудиториямен байланыс орнатуға көмектесіп жатыр. Бұл іске қоғамның көбірек қатысқанын қалаймыз. Ең бастысы – осы».

 

Сергей Васильев, Алатау ауданындағы Қарасу көлін көріктендіру жобасы:

«Алғаш өтініш толтырып жатқанымда, біздің жоба өзгеге үлгі болады-ау деген үш ұйықтасам да, түсіме кірмеген. Әу баста, бұл – осы аймақта тұратын тұрғындардың көмегімен атқарылатын жергілікті жоба болатын шығар, әрі кетсе ауданның әкімдігі араласып, өз ресурсын қосатын болар деп қана ойладым. Алайда, нәтижесі бөлек боп шықты: біздің жоба туралы білген жұрттың қарасы көбейіп, біз әу баста діттеген межеден асып түстік. Бізге «Бағанашыл», «Фабричный» сынды басқа да ықшамаудан тұрғындарынан ұсыныстар түсуде. Біздің жобамызды ұнатып, соның баламасын жасағысы келетінін айтуда. Әлбетте, тұрғындардың ұсыныс-пікірі маңызды, сондықтан олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуіміз керек, әрі ортақ іс қоғам санасының өзгеруіне әкеледі.

Ендігі кезекте, жобамыздың ауқымын кеңейту ойда бар. Біріншіден, біздің жұмыс экологиямен байланысты десек, бұл сала қашанда өзекті. Екіншіден, бұл жоба өзен-көл, су қоймаларына қатысы бар. Бірі білсе, бірі білмес, Алматының төменгі бөлігінде 26-ға жуық өзен, он шақты көл бар. Өз тәжірибемізбен бөлісу мақсатын нұсқаулық әзірлеуді ойластырудамыз. Мұнда біздің жұмыс барысында тап болған тиімсіз, я болмаса оңтайлы тәсілдер, іс-шаралар турасында жазамыз.  Мәселен, балалармен жұмыс. Бала көңілі кез келген жаңа дүниеге ынтық болады, сол арқылы олардың ата-анасымен оңай байланысқа шыға аласыз. Десек те, осы тұста біз бой алдырған қателіктер де жоқ емес. Сол турасында тұрғындарды құлақдар еткіміз келеді.

Әлі күнге дейін Қарасу маңын көріктендіру керектігін осы ауданның барлық тұрғындарына толыққанды түсіндіріп, оларды түгелдей көндіре алмай келемін. Бұл аймақтың өкілдерімен атқарылған былтырғы жұмыстың нәтижесінде биыл амфитеатр салынды. Аса көрікті нысан – амфитеатр құрылысы біздің жобаға жаңа адамдардың атсалысуына көп септігін тигізді. Біздің командаға бұрын-соңды көрмеген азаматтар да келіп қосылып жатты. Сондай-ақ, «мұндай істердің бәріне қала билігі жауапты» дейтін кеңестік дәуірдегі түсініктің әлі де бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, тұрғындарды сенбілікке шақырсам, олар бұл ұсынысымды мәжбүрлеп істететін кеңестік сенбілік сипатында қабылдайды. Егер оларды «Асарға» (қазақтың кез келген шаруаны жұмыла істеуге үндейтін жақсы дәстүрі, мұнда бір топ адамдар жиналып, бір шаруаның жылдам бітуіне көмектеседі) шақырсам, ешқандай да түсінбеушілік болмайды. Жаз айларына жергілікті тұрғындарды асарға шақырғанда, біз күтпеген адамдар келіп, көмек қолын созып қуантқан еді. Сондықтан, азаматтармен байланыс орнатудың ең оңтайлы тәсілін табу аса маңызды».

 Ася Тулесова, ауаның ластануына мониторинг жүргізетін АUAGroup жобасы:

«AUA қарапайым мобильді қосымшадан сайт жүргізуге ұласқан жоба. Мұнда Қазақстан мен әлемдегі ауаның ластануы жайында жазамыз. Бүгінде мемлекеттік органдармен жұмыс істейміз, 2018 жылдың тамыз айынан бастап біздің мониторинг нәтижелері Қазгидромедтің қоршаған орта жағдайын көрсететін бүктемелерінде жарияланып тұрады. Бұл – біз үшін маңызы зор кішігірім жеңіс.  Павел Александровпен де байланыстамыз, оны құралдарын тізілімге тізіп қойдық, тексеру үшін пайдаланып жүрген бірнеше сенсорларды да жіберіп қойдық. Бұл құралдар қайтып келгенде, ондағы мәліметтерді де бүктемелерге жариялауға болады. Бұл – өте маңызды, өйткені бүгінде мемлекеттік органдар мен біздегі мәліметтер көбіне сәйкеспей жатады. Біздегі ақпар жағдайдың мәз еместігін көрсетіп отыр. Бұл мемлекеттің қоршаған ортаны қорғау жөнінде ауқымды шаралар атқаруына түртік болуы ықтимал.

Экологиялық мәселелерден қашып құтыла алмайтынымызды түсінетін уақыт жетті. Бізді тыңдайтын, қолдайтын тарап бар. Біз немесе «Зеленое спасение»  секілді экологиялық ұйымдар қоршаған ортаның шешілуі тиіс маңызды әрі қауіпті мәселелерін көтеріп жүр. Ең бастысы – азаматтар үнсіз қалмауы қажет. Сіздің қаладағы көңіліңізге жақпайтын қандай да бір проблеманың бар екенін білсеңіз, көрсеңіз, оны тиісті жеріне жеткізетін амал-тәсілін қарастырыңыз. Бұл ҮЕҰ-мен байланысқа шығыңыз, немесе әкімдікке хат жазыңыз. Негізгі мәселелердің бірі де бірігейі – біздің тұрғындардың енжарлығы».

 Евгения Апкеева, «Тастақ» ықшауданындағы «Театр соседей»  жобасы:

«Бастапқыда бір кезеңге ғана – тек мамыр мен қазан айларындағы жылыжай маусымға жоспар құрғанбыз. Көрермен қауымды жинап, олармен танысудың сәті түсетінін түсінсек те, бізді қалай қабылдайтынын білмедік. Десе де, алдын-ала жүргізілген сауалнамада тұрғындар мұндай мәдениет орнының қажет екендігін жақсы көрсетіпті, өйткені бұл ауданда осы тектес бірде-бір жоба жоқ-тын. Расында, біз бұл аймақтың тұрғындары соншалықты белсенділік танытатынын әсте білмеген едік. Нәтижесінде, біз күткен болжам өз межесінен асып түсті. Біріншіден, бұл жоба бір жылға созылды; екіншіден «Тастақ» тұрғындарынан труппа жасақталды, олар апта сайын жеке «қойылымдарымен» келіп тұрады.

Жобаның мерзімі ұзаратынын түсінгенде, біздің команда мен тұрғындар арасындағы байланысты ұстап тұрудың қиындығын да сезінген едік. Бұл процесстің барлық қатысушыларымен арнайы келісімге келудің маңызын да түсіндік. Өйткені, бұл жобаның қайда бағыт алғанын, біздің қатысуымызды осы шарадан алып тастаған жағдайда не болатынын алдын-ала білу қажет еді. Содан біз, тұрғындар мен әкімдік арасында үшжақты меморандумға қол қойдық. Осы арқылы кім не істейтінін айқындап алдық. Мәселен, труппа мүшелері сахнаны тазалап, аптасына бір рет дайындыққа келіп тұрады».