25/04/2017
Urban Talks – жаңа идеялар алаңы
10/11/2016
Александра Цай: Қазақстанда қуғын-сүргін тақырыбы ешкімді бей-жай қалдырмайды.
30/05/2017

Әрбір мұғалім инклюзивтік білім беруді және оның технологияларын меңгеруі тиіс

Қазақстан Республикасындағы білімді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға қарай мектептердің 70 % инклюзивтік болуы тиіс. ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жж арналған мемлекеттік бағдарламасына сай, тең жағдай мен кедергісіз ортаны қамтамасыз ететін ЖОО-ның үлесі 2017 жылы 25%-ға, ал 2019 ж – 100%-ға тең болады. 

 

Бұл мақсатқа жету үшін ұстаздардың дайындығы мен біліктілігін көтеру жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізу керек. 2013 жылдан бастап Сорос-Қазақстан қоры осы бағытта бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Осы уақыт аралығында салада орын алған өзгерістер туралы серіктестеріміз, «Жалпыға арналған мектеп» ҚБ-нің өкілдері Гүлбадан Закаева мен Айгүл Ысқақова бөлісті.  

  • Гүлбадан, Айгүл, біздің Қорымыз тарапынан қолдауға ие болған жоба туралы айтып беріңізші. Соңғы 4 жылда инклюзивтік білім беруге ауысу барысында ұстаздарды дайындау жүйесіне қандай өзгерістер орын алды? 

Гүлбадан Закаева: Сорос-Қазақстан қорының қолдауына ие болған «Инклюзивтік білім берудің арнайы курсы» жобасын 2013 жылдан бері жүзеге асырып келеміз. Мақтанғаным емес, бірақ біздің жобамыз бірегей және ерекше жобалардың бірі – осы уақытқа дейін елімізде инклюзивтік білім беру саласында оқытушыларды ешкім оқытқан емес. Жобамыздың мақсаты – Қазақстандағы педагогикалық ЖОО-ларда инклюзивтік білім беру курсын ендіру арқылы елімізде инклюзивтік білім беру идеясын дамыту. Алайда жоба аясында біз тек ЖОО-ларда ғана емес, сондай-ақ педагогикалық колледждерді де, ал кейбір аймақтарда ұстаздардың біліктілігін арттыру институттарын да қамтыдық. Жоба аясында Қазақстанның ЖОО педагогикалық оқытушыларына арналған инклюзивтік білім беру курсын оқытудың әдіснамасы мен стратегиясы бойынша оқыту тренингтерінің сериясын алғашында орыс тілінде, кейінірек қазақ тілінде де (2015 жылдан бастап) өткізе бастадық. Барлығы 2013 жылдан 2016 жылға дейін 8 тренинг өткізілді, оған еліміздің педагогикалық университеттері мен колледждерінің 350 оқытушысы қатысты.

Айгүл Ысқақова: Жобаны жүзеге асыра бастаған сәттен бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жоба серіктестерінің бірі болды. Университеттің жанында оқу-әдістемелік секция (ОӘС) бар, онда Қазақстанның ЖОО-ның педагогикалық мамандықтарына арналған білім беру бағдарламаларының барлығы қабылданып, бекітіледі. Біз Гүлбаданмен бірге, оқыту әдістемесі мен оқу бағдарламасын әзірлеуден үлкен тәжірибе жинақтай отырып, ОӘС мүшелерінің талқысына жоба аясында болашақ ұстаздарды дайындау үшін «Инклюзивтік білім беру» курсы бойынша әзірленген оқу құралын ұсындық. Біздің ұсынысымыз оң бағасын алып, нәтижесінде, мамандық бойынша «Білім беру» топтарының бағдарламасына «Инклюзивтік білім беру» пәні (2 кредит) қосылды. Енді бұл пән еліміздің ЖОО-ларындағы педагогикалық мамандықтардың барлығы үшін міндетті пән ретінде қосылды. Оқытушы қандай пәнді  оқытатынына (математика, тарих, физика және т.б.) қарамастан, олардың сыныбында не сабағында ерекше қажеттіліктері бар оқушылар болуы мүмкін. Сондықтан да әрбір ұстаз мамандығына қарамастан, инклюзивтік білім беру саласындағы білім мен технологияны меңгеруі тиіс.

  • 2015 жылдан бастап тренингті қазақ тілінде өткізе бастадыңыздар. Осы салада қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер, қандай мәселелер мен кедергілерге тап болдыңыздар?

 

Гүлбадан: Өзіңіз білетіндей, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесі 2020 жылға қарай 95 пайызды құрауы тиіс.   Қазіргі күннің өзінде Қазақстанның ЖОО-ында оқу сабақтарының 80%-ы мемлекеттік тілде өткізіледі. Сондықтан да ҚР аймақтарында қазақ тіліндегі инклюзивті  білім беру технологиясы бойынша тренингтер өте маңызды әрі қажет.

Өкінішке орай, еліміздің ЖОО-ларына арналған қазақ тіліндегі материалдарға тапшылықтың өте жоғары деңгейде екені жасырын емес; силлабус және жұмыс бағдарламасы тек қана орыс тілінде болып келді.  Жоба аясында, өзіміз дайындаған «Инклюзивті білім беру негіздері» оқу құралын және оған қосымша барлық әдістемелік материалдарды қазақ тіліне аудардық. Аударылған материалдардың барлығы республиканың ЖОО-ларының кітапханаларына жіберілді.

Тұңғыш рет қазақ тіліндегі тренингті біз 2015 жылы Ақтөбе қаласында  30 мектеп мұғаліміне өткіздік. Кейінірек дәл осындай тренингті біз еліміздің оңтүстік  (35 ұстазға) және шығыс (30 ұстазға) аймақтарында өткіздік. Биыл да осы саладағы жұмысымызды жалғастырамыз, алайда «Тренерлерге арналған тренинг» форматында өткіземіз. Мұндай әдіспен дайындалған қазақ тілді мамандар біздің бастаған жұмысты жалғастыратын болады деп үміттенеміз.

Инклюзивтік білім беру терминдерінің қазақ-орыс тілдеріндегі глоссарийі тұңғыш рет дайындалғанын айрықша айтып кеткім келеді. Қазіргі уақытта ол өте үлкен сұранысқа ие.  Сонымен қатар,  қызығушылық танытқан барлық тараптар үшін қазақ тіліндегі материалдарды inclusion.kz сайтынан табуға болады.

  • Үлкен шаруа атқарып жатырсыздар. Тренингтер өткізіп келесіздер, материалдарды аударасыздар, оларды университеттердің кітапханаларына таратасыздар. Сонымен қатар, еліміздің аймақтық ЖОО-ларында инклюзивтік білім беруді үйлестіру жұмыстарына атсалысуға мүмкіндіктеріңіз болады ма?

 

Айгүл:  Еліміздің аймақтарындағы ЖОО-ларында инклюзивтік білім беруді үйлестіру жұмыстарын инклюзивтік білім беру координаторлары атқарады. Бүгінгі таңда бұл позиция барлық ЖОО-ларда болмаса да, көпшілігіне енгізілген.  Республиканың 3 (үш) ЖОО-нда арнайы Инклюзивтік білім беру орталықтары құрылған (М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Еуразия ұлттық университеті, Халықаралық іскерлік университеті). Абай атындағы ҚазҰПУ-нде Инклюзивтік білім берудің республикалық ресурстық-кеңес беру орталығы жұмыс істеп жатыр, ол ҚР барлық ЖОО-ына консультациялық қолдау көрсетіп отырады. Екі жыл бұрын біздің инклюзивтік білім беру жобасы аясында Алматыда Ресурстық орталықтың аймақтық координаторларына арнап семинар-тренинг өткіздік. Осы шараға республиканың ЖОО-нан 22 өкіл қатысты.

  • Соңғы үш жыл ішінде тренингтерді белсенді өткізіп келесіз, «Инклюзивтік білім беру негіздері» курсы педагогикалық мамандықтардың студенттерінің барлығы үшін міндетті пән болып енгізілді, Инклюзивтік білім берудің республикалық ресурстық-кеңес беру орталығы жұмыс істейді, ұстаздардың ерекше студенттермен жұмыс жасау тәжірибесі бар. Осы ретте, ерекше қажеттілігі бар студенттердің өзінде өзгерістер байқалады ма?

 

Айгүл: Ең бірінші, педагогтардың өзі өзгергенін айта кеткім келеді. 2013 жылы жұмысымызды енді ғана бастаған кезде, инклюзивтік білім беру туралы түсініктің тек аздаған педагогтардың бөлігінде ғана бар екенін түсіндік. Жұмысымыздың нәтижесінде ЖОО ұстаздарының басым бөлігі инклюзивтік білім беру саласындағы заманауи білім мен тұжырымдамалық идеяны игерді. Олар ерекше студенттердің қажеттілігі мен талаптары үшін өздерінің оқу материалдарын бейімдеуді үйренді.  Ерекше қажеттіліктері бар студенттердің қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, Абай атындағы ҚазҰПУ-де ерекше қажеттіліктері бар 46 студент білім алуда.

Бүгінде бұл саладағы басты мәселе – ерекше қажеттіліктері бар студенттердің барлық білім беру орталықтарына емін-еркін физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Қателеспесек, бұл талаптарға Алматыда тек екі ЖОО жауап береді. Олар – КИМЭП және Сорбонна-Қазақстан университеті.

Сондай-ақ он екі мүшесі түгел студенттердің ерекше қажеттіліктері бар студенттерге деген қарым-қатынасы өзгергенін атап өту керек. Бұған инклюзивтік білім беру бойынша сабақтардың үлесі бар деп сенеміз. Алайда, ерекше қажеттіліктері бар студенттердің өзінде қандай өзгерістер болғанын, өкінішке қарай, мен дөп басып айта алмаймын.  Студенттердің арасында мұндай сауалнама жүргізгеніміз жоқ, сондықтан да әлдене деп кесіп айту қиын. Дегенмен, біз сіздерді Инклюзивтік білім беру орталығына келуге және студенттердің өзімен тілдесіп көруге шақырамыз.

  • Бүгінгі таңда, еліміздің ЖОО-лары инклюзивтік білім беруді жүзеге асыру процесінде қандай мәселелермен бетпе-бет кездесіп отыр деп ойлайсыз?

 

Гүлбадан: Осы салада орын алып жатқан оң өзгерістерге қарамастан, әлі күнге дейін шешімін таппаған бірқатар мәселелер бар. ҚР ғылым мен білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ЖОО-лардың барлығына ерекше қажеттіліктері бар студенттердің білім беру және тұрмыстық объектілерінің барлығына физикалық қолжетімділікті қамтамасыз ету қызметін кезең-кезеңімен ұйымдастыру қажет. Екіншіден, түрлі шектеулері бар студенттердің қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары оқу орындарының бағдарламасын жаңарту жұмыстарын жүйелі әрі мақсатты түрде жалғастыру қажет.

Үшіншіден, инклюзивтік білім беруді ендіру барысында әлеуметтік-психологиялық аспектілері әлі де өзекті болып отыр. Атап айтқанда,  ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттері мен олардың ата-аналары интеграцияны қабылдаудан бас тартқан кезде, әлі де түрлі стереотиптер мен жөнсіздіктер орын алып отырғаны байқалады.

  • Ерекше қажеттіліктері бар студенттермен жұмыс жасау барысында көмектесе алатын әмбебап үш ережені айта алар ма едіңіз?

 

Гүлбадан: Әмбебап ереже бар деп мен айта алмаймын, дайын қағидалар да жоқ. Педагогтар әр студенттің сұранысы мен мүмкіндігін түсінуге тырысуы, олардың қажеттеліктерін зерттеуі және ашық бола білуі керек. Шындығында, барлығы да тәжірибемен келеді әрі адамның ниеті мен шынайылығына байланысты.  Дегенмен, ең бастысы, қарым-қатынас «педагог – студент» деңгейінде емес, «тең теңімен» дәрежесінде құрылуы керек деп ойлаймын. Егер арнайы машықтар туралы айтатын болсақ, әрине, бұл әрбір студенттің ерекшелігін ескере отырып, оқу материалдарын бейімдеу мен модификациялай алу қабілеті.  Осы жерде бізде инклюзивтік білім беру дегеніміз сыныпқа айрықша қажеттілігі бар баланы қосу деген қате түсінік бар екеніне назар аудартқым келеді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Шындығында, әрбір балаға жеке жол табу керек, себебі әр баланың/студенттің өзінің дербес ерекшелігі мен қажеттіліктері болады. Мәселен, дарынды балалар да ерекше қарым-қатынасты талап етеді.

  • Гүлбадан, Айгүл, атқарып жатқан жұмыстарыңызға алғыс білдіре отыра, сөзімізнің соңында, болашақтағы жоспарларыңыз туралы білгім келіп отыр?

 

Гүлбадан: Жоспар өте көп. Биылдан бастап жобамыз инклюзивтік білім беру саласындағы  тренерлерді дайындауға бағытталған. Жобаның басты мақсаты – біздің тренингті тәмамдаған әр ұстаздың өзі тренер болып, өз аймағындағы өзге мұғалімдерді, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметкерлерін, ЖОО оқытушыларын үйретуі тиіс.

Айгүл: Қазіргі уақытта біз инклюзивті білім беру менеджментіне көп көңіл бөлсек дейміз.  Егер балабақшаның, мектептер, институттардың басшылары инклюзивтік білім беру саласындағы  тиісті оқытудан өтіп, заманауи білім мен машықты игерсе, өздерінің оқу орындарына қабылдайтын айрықша қажеттілігі бар балалардың саны сөзсіз өсетін болады. Және мұның пайдасы барлық балаларға, олардың отбасы мен педагогтарға тиетін болады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға деген қоғамның қарым-қатынасы өзгеретін болады, ерекше қажеттіліктері бар балалардың мүдделері мен құқықтарын қорғайтын қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы іскерлік қатынас орнатылып, дамитын болады.

 

Беседовала Айнель Кайназарова,

Координатор по связям с общественностью ФСК